«Хан-Тәңірі» клубының шабуылшысы Диас Төлеу көз жұмды, деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.
-Қазақстан футбол федерациясы «Хан-Тәңірі» клубының шабуылшысы Диас Төлеудің мезгілсіз дүниеден өткенін қайғырып қабыл алды. Жастығына қарамастан, футболға деген ынтасы мен таланты арқылы көзге түскен Диастың өмірден ерте кетуі орны толмас қаза. Бұл ауыр сәтте оның отбасының, жақындарының және командасының қайғысына ортақтасамыз. ҚФФ Диастың ата-анасына, туыстарына және барша жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, хабарламада жақын арада осы оқиғаға байланысты ресми тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылатыны және ол тиісті органдармен бірлесе жұмыс істейтіні айтылған.
-Федерация бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан расталмаған ақпарат пен алыпқашпа әңгімелерді таратпауға, марқұмның отбасы мен оның рухына құрметпен қарауға шақырады, — делінген одан әрі ҚФФ хабарламасында.
Қосымша ақпарат қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін беріледі делінген.