Бүгін Түркістан қаласында Qazaq Kuresi ассоциациясы, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен төл күресімізден Азия чемпионаты жалауын желбіретті.
Әуелі сарықұрлық додасы басталмас бұрын қазақ күресінің дамуына серпін беретін маңызды жиын – Qazaq Kuresi ассоциациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті. Осы алқалы жиында Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясын құрылғаны туралы хабар жарияланып, оның президенті сайланғаннан кейін Түркістанда салынған су жаңа Olympic center спорт ордасында Азия чемпионаты салтанатты жағдайда ашылды.
Оның ашылу рәсімінен соң балуандардың белдесулері басталып кетті. Жалпы, биылғы дүбірлі додаға Азияның 12 елінен келген 150-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Олардың жартысы бүгін Olympic center спорт ордасына жайылған бозкілемде 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Атап айтқанда ерлер 55, 66, 82 және 100 келіден аса салмақта күрессе, әйелдер 48, 56, 65 және 77 кг салмақ дәрежесінде кілемге шықты.
Бұл белдесулерде ерлер арасындағы барлық салмақта қазақ жігіттері қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, Азия чемпионы атанды. 55 келіде Архат Баймурзин, 66 кг салмақта Нұрғали Тұрсынғазиев құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, 82 келіде Асылхан Кәрім мен түйе балуан Ерқанат Молдағалиевке тең келер балуан болмады.
Ерлер күресінде Қырғызстан, Өзбекстан мен Иран елінің саңлақтары жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Олар төрт салмақта жүлде алып қалды. Мысалы, Алатаудың ар жағынан келген ағайындар 2 күміс және 1 қола медальді иеленсе, Өзбекстан құрамасының төрт өкілі қола жүлдені қанағат тұтты. «Үштің өзі күш» демекші, 150-ден аса балуанның арасынан үздік үштікке кірудің өзі біз айтайық, жаман көрсеткіш емес.
Парсы шығанағынан келген екі балуан 82 және аса ауыр салмақта екінші орынға ие болды. Екеуі де алтын жүлде үшін аянбай күресіп, бозкілемде тер төкті. Алайда, бұл жолы олардың жолы болмады.
Әйелдер күресі де қызықты және тартысты өтті. Бұл сында да қазақ, өзбек, қырғыз және үнді қыздары өзге елдерден келген қарсыластарының алды болып, төрт салмақтағы жүлденің бәрін бөлісіп алды.
48 келіде отандасымыз Айдана Қасенқызы өзбекстандық Мухаббат Йокубованы жеңсе, үшінші орын Қырғызстанның спортшысы Айман Абдрашитоваға бұйырды.
56 кг салмақта Өзбекстанның өкілі Нозигул Холмирзаева бозкілем иесі Ақнұр Асылбековамен күресте алтын медальді жеңіп алды. Ал қола жүлдені үнді Арчи Пахрот иеленді.
65 келіде тағы бір өзбек спортшысы Муслимахон Ахмедова алтын жүлдені қалтасына басты. Ол да тағы бір отандасымыз Ұлдана Таңжарықованы қапыда қалдырып, Азия чемпионы атанды. Үшінші орынға келсек, бұл жүлдеге үнді Хуши Тяги ие болды.
Келесі, 77 келі салмақта Қазақстан командасынан Аружан Жандарбайдың жолы болды. Олай дейтініміз, оның финалдағы қарсыласы қырғыз спортшысы Адина Алмазбекова алтын медальді қолдан бергісі келетін балуан сияқты болып көрінген жоқ. Ол да Азия чемпионы атағын алуға бар күш-жігерін салды. Дегенмен Аружан Жандарбайдың айласын асырып, елімізге қыздар арасындағы күресте екінші алтын жүлдені алып берді.
Осылайша, Азия чемпионатының алғашқы күні ел құрамасының қоржынына 6 алтын, 2 күміс медаль түсті.
Ертең, 29 қазанда ерлер 60, 74, 90, +100, ал әйелдер 52, 60, 70, +77 келі салмақ дәрежесінде күреседі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
ТҮРКІСТАН


















SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары