• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тектіден текті туады

    Бүгінгі сенбі қуанышты жаңалықтармен жанымызды қуантты. Қазақтың аты әйгілі комментаторы, белгілі спорт журналисі Диас Ілиясұлы Омаровтың өміржолына арналған тамаша бір кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартып отыр. «Вел репортаж Диас Омаров» деген атпен жарық көріп отырған естелік-эсселер жинағы, атақты комментатордың қазақ спортындағы елеулі еңбектері сағынышпен еске алынады.

    Менде әйгілі ағамен спорт журналистикасында көп жылдар бойы қасында жүріп, тәрбиесін көрген шәкірттерінің бірі ретінде бұл кітапқа өз естелігімді қалдырған едім. Айтулы кітапты белгілі спорт журналисі Әлім Анапиянов пен танымал режиссер Мейірхан Әшірбектер бірігіп жазып шығарған екен. Кітап тамаша, тартымды естеліктерімен құнды.

    Менің бір айтарым, ел ішінде салауатты өмір салтын өмірінің соңғы сәтіне дейін ұстаған бір адам болса, ол – Диас ағамыз. Жарықтық, қашан көрсең ақжарқын күлкісімен, сиқырлы әдемі дауысымен адам жанын баурап алушы еді. Сосын мен ол кісінің ешқашан ашуға салып, біреуге дауыс көтергенін естіген де көрген де емеспін. Өмір бойы қасында бірге жүріп комментаторлық саланы бірге игерген досы Рабат Жәнібеков ағамыз да осындай досының атында кітап шығып, жарыс өтіп жатқанда үйде отырмай, қуанышты бөлісуге келіпті.

    Рабат ағамыз да досы туралы сағынышты естелігін ақпарат құралдарына жақсылап шерін тарқата айтып берді. «Тектіден текті туады», демекші, әкесі Ілияс Омаров кезінде Қаз КСР-нің Мәдениет министрі болып тұрғанда көптеген қиналған жандарға қамқорлық жасаған, жомарт жүрек тұлға болған екен. Әзіл айтса да дөп айтатын керемет жан болса керек. Диас ағаны соңғы рет мен «Динамо» стадионынан шығып келе жатқанда көрген едім. Сонда ағамыз жасы сексенге жетсе де әлі доп теуіп, салауатты өмір салтын дәріптеп жүрді.

    Жарықтық, ерекше туған жан еді. Жұмсақ, жарасымды әзілдері де тек өзіне ғана жарасып тұратын. Алланың рахымына бөленіп алды пейіш, арты кеніш болсын деген тілеуді айтамыз. Міне, бүгінгі жарық көріп отырған кітабының тұсаукесеріне орай, футболдан «Қайрат» клубының ардагерлері мен журналистерден жасақталған құрама команда ойын алаңында кездесті. Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Мұндайда достық жеңді деп жатады емес пе. «Қайрат» құрамасында кезінде жасыл алаңда теңдесіз өнерімен жанкүйерлерін тәнті еткен Вахид Масудов өнер көрсетті. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпепті», демекші, Ваха әлі сол бабында сияқты. Ойын соңынан жиылып естелік суретке түсудің сәті келді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *