Кореяның Вонджу қаласында 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Азияның бейресми чемпионаты саналып келген беделді ITF Juniors турнирі (J300 санаты) мәресіне жетті, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Заңғар Нұрланұлы (ITF Juniors рейтингінде 23-орында) әлемдік жасөспірімдер теннисіндегі үздік ойыншылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Финалда 18 жасқа дейінгі бірінші ракеткамыз Қытай Тайбэйінің өкілі Куан Чеу Ченмен (әлемдік рейтингте 41-орында) кездесті. Бұған дейін екеуі 2024 жылы күзде өткен жасөспірімдер арасындағы Дэвис Кубогының финалдық кезеңінде ойнап, сол кезде Нұрланұлы 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Заңғар Нұрланұлы бұл жолы матч бастала салысымен басымдық танытты. Ол қарсыласына мүмкіндік қалдырған жоқ. Қазақстандық теннисші 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл жеңіс Нұрланұлының хард төсенішіндегі қатарынан екінші титулы болды. Ол алдыңғы аптада Кореяның тағы бір қаласы — Чхунчхонда өткен J200 турнирінде де жеңімпаз атанған еді. Осылайша, Заңғардың хардтағы жеңісті сериясы 11 матчқа дейін жалғасты.