Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, Семей спорт академиясының ұйымдастыруымен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналып 2002 – 2003, 2004 – 2005, 2006 – 2008 жылы туған қыздар арасында волейболдан облыстық ашық турнир басталды. Бұл туралы Семей спорт академиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Турнирде бас-аяғы 34 команда бақ сынасып жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2002 – 2003 жылы туғандар арасында 7, 2004 – 2005 жылы туғандар арасында 13, 2006 – 2008 жылы туғандар арасында 14 команда өзара мықтыларды анықтауда. Нұр-Сұлтан қаласы 2, Өскемен қаласы 6, Семей қаласы 5, Аягөз ауданы 3, Абай, Бесқарағай, Жарма, Үржар аудандары 2, Шемонайха мен Риддердің және Семей спорт академиясының бір командасы жеңіске жетудің жолын іздеуде. Команда көп болғандықтан жарыс алты күнге жалғасады деп күтілуде.
Жарыстың ашылу салтанатында Семей қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев, «Семей» волейбол клубының негізін қалаушы, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Омаров сөз сөйлесе, спорт жанашырлары Шаған Жұмақсанов, Әсетқан Досқожанов құрметті қонақтар қатарында болды.
–Шығыс Қазақстан облысында спорттың барлық түрлері дамуда. Оның ішінде волейбол да бар. Облыс әкімі Даниал Ахметов спорттың осы түрінің дамуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Өскеменде волейболдан республикалық, халықаралық жарыстар жиі өтеді. «Алтай» волейбол клубы өзінің кәсіби шеберлігін көрсетуде. Былтыр Семей қаласына барғанда Даниал Кенжетайұлы спорт академиясына келіп, «Алтай – 4» командасының волейболшы қыздарымен жүздесіп, дайындықтарына жақсы баға берді. Осы жарысқа қатысып жатқан жасөспірім қыздардан академияның волейбол бөліміне іріктеу жүргіземіз, – дейді Семей спорт академиясының директоры Мерейғалы Қойшыбекұлы.