Кеше түнде қазақ еліне Сербияның астанасы – Белград қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатынан қуанышты хабар келіп жетті.
Бұл додада еркін күрестен ұлттық құрама команданың балуаны Ризабек Айтмұхан топ жарып, күрестің осы түрінен алғашқы алтын медальді жеңіп алды.
Еркін күрестен 92 кг дейінгі салмақтың финалында Ризабек Айтмұхан Әзербайжан спортшысы Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, 0:2 есебімен жеңіліп жатып, соңғы секундтарда жеңіске жетті. Есеп — 5:2.
Осылайша, ол еліміз егемендік алғаннан бері әлем чемпионатында еркін күрестен алтын медаль алған тұңғыш әрі ең жас балуан атанды. Осы уақытқа дейін ұлттық құрама 17 жүлдені иеленген еді. Оның бесеуі күміс, 12-сі қола медаль.
Құттықтап жатқан қазақ еліне рақмет! Әлем чемпионы атану үшін 9 жыл еңбек еттім. Еңбегім ақталды. Бұл менің 92 келі салмақтағы соңғы жарысымның бірі. Келесі бәсекеден бастап Олимпиада бағдарламасына кіретін 97 кг дейінгі салмаққа ауысамын. Ендігі мақсатым – Олимпиялық ойындарда медаль алу ,- деді 19 жастағы балуан финалдан кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Кеше Ризабек Айтмұхан жарысты екінші айналымнан бастап, мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтты. Сосын, осы салмақтағы қазіргі әлемдік рейтингтің көшбасшысы грузиялық Мириани Майсураздеден айласын асырды.
Ризабек Айтмұхан биыл өзі қатысқан барлық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтар болсақ, жылдың басында Алматыда өткен күрестен Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында ешкімге дес бермеді. Содан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында, сондай-ақ, Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Бүгін күллі еліміз үшін қуанышты күн. Ризабек Қазақстанға осыған дейін еркін күрестен бұйырмай келе жатқан әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Ризабек осы арқылы біздің барлық жанкүйерді риза қылды. Сенің алар асуларың әлі алда деген сенімдемін, — деді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.
Енді Ризабек Айтмұхан туралы бірер дерек келтірсек, бұл жігіт Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданының тумасы. Кішкенекөл деген ауылда туған. Бұл ауылдың бұрынғы аты — Қызыл ту. Қазір ол Алматы қаласының намысын қорғап жүр.
Еркін күрестен қазақ елінен шыққан соңғы әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов десек, қателеспейтін шығармыз. XX ғасырдың басында халықаралық додаларда аңыз бабамыз үнемі топ жарып жүрді.
Енді, 120 жылдан кейін, атақты балуанның ерлігін, тәуелсіз Қазақстанның жас батыры жалғастырып, ізін басып келеді, — дейді Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директорының кеңесшісі Ардақ Тоғымов.
Оның айтуынша, Ризабек Айтмұхан 2018 жылдың 24 тамызында Қажымұқан мектебіне оқуға түскен. Ол осында бір жыл оқып, кейін Алматыға көшіп, оқуын жалғастырған.
Талантты балуанды өз қанатының астына мекеменің жас та болса, білікті маманы, жаттықтырушысы Самат Жақыпов қарамағына алды. Сәкең баланы өзі іздеп, тауып қол астына алғаннан кейін Ризабек 2018 жылы емтихан тапсырып, 9 сыныпта оқуға түсті. Сосын 2019 жылы 10 сыныпта оқып жүріп Алматыға кетті.
Ризабек бір жарым жыл осы оқу-спорттық ордасында тәлім-тәрбие алып, шынығып, жаттықты, — деді спорт маманы.
Оның айтуынша, жас балуан 2018-2019, 2019-2020 оқу жылдары Астанада көптеген жетістіктерге жетті. Тағы бір көпшілік біле бермейтін бір дерек, 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында 15 жасар бала ерікті болып жұмыс істеп, ұлттық құрама спортшыларына көмегін тигізді.
Қ. Мұңайтпасов спорт мектебінде оқып жүргенде Ризабек кіші жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының және Бүкіләлемдік дүниежүзілік ойындарының қола жүлдегері атанады.
Осындай талантты, дарынды, жігерлі баламызды шын жүректен құттықтаймыз! Қуан қазақ! Бөріктеріңізді аспанға ата беріңіздер!, — деді ол.
Еркін күрес шеберінің елімізге алғаш рет алтын медаль алып бергеніне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің құттықтау хатын жолдады.
Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқанды Белградта өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында алтын медаль иеленуімен құттықтаймын! Ол қазақ балуандары арасында тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды. Бұл – тарихи жетістік. Ризабек Айтмұқанның жарқын жеңісі жас буынның спортқа құлшынысын арттырады деп сенемін, – деді президент.
Қазір Мадияр Құрамысов жаттықтыратын еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржынында Белградтағы бәсекенің екі жүлдесі бар.
17 қыркүйекте Азамат Дәулетбеков (86 кг) қола медальмен бірге Париж Олимпиадасының жолдамасын алған болатын. Кеше қола медаль жолында Азамат Қартбай (57 кг) мен Болат Сақаев (79 кг) қарсыластарынан жеңілді. 92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА