Нилуфар Раймова қырғыз өкілі Бермет Нуридинқызын Азия чемпионатының қола жүлде үшін белдесуінде жеңіп, жүлдеге ие болды.
Қазақстан әйелдер құрамасында үшінші қола медаль алған Нилуфар Раймова жарыстан кейін сұхбат берді.
— Алғашқы белдесуімде тайпэйлік Ю Ченг Хангпен кездестім. Бірінші кездесуім болғасын қиындау болды. Ауыр болды. Оны 6:5 есебімен жеңдім. Бірінші кездесу бәріне қиын болады. Екінші қарсыласым өзбекстандық Ләйла Сабировамен бұрын кездеспегенмін. Онымен күресіп те көргем жоқ. Қазір үшінші орынға белдесуімде қырғыз спортшысы Бермет Нуридинқызын 7:0 есебімен таза жеңдім. Бұрын қырғыз балуанымен кездестім.
Нұркен Әбдіров турнирінде кездесіп, сол кезде 9:0 есебінде ұтып тұрған кезімде тушеге түсіп қалдым. Сол жарыста жеңісті беріп алдым. Енді, міне, оны Азия чемпионатында кездесіп жеңдім. Бұл жеңісімді Қазақ еліне және отбасыма, жаттықтырушыма арнаймын. Былтыр Моңғолияда өткен Азия чемпионатында жапон, моңғол спортшыларына есе жібердім. Бірінші рет ересектер арасында үшінші орын алып тұрмын. Өзіме өте ризамын. Ағайыма рақмет! Маған үміт артып отырған жандарға, барлығына рақмет айтамын!
Жазып алған — Айбек МҰХАНОВ,
АСТАНА