• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жәмила Бақбергенова – үш дүркін Азия чемпионы! (ВИДЕО)

    Астана қаласында әйелдер күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатының екінші күні 72 кг салмақта бозкілемге шыққан Жәмила Бақбергенова алтын жүлдені жеңіп алды. Ол осымен үшінші рет әр жылдары (2020, 2022) өткен Азия чемпионатының құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Яғни, құрлықтың  үш дүркін чемпионы атанды. Сонымен бірге ол әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.

    Жәмила Бақбергенованың финалдағы қарсыласы Жапонияның балуан қызы Сумире Ниикураны 5:1 есебімен ұтты.

    Осылайша, Жәмила Бақбергенова әйелдер құрамасына екінші алтын медальды сыйлады.

    Кеше Эльмира Сыздықова жеңіс тұғырына көтерілген еді.  Сонымен бірге биылғы Азия чемпионатында Марина Седнева (55 келіге дейін), Нилифур Раимова (57 келіге дейін) мен Елена Шалыгина (68 келіге дейін) қола жүлдені иеленді. Жалпы, Қазақстанның балуан қыздары 5 жүлдеге ие болды.

    Балуан қыздардың бес медалі құрама команданы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алуға мүмкіндік берді. Бірінші және екінші орындарда Жапония мен Қытай өкілдері тұр.

    13 сәуірде бозкілемге еркін күрестің балуандары шығады.

    Бұған дейін хабарлағанымыздай, ұлттық құраманың мүшесі Гүлмарал Еркебаева Азия чемпионатында қыздарымыз кем дегенде екі алтын медальды жеңіп алатынын айтқан еді.

    Азия чемпионатында біздің қыздарымыз алтын, күміс, қола жүлдені де алған. Сондықтан әрқайсының мүмкіндіктері бар. Болжамым бойынша, кемінде 2 алтын медаль аламыз деп ойлаймын. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын, – деген еді балуан қыз.

    Эльмира Сыздықова мен Жәмила Бақбергенованың жеңістеріне қарап, оның болжамының дәл келгенін айтуға болады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *