9 қыркүйекте елорданың дәл төрінде халықаралық ЕХРО көрмесі аясында әйгілі спортшымыз Қанат Исламның қатысуымен керемет кәсіпқой бокс кеші өтетіні белгілі. Сөз орайы келгенде, бұл шара Мәдениет және спорт министрлігі, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ZHERSU өндірістік-инвестициялық корпорациясы, Астана қаласы әкімшілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен абзал.
Осы кеште Қанаттың кіммен жұдырықтасатыны кеше ғана белгілі болды. Ол – «Жаман бала» деген лақап атпен танымал Брэндон Кук. 1986 жылдың
13 маусымында Канаданың Онтарио штатына қарасты Эйджакс қаласында туып-өскен айтулы былғары қолғап шебері 2011 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Сол аралықта 18 кездесу өткізіп, соның бірде-бірінде жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Ол 11 бәсекені нокаутпен аяқтады. Бір айта кетерлігі, осыған дейінгі жекпе-жектерінің барлығын Кук тек өз Отанында өткізді. Міне, енді Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі алғаш рет алыс сапарға шығып, шет мемлекетте өнер көрсетуге тәуекел етіп отыр.
Брэндон Кук соңғы рет 2007 жылдың 28 қаңтарында Монреальда жергілікті боксшы Стивен Батлермен жұдырықтасты. Бұл бәсеке Онтарио штаты тумасының басымдығымен өтті. 7-раундта Кук қарсыласын нокдаунға жіберді. Төреші онға дейін санағанша Батлер есін жиды. Алайда аяғынан нық тұра алмай, теңселе берді. Соны дер кезінде анық байқаған қазы бәсекені тоқтатып, Брэндонның қолын көтерді. Төрешінің бұл шешімі көрермендердің наразылығын тудырды. Олар рингке түрлі заттар лақтыра бастады. Соның бірі, яғни, мұзға толы шелек жеңімпаз атанған боксшының басына тиіп, ол есінен танып қалды. Осы шиеленістің ақыры төбелеске ұласып, төрт адам түрлі дене жарақатын алды. Нәтижесінде, екі көрермен ауруханаға жөнелтілсе, тағы екеуі темір торға қамалды.
Қысқаша қайырсақ, 31 жастағы Брэндон Куктің жүріп өткен жолы осындай. Десек те, оның мықты боксшысы екені еш күмән тудырмаса керек. Себебі, осы күнге дейін өткізген 18 бәсекенің барлығын ол өз пайдасына шешті. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу бақыты екінің біріне бұйырмайтыны анық.
Қанаттың спорттық табысы жайында жанкүйерлер жақсы біледі. Әуесқойлар арасында олимпиада ойындары (2008 жыл, Бейжің), әлем чемпионаты (2007 жыл, Чикаго), Азия ойындары (2006 жыл, Доха) және Азия біріншілігінің (2007 жыл, Ұланбатыр) қола жүлдегері атанған қандасымыз 2012 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасуда. Сол аралықта 24 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетті. 19 қарсыласын есінен тандырды. Өзінің соңғы кездесуін ол 26 мамырда мексикалық Норберто Гонсалеспен шығып, 12 раундтық кездесуде жеңімпаз атанды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН