• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    «Қайрат» футбол клубы

    «Қайрат» пен «Пафос» тең есеппен тарқасты

    Алматыда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші тур аясында «Қайрат» пен Кипрдің «Пафос» футбол клубтары ойнады.

    Бұл матчта гол соғылған жоқ. Ойын тең аяқталып, есеп 0:0 болып тіркелді. Ойында командалардың гол салуға мүмкіндіктері бірдей болды. Десе де қарсыластар соңғы сәтте теңбіл допты торға тоғыта алмай жатты. Жалпы, командалар жақсы ойын өрнегін көрсетті. «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбек бірнеше сейв жасап, командасын голдардан құтқарып отырды. «Пафостың» қақпашысы да керемет ойын үлгісін көрсете білді.

    Қысқасы, бұл матчты қақпашылардың ойыны деуге болады.

    Бірінші турда «Қайрат» сырт алаңда Португалияның «Спортинг» клубынан 1:4 есебімен, ал екінші турда Алматыда Мадридтің «Реалынан» бес гол жіберіп, ірі есеппен жеңілген еді.

    Кипрдің «Пафосы» бірінші турда Грекияның «Олимпиакосымен» 0:0 есебімен тең ойнап, екінші турда өз алаңында Германияның «Бавариясына» 1:5 есебімен есе жіберді.

    Алматының командасы келесі кезеңдерде «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Олимпиакос» (Грекия), «Брюгге» (Бельгия) және «Арсеналмен» (Англия) ойнайды.

    Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне барлығы 36 команда қатысады.

    Турнир 16 қыркүйекте басталды. Соңғы — сегізінші тур 2026 жылғы 28 қаңтарда болады. Плей-офф кезеңі 16-18 ақпан аралығында басталып, 1/8 финал 10-11 наурызда, ширек финал 7-8 сәуірде, жартылай финал 28-29 сәуірде өтеді. Финалдық матч 30 мамырға жоспарланған.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *