• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Facebook.com

    Қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик Рәпия Халықованың құрметіне мұражай ашылды

    Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен ауылында қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик, КСРО кинематографиясының үздігі, «Құрмет», «Октбярь революциясы» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының құрметті киномеханигі Рәпия Халықованың құрметіне мұражай ашылды.

    Рәпия Халыққызы ашаршылықта дүниеге келіп, сұрапыл соғыс жылдарында өмірге қадам басып, мәдениет саласында 36 жыл еңбек еткен. Сол қызметі үшін КСРО кинематографиясының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанды. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаеваның айтуынша, Рәпия апамыздың атындағы мұражай – қазақ киносынан мағлұмат беретін құнды мәдени орда болатыны сөзсіз. Жастарға рухани-мәдени қазына беретін үлкен мұра. Сәдібековтер әулеті өз қаражатына ашты.

    Осы істің басы-қасында Рәпия Халыққызының ұлы белгілі журналист Ақын Ордабайұлы жүрді. Оның айтуынша, мұражайға анасының көзі тірісінде қолына ұстаған заттары мен тарихи құнды жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар мұражайдың бір бұрышына қазақтан шыққан тұңғыш киномеханиктің өмірлік жары болған Қазақ КСР Оқу-Ағарту ісінің үздігі, Ұлы Отан соғысының ардагері, алғаш болып Қордай аудынының құрметті азамат атағын алған жанның бірі, 40 жыл ұстаздық етіп бала оқытқан Ордабай Сәдібеков туралы да мұражай ашылып, көрермендердің назарына ұсынылған.

    Мұражайдың ашылу салтанатына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, Қордай ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы Біржан Әлімбетовтер арнайы келіп, мұражай кабинеттің ашылу лентасын қиды. Ауыл халқы мен Алматыдан арнайы келген мәртебелі қонақтарда мұражайды аралап, әрбір фото архив пен құнды жәдігерлермен танысып, үлкен әсермен шықты. Сосын көпшілік Мәдениет үйінің орталық залына барып, концертті тамашалады. Мәдениет үйінің меңгерушісі Жазира Орынқызының үйлесімді ұйымдастыруымен өткен салтанатты іс-шарада «Қазақфильм» компаниясы  түсірген «Рәпия» атты деректі фильм мен оның өмір жолы туралы жарасымды жасалған слайдттар көрсетілді.

    Одан кейін Кенен Әзірбаевтың шәкірті Асылқұл Бүрбаевтың ұлы Ерлан Бүрбаевтың кеш иесіне арнап шығарған өлең жолдары оқылды. «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев,  Ғылым академиясының қауіпсіздік қызметінің басшысы, полковник Сайфутдин Шамсутдинов, Кітап палатасының редакторы, белгілі журналист Нұрымжан Мауыт, ардагер фотограф Қуантқан Сапаров анамның қолынан дәм татып, ғибаратқа толы әңгімелерін тыңдағандарын сөз етіп, осындай қуанышты іс-шараға куә болып отырғандарына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге  20 жылдай асыл анамыздың жанында жүріп, бел шәкірті болған Серік Сұраншыбайұлы, Ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсымбек, Сиязбай, Аман ағаларымызды аяулы анамыз туралы қызықты естеліктер айтты, — деді Ақын Ордабайұлы.

    Кеште қонақтарға ас беріліп, Рәпия Халыққызы мен Ордабай Сәдібековтің рухына арналып құран бағышталды. «Бүгінгі күн — ертеңгі тарих», демекші, бұл күн де ертең тарих болып қалатына сенім зор. Қордай ауданында алдағы жылы үлкен мұражайдың қабырғасы қаланады. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы сол мұражайда қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик Рәпия Халыққызының атында бір бөлме ашылатынын атап өтті.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *