Зіл көтеруден Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның спорт шебері Гайдар САРЖАНОВТЫ заңғар атлет деуге толық негіз бар. Ол Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты Қайыңды қой совхозында туған. Бала кезінен спортты серік етіп, ауылдағы ауыр темір-терсекті басынан асырып, кейін көптеген жарыстарға қатысып, зілтемірші ретінде одақтық деңгейге көтерілген еді.
Жақында Арқалық қаласында Торғай елі талантымен тас жарған Толағай ұлын тағы бір еске алып, ауыр атлетикадан республикалық турнир өткізді. Бұл турнирді осымен екінші рет Гайдар Саржановтың туған-туыстары ұйымдастырды. Осы жарыста жас спортшылар зіл темір көтеруден өзара мықтыны анықтады.
Гайдар Саржановтың туа біткен таланты, тұла бойына біткен тау қопарардай күші, оны әрі қарай дамыта білген өзінің қажырлы еңбегі – оның өзін жалпақ жұртқа танымал етті, абыройын асқақтатты. Әйтпесе, ол кезде Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның спорт шебері атану әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ болған. Қазіргі күнмен салыстырсақ, республика чемпионатын алты рет жеңіп алу, Одақтың спорт шебері атану әлем чемпионы болу дегенмен бірдей. Ол кісі жайындағы мағлұматқа толығырақ көздеріңіз жете түсу үшін белгілі ақын, журналист Әбжан Әбілтайдың тау тұлғалы жерлесіміз туралы осыдан біраз жыл бұрын «Торғай таңы» газетіне жарияланған «Біздің Гайдар» атты мақаласынан үзінділер келтіре кетсек. «Оны білетіндер бірауыздан біздің Гайдар дейді. Біздің Гайдарыңыз өзі айтатындай «Қайыңды» қой совхозының баласы, одан қалды сонда Батиқа деген кемпір бар, соның баласы, елдің айтуынша Сейтікен мен Мәртайдың баласы, тағы да Гайдарға салсаң, Қазыбектің баласы. Аласы жоқ, таласы… 8 класта оқып жүріп, сол кездің өзінде-ақ ауыл дүкенінен екі қап ұнды қолтығына қыстырып жүре беретін қасқа сол еді. Құйттайынан МТМ-да шашылып жатқан дөңгелектерді білікке тізіп, көкке көтерді, жер иіскетті. Сөйтіп жүріп, «болар бала боғынан» дегендей (оны 9 класта-ақ мамандар байқаған), Алматының дене шынықтыру институтына қойды да кетті. Институттың бірінші курсында оқып жүріп спорт шеберінің нормативін орындау әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Осындай өлермендер қайда қазір?
… Гайдар спортты ең өскен шағында, кемеліне келіп, енді-енді тағы да бірдеңе істермін деп тұрған кезінде тастады. Оны ойласа көзіне жас үйіріледі, көмейіне сөз кептеледі…Гайдардың сахнаға (аренаға, помостқа) соңғы шығуы да сол болды. Әлемдік рекордты басына көтеріп тұрып, тастап жіберді. Бар болғаны аз ғана сәт. Соған оның жүрегі шыдағанымен, белі мен білегі шыдай алмай қалды-ау! Сол жарыста Гайдардың бұлшық еттері жыртылып кетіп, ауруханаға түсті. Содан кейін де сол пәлені жалғастыруға болатын еді, әрине. Ол өйткені…», – деп жазған екен қаламгер.
Енді Гайдар Саржановты еске алуға арналған турнирдің нәтижесіне тоқталсақ. Оған Алматыдан, Қостанай қаласы мен Қостанай ауданынан, Әулиекөл, Жарқайың мен Атбасар аудандарынан зіл теміршілер арнайы келді. Турнирді Гайдар Саржановтың Қобыланды Есмағамбетов бастаған туған-туыстары ұйымдастырды. Бұл іске Арқалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы да өз үлестерін қосты. Бас төреші және ұйымдастырушылардың қатарында жарыстың жақсы өтуіне аталған спорт мектебінің жаттықтырушысы Күнтуар Жәнкішев те атсалысты.
Турнирде 61 жастағы Астанадан Тұрмағанбет Иманбаев, Сапабек Сәменов, Жарқайыңнан 66 жастағы Асқар Әлкешев, Арқалықтан 57 жастағы Айдар Есмағанбетов және 56 жастағы Күнтуар Жәнкішев секілді ардагер спортшылар да өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Осы жарыста ерлер арасында Арқалықтан Ернар Мақатай (34 кг), Александр Тринко (38 кг, Әулиекөл ауданы), Шалқар Серік (42 кг, Арқалық), Алексей Чуркан (46 кг, Әулиекөл), Қайнар Гайдар (50 кг, Алматы), Жаңабек Қабидолла, (56 кг, Арқалық), Нұрдәулет Еркенов, (62 кг, Арқалық), Аян Байзақов, (69 кг, Арқалық) пен Ерболат Балғабаев (69+ кг, Арқалық) жеңімпаз атанды. Ал қыздар арасында арқалықтық Лунара Сүйінғарина (40 кг) мен Айгүл Бейсенова (63 кг) құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жеңімпаздар мен ардагерлерге ақшалай сыйлықтар мен турнирдің арнайы дайындалған медалі табыс етілді.
Дархан ЕРМАҒАНБЕТОВ,
АРҚАЛЫҚ
Фото: автор