«Уақыт деген аққан судай, соққан желдей, көрген түстей өте шығады», деген екен Бейімбет Майлин. Расыменде алпыстың асқарына қалай келіп қалғанымды білмей де қалыппын. Осы бір келген алпысымды тыныш жатып қарсы алуды жөн көрмей, жарыс өткізіп, бір іс-шара жасап жіберген едік.
Иә, «Артқа қарайлаған сайын қартаясың», демекші Алла берген осы жасымда қазақ еліне не істей алғаным туралы бір есеп берейін, ол да әрбір адамның парызы шығар деген оймен осы бір спорттық іс-шараны қолға алған едік. Қалай өткенін көрермен айта жатар. Ал мен осы бір дүбірлі ардагер арасындағы журналистер мен спорт ардагерлері арасындағы шағын футболдан ұйымдастырылған турнир туралы сәл баян ете кетсем.
Аллаға тәубе, турнирге 8 команда қатысты. Жарыс ережесімен екі топқа бөлінген командалар таңазаннан түс ауғанша «Динамо» стадионының көкмайса жасыл алаңында жеңіс үшін бар шеберліктерін тартысты ойындарымен көрсетті.
Турнирдің салтанатты ашылуына Туризм және спорт министлігінің баспасөз хатшысы Мейрам Сапарғалиұлы Астанадан ат артып жеткен екен. Құрметті ініміз министрліктің атынан «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Мен үшін осындай үлкен марапатты алу үлкен қуаныш болғанын жасыра алмаймын. Сосын сонау 1986-жылдағы алаңға шығып, ел тәуелсіздігі үшін жан беріп жан алысқан өзімнің қанды көйлек замандастарым, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев бауырымыз «Азаттық» орденін салтанатты түрде табыс етті.
Алла разы болсын деймін, өзімнің қанды көйлек достарыма, қоғамға деген алғысым шексіз. Иә, бұл марапаттың да мен үшін орны бөлек екенін жасыра алмас едім. Сонымен қатар қазақтың даңғыл балуаны, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Алматы облысы Кеген ауданың әкім Нұрбақыт Теңізбаевтың ағасына деген ақжарқын ақ көңілімен өзінің кісілігін, кішілігін танытып, сый-құрметмен тілек жолдауы қуанышымды еселей түсті.
Осылайша жарыстың салтанатты бөлімі аяқталып, командалар жасыл алаңға бет алып ойындарын жалғастырды. Мен осындай бір турнир өткізе қалсам әрдайым жанымда қолдау көрсетіп жүретін ардақты ұстазым, профессор Асылхан Әбішев пен замандасым, інім, бауырым әйгілі ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың туған немересі Мұрат Кененов екеуі жарыстың төрешілік тізгіндерін қолдарына алып, тамаша бір жоғары деңгейді өткізіп бергенін барша келген халық риза болды.
Тағы бір айта кетерім, осы бір айтулы алпыс жас жарысыма туған ауылым Жамбыл облысы Қордай ауданы Кеген ауылынан інім, ауыл мектебіндегі денешынықтыру пәнінің ұстазы Айдар Әуезтайұлы Тұраңқұловтың ұйытқы болуымен ардагерлер командасын алып келіп қатысқаны да көңіл-қуанышымды арттыра түскені анық. Және де ауылымның командасы тамаша ойын өрнегімен үшінші орын үшін таласта жеңіп шықса да жеңіс жүлдесін қарсыластары «Динамо» ардагерлер командасына тарту етіп, үлкен адамгершілік жасағандары жиылған елді ерекше тәнті етті.
Хош, сонымен бас жүлдені «Қазақфильм Достар» ардагерлер командасы жеңіп алса, күміс жүлде белгілі журналист, ардақты ағамыз Әлім Анапиянов бастаған «Іле» ардагерлер командасына бұйырды.
Жарыс соңында үздік ойыншылар мен жеңімаз командаларға құрметпен қаржылай сыйақы табыс етілді. Турнирдің ойыншысы болып салауатты өмір салтын берік ұстап, жастарға үлгі болып доп теуіп жүрген, спорт туралы жазған бірнеше кітаптың авторы, қадірлі спорт ардагері, журналист ағамыз Әлім Анапиянов марапатталды. «Үздік қорғаушысы» атағына өзімнің ет жақын жолдасым, полковник Сайфутдин Шамсутдинов лайық деп танылса, «Үздік қақпашы» атағы «Қазақфильм Достар» командасының қақпашысы финалда төрт допты қайтарған Мұрат Нұркеев пен Кенен ауылы командасының қақпашысы Айбек Үшкемпіровтерге табыс етілді.
Жарыс жеңімпаздарын Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш презденті Ерғали Мұхитдинов марапаттады.
Қазақ спортың ардагері, қадірлі ағамыздың мерейтойымды келгеніне айырықшы қуанып қалдым. Сонымен қатар осы дүбірлі турнирді ұйымдасытыруда барынша көмек қолдау көрсетіп, Астандан ақжолтай тілегін жолдаған, кезінде «Ауыл спорты» телехабарымның ашылуына зор демеу, қолдауын жасаған қазақтың аты әйгілі балуаны Дәулет Болатұлы Тұрлыхановқа өзімнің және отбасымның атынан шексіз алғысымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ, осы бір ғажап тарихы бар «Динамо» стадионында жарысымызды өткізуге тегін беріп қолдау, көмек көрсеткен «Динамо» Денешынықтыру және спорт қоғамы төрғасының бірінші орынбасары Асқар Әлирахымұлы Омарқұловқа да айтар алғысымыз зор. Және де Мирас Иманбаев, Қайрат Шәріпұлы, Қапар Рауанов пен Абай сынды өңір спортының дамуына зор үлесін қосқан, спорт жанашырларына да айтар алғыстың орны бөлек.
Осылайша, жарыс мамыржай жақсы деңгейде аяқталып, журналистер мен спорт ардарерлері одан ерекше әсер алды. Менің арманымда сол қоғамның айнасы болған қаламгерлер қауымының басын қосып, бір тамаша мереке сыйлау расыменде көптен көкейімде жүр еді. Осы бір дүбірлі аламан туған күніме және журналистер күніне орай келгеніне Аллаға мың шүкір дедім.
Бала кезімнен спорт пен домбыра тарту, жазушылық, ақындықты жанымдай жақсы көріп өстім. Әкем мен шешем 4-сыныпта оқып жүргенімде күміс көмей әнші атамыз Кенен Әзірбаевтың алдына апарып, батасын алған едім. Ақиық әнші атамның батасы тигені бір анық, әнші болып кетесем де қоңыр домбырамды тартып қойып, Алла берген жазбалық өнермен бес кітап жазып, қазақ спортының дамуына өзімше үлес қосуға тырысып келдім. «Алпыс тал түс», демекші, алпыс жасымда бекер өмір сүрмегенімді жиылған жұрттың айтқан ыстық ықылас ақжарма тілектерінін тыңдай отырып, мерейтой жарысымды жаныма түйдім.
Кезінде «Ауыл спорты» телехабарымен еліміздің ой-қырын табан тоздырып аралап жүріп, талай таланттарды танытып, ауыл спортының мәселелері, тынысы мен тірлігін наисхаттап еткен еңбегім елеусіз қалмағынын көрдім. Сансыз Аллаға шүкір айтып, алпысымды осылайша қарсы алған едім. Дән жинаған диқандай, еліміздегі спорттың дамуы үшін жылдар бойы жинап жазған журналистік жолым әлі де жалғасар деген үміттемін.Қазақ спортының өркен жайып өсуіне тамшыдай болса да еңбегім тиіп жатса менен асқан бақытты жан жоқ еді. «Құрмет етсең құрмет көресің немесе не ексең соны орасың» деген тәлсім осы шығар деген ойым бар.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ
—