Футболдан 2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанның ең үздік жас ойыншысы анықталды.
2021 жылдан бастап ҚКФЛ-дың мұрындық болуымен жылдың үздік ойыншысына Қазақстан футболының ардагері Анатолий Ионкиннің жүлдесі табыс етіледі.
ҚКФЛ баспасөз қызметі хабарлағандай, дауыс беру қорытындысы бойынша үздік ойыншы номинациясын «Ақтөбе» мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Максим Самородов жеңіп алды. 20 жастағы футболшы биылғы маусымда чемпионатта 22 матчта 3 гол салып, 5 нәтижелі пас берген.
Үздіктер қатарында «Қайрат» ойыншысы Әділет Сәдібеков пен «Тараз» шабуылшысы Абылайхан Жұмабек бар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА