• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «КӨСЕМ КӨК — 245»: Тарихпен тілдескен тағзым жорығы

    Тарих-халықтың жадындағы ұлы шежіре. Ол — тек өткен күндердің тізбегі емес, ол — елді ел еткен ерлердің өнегелі жолы. Ұлттың рухын жаңғыртып, ұмыт қалған есімдерді қайта тірілту — әр ұрпақтың парызы. Осы мақсатта «Амангелді Иман» қоғамдық қорының мүшелері мен еріктілері 2025 жылдың тамыз айының алғашқы таңында Астана төріндегі Кенесары хан ескерткішінің маңына ел жанашырлары, рухты азаматтар жиналды. Бұл — жай ғана бас қосу емес, бұл — ұлттық рухты жаңғырту жолындағы үлкен бетбұрыстың басы.

    Кез келген ұлттың қадірі — оның өткенін қалай қадірлейтінімен өлшенеді. Өйткені тарих — тамырың. Тамырын тереңге жаймаған ағаштың желге шыдас бермейтіні секілді, өз өткенін ұлықтай алмаған халықтың болашағы да бұлдыр болмақ. Биыл — Кенесары ханның сенімді серігі, баһадүр бабамыз кемеңгер қолбасшы, батыр Иман Дулатұлының туғанына 245 жыл. Бұл күнді ескерусіз қалдыру — тарихқа қиянат болар еді. Сондықтан, «Амангелді Иман» қоғамдық қорының мүшелері мен еріктілері  баба рухына тағзым ету үшін «КӨСЕМ КӨК — 245» атты автожорықты бастады. Жорықтың басты мақсаты — Иман батырдың соңғы шайқасы өткен қасиетті мекен — қырғыз жеріндегі Кекілік-Сеңгір аңғарына барып, батыр бабалар рухына арнап белгі орнату.

    Толқын Сұлтан, «Амангелді Иман» қоғамдық қорының төрағасы:

    Батыр бабаларымыздың басына белгі қою бірнеше жылдан бергі келе жатқан асыл армандардың бірі еді. Биыл сәті түсіп отыр. Құлпытас орнату, белгі қоюдың тарихи мәні зор. Құлпытас – тарих шежіресі. Кілтін тапсаң, құлпын ашасың. Бабаларымыз жоқтаусыз кетті демеймін, артында қабырғалы елі болды. Бірақ соғыс даласында шейіт болған сарбаздарды ақ кебінге орап, арулап жерлегеніне күмәнім бар. Сондықтан бір әулеттен кеткен бес батырға құрмет көрсету, тарихта қалған ізін айқындау – перзенттік парызымыз деп есептеймін.

    Иә шыныменде, Кекілік-Сеңгір — жай ғана географиялық атау емес.1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының соңғы тынысы үзілген, қасиетті қанды мекен. Қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ел қорғандары осы аңғарды паналап, соңғы демі қалғанша күрескен. Қазақтың талай баһадүрі дәл осы жерде найзасын сындырды, бірақ рухын сындырмады. Солардың ішінде Иман Дулатұлы — ерекше тұлға. Жасы хан Кенеден жиырма жас үлкен болса да, даналығы мен қайратымен ел көсемінің сеніміне ие болып, «Көсем көк», «Айекем», «Бозжорға» деген құрметті аттарға ие болған еді. Бұл — бір адамның емес, бір ұлттың Иман батырға берген бағасы. Ол өз сертіне берік болды. Хан ордасы қиналған сәтте, тағдырдың аумалы-төкпелі кезеңінде серттен тайып, шетке кеткен жоқ. Қайта ұлы жолда ұрпағымен бірге құрбан болуды ерлік деп білді. Баласы Бердалымен, бауырлары Тауық, Қарауыл, Көлбаймен бірге Кекілік-Сеңгірде қаза тапты. Бұл — жанқиярлықтың ең биік көрінісі.

    Қырғыз жеріндегі Кекілік-Сеңгір аңғары — тарихтың үнсіз куәсі. Бұл — Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысының соңғы демі үзілген қасиетті топырақ. Найза мен қылыштың сыңғыры, күрес пен намыстың оты сөнбеген мекен. Қазақтың азаттығы жолында қан төгілген бұл жерде бүгінгі ұрпақ үнсіз қала алмайды. Бұл — аманат. Бұл — парыз. Сол себепті жорыққа шыққан топ — осы өңірге барып, бабалар жатқан қасиетті орынға белгітас орнатып, ерлік рухына тағзым етуді мақсат етті. Бұл — ерлікке бас ию ғана емес, жас буынға үлгі, елдікті сақтау жолындағы нақты қадам. «Өткенге қарап бой түзе, келешекке қарап ой түзе» дейді дана халқымыз. Бүгінгі жорық — осы сөздің жарқын көрінісі. Өткенін ұлықтаған ұлт — ешқашан жоғалмайды. Өйткені мұндай халықта қайсарлық бар, мұндай ұрпақта тамыр бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «КӨСЕМ КӨК — 245» автожорығы — бір күндік сапар емес. Бұл — ғасырларды жалғаған идея. Бұл — ұлттық жадыны оятуға арналған үндеу. Қанша уақыт өтсе де, тарих қойнауында қалған тағдырлы тұлғаларды еске алу — ұлттың санасының тірі екенінің айғағы.

     

    Лаура ЖӘНІБЕК

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *