Баку қаласында Әзербайжан Республикасы Жастар және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында үстел теннисінен халықаралық Baku Media Open-2026 турнирі болды.
Оған Әзербайжан, Қазақстан, Түркия мен Грузиядан 50-ге жуық танымал БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлады SportPress.kz.
Қазақстан атынан белгілі спорт журналисі, Beksports.kz порталының бас редакторы Бек Төлеуов, «Қазақстан тарихы» порталының жетекшісі Алтынбек Құмырзақ пен тележурналист Қырмызы Жандос ел намысын қорғады.
Турнирдің қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жарыста отандасымыз Қырмызы Жандос қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, жеңімпаз атанды. Ол турнирде алты ойын ойнап, соның бәрінде айқын жеңіске жетіп, алтын медальді жеңіп алды.
-Бұл мен үшін ерекше әсерге толы жарыс болды. Халықаралық турнирде еліміздің намысын қорғап, Қазақстанның әнұранын шырқату – үлкен мәртебе. Қарсыластардың барлығы тәжірибелі әрі мықты болды. Сондықтан әр ойынға барынша жауапкершілікпен дайындалдым. Осындай деңгейдегі жарысты ұйымдастырған Әзербайжан Республикасы Жастар және спорт министрлігіне алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, Қазақстан журналистерінің ортақ жетістігі деп білемін, — деді турнирдің жеңімпазы Қырмызы Жандос.
Қазақстан журналистерінің халықаралық додадағы жеңісі еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби қызметпен қатар спортты серік етіп, салауатты өмір салтын насихаттауға қосып жүрген үлесінің жарқын көрінісі болды.

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары