Самбодан 1984 жылғы Әлем кубогының иегері, 1986 жылғы Еуропа чемпионы және алтын белбеудің иегері, КСРО чемпионатының 1981-1984 жылдардағы чемпионы, 1981-1984 жылдың үздік спортшысы, 1982 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 1984 жылғы КСРО кубогының иегері, 1980-1984 жылдарғы КСРО Қарулы күштері чемпионатының жеңімпазы, КСРО 4-5-ші ауыл спорты ойындарының чемпионы, дзюдо күресінен КСРО Ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының арасында Орта Азия, Кавказ және Қазақстан елдерінің чемпионы, КСРО құрамасы сапында 1976-1989 жылдары өнер көрсеткен. Халықаралық деңгейдегі КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақ күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, 1980-1981 жылдары қазақ күресінен екі мәрте Соцалистік еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы турнирдің жеңімпазы, Самбодан ардагерлер арасында әлемнің 8 дүркін чемпионы, 2 рет күміс, 1 рет қола жүлдегері, Тараз қаласы мен Байзақ ауданының құрметті азаматы, 1986 жылы АҚШ-та қазақ күресінен федерация ашқан тұңғыш қазақ балуаны Алмас Мұсабековпен әңгіме.
–Алмас Сағымқұлұлы, туып-өскен туған жеріңіз, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз…
–1958 жылы Жамбыл облысы, Байзақ (Свердлов) ауданы, «Кеңес» ұжымдық шаруашылығында дүниеге келіппін. Атам Мұсабек момын мал баққан кісі еді. Мұсабектен Тұрыс, Бестерекбай тарайды. Тұрыстан – Сағымқұл, Жарқымбек, Сауқымбек, Сағымбек деген ұлдар, Нәтипа, Оңласын деген қыздар өрбиді. Оңласын әкпеміз – Болат Жұмаділовтің туған анасы болып келеді. Сағымқұлдан мен – Алмас, қарындасым – Гүлназ, інілерім – Айдар, Айдын, Асқар тараймыз. Мұсабектің үлкен ұлы – Тұрыс атамыз Ұлы Отан соғысына қатысқан, одан елге аман сау оралған соң ұзақ жылдар колхоздың малын бағыпты. Әкем Сағымқұл «Кеңестің» ар жағындағы «Қара құм» деген жерде туыпты. Кейін ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп, сол қызметті атқарды. Анам Теміркүл Қарабайқызы Жамбыл тері бұйымдары фабрикасында тігінші болған. Тұңғыштары мені 7 айлығымда атам Мұсабек қарияға беріп жіберіпті. Сөйтіп, әжем Тасжан апа мен әкем Сағымқұлдың шешесі Қашия апамның ортасында еркелеп өстім. Тасжан әжем намаз оқитын, емшілігі бар еді, бала емдейтін, ауылдың ақылманы еді.
–Мектепте оқыған жылдарыңыз, бала махаббат туралы естеліктеріңіз болса айтып берсеңіз…
–1966 жылы Ауылдағы «Кеңес» 8 жылдық мектебіне бардым. 4-сыныпқа көшкенде Тасжан әжеме барып: «Апа, мен өстіп ауылда жүре берем бе? Қалаға барып спортпен айналысайын, әке-шешеме барайын, батаңызды беріңіз!», – дедім. Ол кісі қатты толқып, батасын беріп шығарып салды. Сол әжемнің батасы қабыл болып, әлі күнге дейін желеп-жебеп келеді. Қалаға қара түрси, ақ мәйкемен келгенім әлі есімде…
Жамбыл қаласындағы №5 Жамбыл орта мектебінде, Айша бибі орта мектебінде, 1971 жылы Жетібай орта мектебіне барып 2 жыл оқыдым. Сөйтіп жүргенде Жетібайда бір қызды сырттай ұнатып қалып, бір күні бұрқыратып хат жаздым. Ол хатымды бір мұғаліміміз «ұстап алып» «линейкада» бәрімізге түгел оқып, масқарамды шығарды. Мені қойшы, әлгі қызға обал болды, оны ұятқа қалдырдым… Содан қолымды бір сілтеп Жамбыл қаласына кеттім. «Балалық махаббатқа» солай нүкте қоюға тура келді, бауырым… Қалада футболға қатыстым. Тараз қаласындағы «Желтоқсан» көшесінде кезінде керемет «футбол мектебі» болған, сонда Виктор Иосифович деген кісіде жаттықтым.
…Қазір ол нысан өкінішке қарай, кришнаиттердің шіркеуіне айналған.
–Алғашқы жаттықтырушыларыңыз туралы айтсаңыз. Студенттік жастық шағыңыз қалай өрбіді?
–1972 жылдары Марат Жахитов ағайға самбо күресі үйірмесіне келіп-кетіп жүрдім. 1973 жылы самбомен шындап айналыса бастадым. 1976 жылы Жамбыл гидро-мелиоративті құрылыс институтының «ауыл шаруашылығы» факультетіне ағайынды егіздер Серік, Ерік Қонақбаевтармен 426 тобына түстік. 1981 жылы спорттық атақтарымыз «дүркіреп» тұрғанына қарамастан ешқандай жеңілдіктер болған жоқ, дипломды 1 күнде «5»-ке қорғап шықтық. Спортта жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге, жалпы талантты жастарға институт ректоры Марс Фазылұлы Үркімбаев үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып отырды. 1976 жылы КСРО жастар құрама командасына 48 кг салмақта кіріп, 1990 жылы Одақ ыдырағанға дейін 14 жыл құрама команда мүшесі, команда капитаны болдым. 1979 жылдан 1990 жылға дейін 52 кг салмақ та күрестім.
–Үлкен спорттағы қазақтың намысын жыртысқан достарыңыз, үзеңгілес жолдастарыңыз жайында айта отырсаңыз…
–Қазақ КСР құрама командасының мүшелері: Қанат, Талғат Байшолақовтар (Жезқазған, Жаңаарқа), Айтжан, Қайрат Шоңғараевтар (Алматы облысы), Манарбек, Манас, Мейрамбек Ағайдаровтар (Тараз), Мәден Калиаков, Нәсіпқұл Тыныбаев(Қарағанды облысы), Самат Рамазанов (Өскемен), Қасым Ысқақов, Асқар Шайхиев(Оралдан, 1989 жылғы КСРО чемпионы, әлем чемпионы). Асқарға кеудесінде КСРО елтаңбасы бар күртемді ырымдап бергеннен кейін оның жолы болып КСРО-ның, әлем чемпионы атанды. Өкінішке қарай қайтыс болып кетті…
–Шет елдің дәмін таттыңыз, суын ішіп, ауасымен тыныстадыңыз. Жырақта жүріп халқыңыздың намысын ту етіп көтердіңіз. Шет елде өткізген жекпе-жектерді еске түсірсек…
–1984 жылдың 17 қарашасы еді…Венесуэлланың астанасы Каракасқа Мәскеу – Милан (Италия) – Каракас бағытымен ұштық. Ол кездегі дәстүр бойынша, Каракасқа ұшар алдында КОКП ОК-де арнайы кездесу болды. Одан кейін Сыртқы істер министрлігінде кездесу өтті. Сұхбат барысында КСРО-ның намысы үшін барымызды салуымыз талап етілді, «олай болмаған күнде келесі жолы шет елге шығамын деп үміттенбе!»- дегенді ашық айтты. «Спорт» қонақ үйінде тұрдық. Италияда «Милано мальпеже» деген аэропортқа қонып, ертеңіне «Милано – Каракас» бағытымен ұшып кеттік. Мұхит үстінде 10 сағат ұшып Каракасқа бір-ақ қондық. Сонда жерге табан тірегендегі қуанышымызды айтып жеткізе алмаймын. Каракаста біраз ес жиып алғаннан соң Пуэрто де ла Круз (Puerto de la Cruz) қаласына ұшақпен ұштық. Жер шарын орап жатқан Экватор сызығынан 200-300 шақырым екен… қыс атымен болмайтын көрінеді. Одақтан шыққанда -17 градус аяз еді, Каракаста +40 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Алып барған тондарымызды қайда қоярымызды білмей біраз түсініксіз жағдайды бастан кешірдік. 1979 жылы «Бостандық аралы» Кубаға турист ретінде барғанбыз… Осы жерден алыс емес. Каракаста 2-3 күн күресіп Әлем кубогының иегері болдым. Халқы испан тілінде сөйлейді екен. Өте қарапайым халық. Көшелерінде сатып тұрған қарбыздары біздегі кауын сияқты сопақша болып келеді екен. Өз елімізді салыстыра отырып, қанша дегенмен «даму деңгейі жоғары ел екен» деп тұжырым жасадым. Қайтарда автобуспен түнімен жүріп келдік. Кеңестер Одағына деген көзқарастары өте дұрыс екен. Каракаста КСРО елшілігінде 1 күн қондық. Елшілік қызметкерлері қатты күтті. Бассейндеріне түсіп, күнге қыздырынып жаттық. Кешкілік уақытта елшілік қызметкерлермен бірге жергілікті тұрғындардың тойына бардым. Мәдениеттері жоғары екенін байқадым. «Фуршет» дегенді бірінші рет көруім. Біздердегідей ысырапшылықтың, дарақылықтың, мақтангершіліктің жоқ екенін байқадым.
Бұл сапарда Қазақ КСР-ның өкілі болып, кейін Туризм және спорт министрі болған Темірхан Досмұхамедов, 48 кг салмақта чемпион атанған Айтжан Шаңғараев болды. Бұл сапар менің әлемге деген көзқарасымды кеңейтті, адамдарға деген пікірімді өзгертті.
– Отбасыңыз туралы оқырмандарымыздың білгісі келетіні анық…
–1985 жылы Фатима Мырзалиевамен отау тіктім. Ол Гидро-мелиоративтік құрылыс институтының студенті еді. Әкесі Сауытбек Мырзалиев қазақ арасында «милиция полковнигі» шенін алған ең жас қазақ азаматы еді. Тұңғышымыз Сұлу 1986 жылы 19 шілдеде дүниеге келді. Ұлымыз Мұхаммед 1993 жылы 24 мамырда туды. Екеуін өзіміз тәрбиеледік. Сұлу Алматыдағы Заң академиясын бітіріп, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында қызмет істеп жатыр. Мұхаммед – Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тар МУ-дің студенті.
–АҚШ-та Қазақ күресі федерациясының негізін қалап қайтқаныңыздан хабардармыз. Бұл кімнің бастамасымен іске асты?
–2010 жылы сәуір айының соңында АҚШ-та самбо күресінен ХVІІ АҚШ чемпионаты өтті. Бүкіләлемдік FIAS SAMBO федерациясының президенті, КСРО-ның 8 дүркін чемпионы, әлем чемпионы, Мәскеу қаласындағы «САМБО-70»-тің негізін қалаушы Давид Львович Рудманның арнайы шақыруы бойынша чемпионатқа 62 кг салмақта қатыстым. Нью-Йорк, Нью-Джерси қаласында чемпион атандым. Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорктағы Самбо федерациясының өтініші бойынша жаттықтырушы болып қалдым. Ол кезде туған елде Қазақ күресінен бас жаттықтырушысы едім. Осындай мүмкіндікті қалт жібермей, бар күш-жігерімді, спорттағы беделімді алпауыт АҚШ мемлекетінде қазақ күресінің дәнін қалай егіп, әлемге қалай таратамын деген ой төңірегінде жұмыс істедім. Елден кетіп бара жатқанда қазақ күресінің жарғысын өзіммен ала кеткенмін… Онда АҚШ құрама командасымен ақылдастым. Керекті құжаттарды Вашингтонға жібердік. Міне, осы сәтте менің қарсыластарыммен боз кілемде жекпе-жекте айқасқанда қаймықпаған жүрегім қатты қобалжыды. Ішкі ой арпалысы басталды… Бағымызға орай 1 ай дегенде АҚШ-та «Қазақ күресі федерациясы ашылсын», – деп шешім шығарылған рұқсат қағаз қолыма тиді. Қуанышта шек жоқ! Дереу мөр жасаттық! Қазақ күресі федерациясының президенті болып мені сайлады. Вице-президенті болып менің шәкірттерім Феликс Свердлин, Андрей Струтинский тағайындалды.
2011 жылдың мамыр айында АҚШ-тың самбо күресінен ХVІІІ Пан-Америка чемпионатында қазақ күресінен арнайы семинар өткізіп, таныстыру көрсетілімдерін жасадық. ХVІІІ Пан-Америка чемпионатынан елге чемпион болып оралдым. Елге келген соң да қарап жатпай, Президентіміздің ауыл спорты бағдарламасын іске асырдым.
P.S. Осы сұхбат жазылар алдында ғана Алмас Мұсабеков бастаған Қазақ елі самбошылары Грекияның Нео-Мудания, Халкидики қаласында 25-28 қараша айында самбо шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында 6 алтын, 7 күміс, 17 қола (оның ішінде екі алтын медалді 62 кг салмақта Алмас Мұсабеков пен 100 кг дейінгі салмақта Нұрлан Жарашиев алды. Бұдан басқа 7 күміс, 7 қола жүлде жамбылдықтар еншісінде) алып, командалық есепте ресейліктерге ғана жол берген. Жеңіс баянды болсын дейміз. Намысты қолдан бермеу деген осындай-ақ болсын! Спорт аспанында көк туымыз желбірей берсін!
–Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен,
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы офицері,
майор
Құрманбек ОҢАЛБЕКОВ