• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Талас Әшірханов — болашақ Олимпиада үміті

    Талас Әшірханов — Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тумасы. 2001 жылы дүниеге келген жас спортшы грек-рим күресімен 10 жасынан бері айналысып келеді.

    2025 жылы 77 кг салмақ дәрежесінде ересектер арасында Қазақстан кубогының иегері атанып, ел спортының үмітін ақтаған балуан.

    Осы жылы Германияның Дортмунд қаласында өткен халықаралық іріктеу турнирінде жартылай финалға дейін жетіп, неміс балуаны Роберт Фрицке ұпай санымен есе жіберіп, бесінші орынды иеленді. Өкінішке қарай, бұл жеңіліс оған Хорватияның Загреб қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама әкелмеді.

    Дегенмен Талас бұл сәтсіздіктен сабақ алып, 2025 жылдың желтоқсан айында өтетін Қазақстан біріншілігінде топ жарып, ел құрамасына қайта ілігуді және әлем чемпионатына жолдама алуды басты мақсат етіп отыр.

    Бұған дейін ол ересектер арасындағы ел біріншіліктерінде 2 және 3-орынды иеленіп, өзінің тұрақты нәтижесін көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшы. Сондай-ақ халықаралық турнирлерде де жүлделі орындардан көрініп келеді.

    Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие.

    Жеке бапкері  Ринат Исмаилов — Таласты бала кезінен баулып келе жатқан тәжірибелі жаттықтырушы. Оның еңбегі мен шәкіртке деген сенімі бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр.

    Бүгінде Талас Әшірханов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеткен.

    Оның басты арманы — Жақсылық Үшкемпіровтан кейінгі қазаққа Олимпиаданың алтын медалін сыйлау.

    Жігері мен намысы бір бойына сіңген жас спортшының бұл мақсатына жететініне барша жанкүйер сенеді.

     

    Нұршахризада САЛИМОВА,

    ТАРАЗ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *