Астананың хоккейден «Барыс» клубының бұрынғы капитаны, Қазақстан ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы Брэндон Боченски команданың мұз айдынына қайта оралып, өз әсерін айтты, деп хабарлады SportPress.kz.
44 жастағы бұрынғы хоккейші «Барыс Аренаға» арнайы келіп, мұз айдынын көрген сәтте қайтадан хоккей ойнағысы келгенін жасырмады. Оның бейнежазбаcs клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.
«Уақыт тоқтап қалғандай сезімде болдым. Дәл қазір хоккей формасын киіп, ойынға дайындалғым келіп тұр. Өзімді ойнауға дайын сезінемін. Қалай болғанда да, мұнда қайтып келгеніме қуаныштымын», деді Боченски.
Брэндон Боченски 2010-2017 жылдары «Барыс» сапында өнер көрсетті. Бір жылдық үзілістен кейін 2018/2019 жылғы маусымда Астананың командасына қайта қосылды.
Шабуылшы Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ойнаған сегіз маусымында 455 матчқа қатысып, 444 ұпай (179 гол және 265 нәтижелі пас) жинаған. Ол әлі күнге дейін «Барыс» клубының нәтижелі пастар мен жинаған ұпай саны бойынша рекордшысы саналады.
22 қарашада «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында өз алаңында Минскінің «Динамосымен» ойнайды. Матч Қазақстан уақытымен сағат 16:30-да басталады.
Осы ойын алдында елорда клубының еншісінде 29 ұпай бар. Команда Шығыс конференциясында плей-офф аймағына қосылу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары