Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спорттық ату федерациясының басшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті, деп хабарлады ведомство.
Жиында оқ ату және стендтік ату өкілдері спортшыларымыздың соңғы ірі халықаралық турнирлердегі жарысын қорытындылап, Париж Олимпиадасына дайындық жоспарын таныстырды.
Қытайдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы стендтік ату бойынша – 2 алтын және 3 қола, оқ ату бойынша – 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сары құрлық додасында З.Ирназарова, командалық скит микстте Ә.Орынбай мен Э.Ещенко және әйелдер арасындағы командалық скитте З.Кравченко, Ә.Орынбай, О.Панарина топ жарды.
Оқ ату және стендтік ату – медальдар ең көп сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Ұлттық құраманың кейінгі жылдардағы нәтижелері елімізде спорттық атудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Мергендердің Азия ойындарындағы жетістігі баршамызды қуантты. Өнімді жұмыс істелгені көрініп тұр. Ең бастысы – сіздер бүкіл елдің үмітін ақтадыңыздар. Алда лицензиялық жарыстар мен 2024 жылғы жазғы Олимпиада күтіп тұр. Осы спорт түрін серік еткен команда көшбасшылары іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, төртжылдықтың басты додасында лайықты өнер көрсетеді деп үміттенеміз, — деді Ермек Маржықпаев.
Қазіргі уақытта Қазақстанның спорттық ату құрамасы Париж Олимпиадасының 3 лицензияны иеленіп отыр. 2024 жылға 2 стендтік және 2 оқ ату бойынша 4 лицензиялық турнир жоспарланған. Демек, жолдамалар санын тағы да көбейтуге мүмкіндік бар.
Кездесу соңында Туризм және спорт министрі құраманың жаттықтырушылар штабына жеке алғысын білдіріп, оқ атудан бас жаттықтырушы Ольга Довгунға мемлекет басшысының атынан естелік сыйлық табыс етті.