• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қанат «Жаман баламен» жұдырықтасады

    9 қыркүйекте елорданың дәл төрінде халықаралық ЕХРО көрмесі аясында әйгілі спортшымыз Қанат Исламның қатысуымен керемет кәсіпқой бокс кеші өтетіні белгілі. Сөз орайы келгенде, бұл шара Мәдениет және спорт министрлігі, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ZHERSU өндірістік-инвестициялық корпорациясы, Астана қаласы әкімшілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен абзал.

    Осы кеште Қанаттың кіммен жұды­рық­­тасатыны кеше ғана белгілі болды. Ол – «Жаман бала» деген лақап атпен танымал Брэндон Кук. 1986 жылдың
    13 маусымында Канаданың Онтарио штатына қарасты Эйджакс қаласында туып-өскен айтулы былғары қолғап шебері 2011 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Сол аралықта 18 кездесу өткізіп, соның бірде-бірінде жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Ол 11 бәсекені нокаутпен аяқтады. Бір айта кетерлігі, осыған дейінгі жекпе-жекте­рі­нің барлығын Кук тек өз Отанында өт­кіз­ді. Міне, енді Үйеңкі жапырақтар елі­нің өкілі алғаш рет алыс сапарға шығып, шет мемлекетте өнер көрсетуге тәуекел етіп отыр.

    Брэндон Кук соңғы рет 2007 жылдың 28 қаңтарында Монреальда жергілікті боксшы Стивен Батлермен жұдырық­тасты. Бұл бәсеке Онтарио штаты тума­сы­ның басымдығымен өтті. 7-раундта Кук қарсыласын нокдаунға жіберді. Төреші онға дейін санағанша Батлер есін жиды. Алайда аяғынан нық тұра алмай, теңселе берді. Соны дер кезінде анық байқаған қазы бәсекені тоқтатып, Брэн­дон­ның қолын көтерді. Төрешінің бұл шешімі көрермендердің наразы­лы­ғын тудырды. Олар рингке түрлі заттар лақ­ты­ра бастады. Соның бірі, яғни, мұз­ға толы шелек жеңімпаз атанған боксшы­ның басына тиіп, ол есінен танып қалды. Осы шиеленістің ақыры төбелеске ұла­сып, төрт адам түрлі дене жарақатын алды. Нәтижесінде, екі көрермен ауру­ха­на­ға жөнелтілсе, тағы екеуі темір торға қамал­ды.

    Қысқаша қайырсақ, 31 жастағы Брэн­дон Куктің жүріп өткен жолы осын­дай. Десек те, оның мықты бокс­шы­сы екені еш күмән тудырмаса керек. Себебі, осы күнге дейін өткізген 18 бәсе­кенің барлығын ол өз пайдасына шеш­ті. Мұн­дай көрсеткішке қол жеткізу бақыты екінің біріне бұйырмайтыны анық.

    Қанаттың спорттық табысы жайында жанкүйерлер жақсы біледі. Әуесқойлар арасында олимпиада ойындары (2008 жыл, Бейжің), әлем чемпионаты (2007 жыл, Чикаго), Азия ойындары (2006 жыл, Доха) және Азия біріншілігінің (2007 жыл, Ұланбатыр) қола жүлдегері атанған қандасымыз 2012 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасуда. Сол аралықта 24 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетті. 19 қарсы­ла­сын есінен тандырды. Өзінің соңғы кездесуін ол 26 мамырда мексикалық Норберто Гонсалеспен шығып, 12 раунд­тық кездесуде жеңімпаз атанды.

    Ғалым СҮЛЕЙМЕН

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *