• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тарихи сәт! Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ палуаны! (ФОТО, ВИДЕО)

    Санаулы сәт бұрын еркін күрестен ұлттық құрама команданың спортшысы Ризабек Айтмұхан Сербияның астанасы — Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    Еркін күрестен 92 кг дейінгі салмақтың финалында Ризабек əзербайжандық Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, соңғы секундтарда жеңіске жетті. Есеп — 5:2.

    Осылайша, ол еліміз егемендік алғаннан бері әлем чемпионатында еркін күрестен алтын медаль алған тұңғыш әрі ең жас қазақстандық палуан атанды. Осы уақытқа дейін ұлттық құрама 17 жүлдені иеленген. Оның бесеуі күміс, 12-сі қола медаль.

    Құттықтап жатқан қазақ еліне рақмет! Әлем чемпионы атану үшін 9 жыл еңбек еттім. Еңбегім ақталды. Бұл менің 92 келі салмақтағы соңғы жарысымның бірі. Келесі бәсекеден бастап Олимпиада бағдарламасына кіретін 97 кг дейінгі салмаққа ауысамын. Ендігі мақсатым – Олимпиялық ойындарда медаль алу ,-деді 19 жастағы атлет финалдан кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

    Айта кетейік, кеше Ризабек бәсекені екінші айналымнан бастап, мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтқан. Сосын, осы салмақтағы қазіргі әлемдік рейтингтің көшбасшысы грузиялық Мириани Майсураздені қапы қалдырды.

    Ризабек Айтмұхан биыл өзі қатысқан барлық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтар болсақ, жылдың басында Алматыда өткен күрестен Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында ешкімге дес бермей, ұлттық құрама сапын толықтырды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында, сондай-ақ, Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

    Бүгін күллі еліміз үшін қуанышты күн. Ризабек Қазақстанға осыған дейін еркін күрестен бұйырмай келе жатқан әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Ризабек осы арқылы біздің барлық жанкүйерді риза қылды. Сенің алар асуларың әлі алда деген сенімдемін, — деді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.

    Қазір Мадияр Құрамысов жаттықтыратын еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржынында Белградтағы бәсекенің екі жүлдесі бар.

    Кеше Азамат Дәулетбеков (86 кг) қола медальмен бірге Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік еткен. Бүгін қола медаль жолында Азамат Қартбай (57 кг) мен Болат Сақаев (79 кг) қарсыласына есе жіберді. Айта кетейік, 92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    АСТАНА

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

     

     

    View this post on Instagram

     

    A post shared by SPORTS.KZ (@kzsports)

     

    View this post on Instagram

     

    A post shared by SPORTS.KZ (@kzsports)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *