Жақында Астанадағы Əлкей Марғұлан атындағы № 40 қазақ орта мектебінде шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының кубогы үшін турнир өтті.
Бұл жарысқа бұқаралық ақпарат құралдарының 8 командасы қатысты. Онда Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының «Жеңіс», «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар» агенттігі, «Қазақ Радиосы», «ҚазМедиа», «Sport 59», Kazsport пен «Атамекен» бизнес телеарнасының клубтары күш сынасты.
Турнирде командалар екі топқа бөлініп, өнер көрсетті. «А» тобында Қазақ Радиосы, «Егемен Қазақстан», Kazsport пен «Хабар» ұжымының командалары ойнаса, «В» тобында алаңға «ҚазМедиа», «Жеңіс», «Sport 59» бен «Атамекен» телеарнасының жігіттері шықты. Жарыс өте тартысты жəне қызықты өтті. Оны турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, соған дейін ойындарды өз көзімен көрген Мәдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов та айтты.
Ол ашылу рәсімінде жарыстың жақсы өтіп жатқанын, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының журналистер арасында доп додасын ұйымдастырып жексенбі күнгі демалыста әріптестеріне тамаша сый жасағанына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта қоғамдық ұйымның жеке бастамаларына қолдау көрсететінін атап өтті. Сонымен бірге ол елімізде бұқаралық спортты дамыту, оны насихаттау тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы болмау керектігін, осынау игі-шараларды қоғамдық мекемелер өткізіп жатса, оларды өз тарапынан әрқашан қолдап отыратынын мәлімдеді. Сол сияқты турнирдің ашылу салтанатында «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков, Əлкей Марғұлан атындағы № 40 қазақ орта мектебінің директоры Ербол Іргебай, Kazsport телеарнасының директоры Павел Цыбулин мен Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы Дастан Кенжалин де журналистерді спорт мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Енді жарыс туралы айтсақ, онда екі топқа бөлінген жасақтар бір-бірімен ойнап, арасынан мықтылары жарталай финалға шықты. «А» тобында «Хабар» агенттігі мен «Егемен Қазақстан» газетінің клубтары бірінші және екінші орынмен келесі айналымға шықса, «В» тобында «Жеңіс» пен «Sport 59» командалары ½ ффиналға жолдама алды. Сөйтіп, жартылай финалдың бірінші матчында «Хабар» мен «Sport 59» клубтары кездесті. Бұл ойында журналистердің жарыстарында топ жарып, бас жүлдені алып жүрген «Хабардың» жгіттері басымдық танытты. Кездесуде команда капитаны Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер турнирдің «тинейджерлер» командасы атанған «Sport 59» клубын 3:0 есебімен ұтты.
Жартылай финалдың екінші ойыны «Жеңіс» пен «Егемен Қазақстан» командаларының арасында өтті. Бұған дейін Астана қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен БАҚ лигасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы «Егеменнің» ойыншыларынан жеңілгенін білеміз. Кездесуде «Жеңістің» жігіттері сол жолы кеткен есені қайтарып алды. Олар қарсыластарын 3:2 есебімен жеңді. Ал турнирдің үшінші орыны үшін болған матчта «Sport 59» «тинейджерлер» командасы «Егеменнің» жасағынан айласын асырып, қола жүлдегер атанды.
Қазақта бақ шаба ма, бап шаба ма деген сөз бар. Бұл сында «Жеңіс» клубының бабы мен бағы келісті. Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы финалда «Хабар» агенттігінің жігіттерін пенальти сериясында ұтып, турнирдің жеңімпазы атағын жеңіп алды. Матчта командалар бір-біріне дес бермей, жанкүйерлерге тамаша ойын сыйлады. Мәселен, 3:3 есебімен аяқталған ойында «хабарлықтар» 1:3 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіріп кетті. Бұл да ерлік! Бұл да жеңіске деген жігерді көрсетіп тұр! Жалпы, турнирде барлық ұжымдар жақсы өнер көрсетті. Соның ішінде ұйымдастыру комитеті жекелеген аталым бойынша үздік атанған төрт адамға арнайы сыйлық тағайындады. Онда турнирдің үздік ойыншысы атағын «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман, үздік қорғаушы номинациясын «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Елтай Нұрғазин алса, Құмарбек Азат («Жеңіс») үздік шабуылшы, Айбек Қабылша («Хабар») үздік қақпашы атанды.
–Жарысқа қатысқан барлық командаларға рахмет айтамын. БАҚ ұжымдары бір күн бойы таңертеңнен кешке дейін жеңіске деген жігерін көрсетіп, бақ сынасты. Сонымен бірге турнирге арнайы келіп, журналистерге өзінің ыстық лебізін білдірген Мәдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовқа, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков пен мектептің директоры Ербол Іргебайға алғыс айтқым келеді. Бұл ұйымның алғашқы турнирі болған соң біз үшін жоғарыда аттары аталған спорт жанашырларының пікірі маңызды. Осы кісілер алдағы уақытта да қоғамдық бірлестіктің жұмысына қолдау көрсететінін айтты», — деді спорт журналисі, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы Дастан Кенжалин.
Енді болашақта Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының Астана қалалық филиалы журналистер арасында жарыстың бірнеше түрінен Спартакиада өткізуді жоспарлап отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН