Венгрияның астанасы — Будапешт қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Пойяк Имре мен Варга Янош мемориалының екінші күні ел қоржынына1 күміс, 3 қола жүлде түсті.
Атап айтар болсақ күміс жүлдеге ие болған 61 келідегі Өсімжан Дастанбек. Ол финалда Албания елінің өкілі Зелимхан Абакаровқа есе жіберді. Осы салмақта жерлесіміз Асылжан Есенгелді грузин Шота Партенадзеден басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Тағы бір балуанымыз Владимир Кудрин екінші қола жүлдеге таласу керек болатын. Отандасымыздың жарақат алып қалуына байланысты жеңіс АҚШ балуанына берілді.
70 келідегі Санжар Досжанов қола медаль үшін өткен белдесуде Иран балуаны Амир Язданидан 5:0 есебімен басым түсіп, ел қоржынына екінші қола жүлде салды. 79 келіде қола жүлде үшін Данияр Қайсанов өзінің командаласы Нұрдәулет Қуанышбайдан 7:4 есебімен айласын асырып, үшінші қоланың иегері атанды.
Өкінішке қарай, әйелдер күресінен бүгін сынға түскен Ирина Кузнецова (62 келі) мен Елена Шалыгина (68 келі) жүлдеден тыс қалды.
Енді бозкілемде әйелдер күресінен 55, 59, 65, 72 және 76 келіде белдесулер өтіп, Марина Седнева және Жамила Бақбергенова жолына үмітен қарайтын боламыз. Сонымен қатар грек-рим күресінің балуандары 55, 60 және 63 келіде мықтыларды анықтайды.
Аспандияр ЕСЕНЖОЛОВ,
ФОТО: Күрес түрлері федерациясы