• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Елден шыққан ерлердің бірі

    Ералы Жалмағанбетұлы туралы бір үзік сыр

    Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл болады. Мұндай соғыс жер-жүзінде бұрын-соңды болмаған. Ол адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін алған алапат соғыс болып қала береді.

    Бұл соғысқа миллиондаған отандасымыз секілді Жалмағанбет Елдесұлы бабамыздың  алты ұлы мен немересі де қолына қару алып, қатысқан. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда аталарымның анасы Бәтима әжем осының бәрі уайымдап өткен екен. Ол соғысқа барлығын шығарып болған соң, енді кезек өзінің немересі, менің атама келгенін естігенде қара жолда құлап, содан төсек тартып, тұра алмай қалыпты. Мұны маған әкем, қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалин айтқан еді. Әкем аталарым туралы жиі айтатын. Олардың бәрі хат таныған, оқыған, сауатты болған дейтін.  Осылардың ішінде соғыстан Ералы, Кенжебай Жалмағанбетұлы мен атам Омар Кенжалыұлы оралған. Ал Кенжалы, Сералы мен Оспан аталарым соғыстан қайтпады. Арғы атам Кенжалының бір ұлы мен қызы (Ханшайым апам) болған. Оның ұлынан біз тараймыз. Сералы атамнан Олжабай деген ұл туған. Оспан атам майданға жас кетіп, отбасын құрмады. Егер осы үш атам соғыстан аман-есен келгенде олардан талай ұрпақ тарайтын еді. Бір кем дүние деген осы.

    Көзкөрген адамдардың айтуынша, олар өз істеріне шебер, сауатты, білімді, мінезді, шаруаға мығым, қайратты кісілер болған. Оспан атамыз құралайды көзге атқан мергендігімен танылған екен. Ал Қали, Кенжебай аталарым мен көкем туралы мәліметтерді кітапқа бердік. Олар жинақта бар. Енді Ералы атам туралы айтсам, ол 1900 жылы Торғай даласында талай тарихи оқиғалардың орны болған Сарыторғай елді-мекенінде, қазіргі Қостанай облысы Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылында туып, өскен.

    –Менің әкем Сарыторғайда туған. Әкем бала кезінен зерек болып, әріпті ерте танып, еңбекке де ерте араласқан. Жалмағанбет Елдесұлы атамыз елге қамқор, жанашыр, қолы ашық кісі болған дейді. Атамыздың емшілік қасиеті болып, төңіректегі елді емдеумен де айналысқан. Ол Бәтима әжеміз екеуі балаларының оқуына, білім алуына, тәрбиесіне көп көңіл бөлген екен. Сол себепті алты ұл мен қызы Әйнек апамыз  жақсы тәрбие алып, еңбек еткен. Әкем де жұмысына тиянақты, шаруаға мығым болып өскен, – дейді Ералы атамыздың ұлы Тұрсынғабыл көкем.

    Ералы Жалмағанбетұлы 1930-жылдары бабам қайтқанда бауырларымен бірге шаруашылықта жұмыс істеді. Содан кейін соғысқа аттанды. Сол кезде тағдыр ағайындарды батыр бабалары, Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған Төлек Жәуке Назарғұлұлы сияқты майданның төрт бұрышына шашыратып жіберді. Ералы атам  1942 жылы Амангелді әскери коммисариаты арқылы әскерге шақырылып, Украина, Белоруссия майданына қатысқан. Соғысқа қатысқандағы ерліктеріне орай «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да бірнеше орден-медальдармен марапатталған.  Майданнан елге оралғаннан кейін шаруашылықта еңбек етті. Жұбайы Насиха Сұлтанғазықызы екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Атамыз ұзын бойлы, денелі, нағыз қара күш иесі болатын.

    –Әкеміз еңбекқор кісі еді. Өзім ауылда ұзақ уақыт механизатор болып жұмыс істегенмін. Әкем бізді еңбекке баулып өсірді. Мен 1966 жылы әкем қайтыс болғанға дейін жанында жүріп одан көп нәрсе үйрендім. Қайда жұмыс істесе де өз ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығын көрсетіп жүрді. Анам Насиха Сұлтанғазықызы да сондай кісі болды. Ол 1977 жылы өмірден өтті. Біздің үйдің тұңғышы – Күләш апам. Оның Талғат, Сұңғат, Жанат, Қайрат, Қизат, Сәт пен Саят балалары бар. Жүрсінқабыл інім 2005-жылы қайтты. Қазір оның балалары Алмат, Қайрат, Арай астанада жұмыс істейді. Менен кейінгі Жәмила, Зағила, Күлтай мен Күлпаш қарындастарым астана, Арқалық, Теміртау қалаларында тұрып жатыр. Жәмила 2015 жылы қайтыс болды. Қазір оның Медет, Көркем, Гүлжан, Назгүл, Мелс деген ұл-қыздары да отбасылы болып отыр. Зағиланың Самат, Таңат пен Азамат деген балалары да ер жетіп, үлкен азамат болды. Күлтайдың балалары Қабижан, Нұрымжан, Батыржан, Күлпаштың ұл-қыздары Әйгерім, Көркем, Гүлдерай, Өмірсерік пен Берік те өз алдына бір-бір үйдің иелері. Ал біздің Шәмшия екеуміз тәрбиелеген төрт баламыз бар. Үйдің үлкені Бағдат, екіншісі Жадыра, одан кейін Бекзат пен Жазира.

    Бізге ата-анамыз отбасында жақсы тәрбие берді. Олар кішіпейіл, мейірімді, қарапайым, елге жанашыр кісілер еді. Жалпы, бұрынғының адамдары сондай еді ғой. Бәріміз туған-туыспен, ағайын-бауырмен тату-тәтті өмір сүрдік. Әкем шаруашылыққа белсене араласып жүрді. Ел ішінде бастамалар көтеріп, халыққа пайдалы істермен айналысты. Бір өзі бөгет салған. Қазір ол біздің Қызылжұлдыз ауылының маңайында тұр. Оны жұрт «Ералы бөгет» деп атайды, – дейді Тұрсынғабыл Ералыұлы.

    Біздің Ералы атамыз туралы Тұрсынғабыл көкемізден сұрап, білгеніміз осы. Атамыздың өмірлік өлшемінің басты қағидасы, ұстанымы – кішіпейілділік пен қарапайымдылық, жанашырлық пен жауапкершілік, адалдық пен азаматтық болыпты. Осы мінезімен ол үлгілі әулиет иесі атанып, ұрпақ өсірді. Жан жары Насиха Сұлтанғазықызы екеуі бала тәрбиесіне зор көңіл бөліп, оларды отаншыл, елжанды ұл-қыз етіп өсіруге күш салды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    журналист, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *