Түрікменстанда жаңадан құрылып, бірден йокары (жоғары) лигадан орын алған «Аркадаг» футбол клубына қатарын ел құрамасының ойыншыларымен толтырды. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлады.
«Фергана» ақпарат басылымының жазуынша, жаңа пайда болған «Аркадаг» клубында Орталық Азия чемпионатына қатысу үшін Түрікменстан құрамасына шақырылған 25 футболшының 17-сі, яғни 68 пайызы ойнайды.
Команда басшылары тек құраманың қазір Сянганьның (Гонконг) «Китчи» командасында ойнап жүрген лидері Руслан Мингазовты ғана шақырмапты. Команданың бас жаттықтырушысы Мерген Оразов осы кезге дейін «өте көп жұмыс атқарған» футболшыға тынығуға мүмкіндік бергенін айтқан.
Еске сала кетейік, 2019-2020 жылдары бұл форвард Павлодардың «Ертіс» командасы сапында 13 рет алаңға шығып, 2 гол соққан.
Ал «Аркадаг» қазір йокары (жоғары) лига чемпионатында ешкімге дес берер емес. Ол биыл көктемде басталған жаңа біріншілікте 8 тур ойналғаннан кейін 8 ұтыспен жеке-дара топ бастап келеді. Команда 31 гол соғып, 7 доп жіберіп алған, 24 ұпайы бар. Бұдан бөлек, тағы 2 жолдастық кездесуді жеңіспен аяқтаған.
Команда қазір салынып жатқан, бірақ әлі толық тұрғызылып бітпеген Аркадаг қаласының намысын қорғайды. Шаһар Ахал велаятының аумағына орналасқан. Ол бұрынғы президент, қазір Түрікменстан Халк маслахатының (парламентінің) райысы, осы кездегі президент Сердар Бердымухамедовтің әкесі Гурбангулы Бердымухамедовтің құрметіне бой көтеріп жатыр.
«Аркадаг» – Гурбангулы Бердымухамедовке заң жүзінде берілген ресми атақ. Ол «желеуші», «жебеуші», «сүйеуші» деген мағынаны береді. Былайынша айтқанда, «арқада тұрған тау», «арқа тіреуші тау» деген тіркестен шыққан. Түрікмен жұрты ол тұрғанда өздерін «арқаларын тамға сүйегендей» болып арқаланып, рухтанып, жігерленіп, шиыршық атып жүретін болса керек.