Таеквондодан Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан World Taekwondo Diamond Game 2025 G-4 турнирінде Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама аралас командалық сайыста финалға дейін жетті. Алайда шешуші жекпе-жекте Өзбекстанның B құрамасынан 0:2 есебімен жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.
Ұлттық Олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, құрама сапында Мерген Ғаниев, Абдурахмон Марипов, Камила Аймұқашева мен Аида Тәукенова ел намысын қорғады.
Сонымен бірге Қазақстан құрамасы жекелей сайыста да жүлделі орындардан көрінді.
Бекасыл Ергеш (80 келіге дейін) мен Аяулым Асқар (67 келіге дейін) күміс жүлдені алса, Нұрбек Ғазез (68 келіге дейін) мен Алмира Қанат (57 келіге дейін) қола медаль иеленді, — делінген хабарламада.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында алты медаль бар. Бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы күміс медальға ие болған еді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА