Оңтүстік Кореяда қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасы мәресіне жетті.
19-қаңтарда басталған Олимпиадаға 78 елден 1803 спортшы келді. Тунис пен БАӘ елінің спортшылары алғаш рет қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрінен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Ал Қазақстан намысын спорттың 5 түрінде (9 бағдарлама) 41 жасөспірім қорғады. Нәтижесінде ел спортшылары 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 20-орынға табан тіреді. Азия құрлығында алғаш өткен ойындарда 32 мемлекет жүлдеге ие болды.
Енді оқырманның назарына ұлттық құраманың жекелеген спорт түрінен нәтижесіне шолуды ұсынамыз.
1.Канвон Олимпиадасының алғашқы күні шаңғымен тұғырдан секіру жарысында Қазақстан әнұраны шырқалды. Илья Мизерных 214 ұпай жинап, қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.
Осы күні Алёна Свириденко 27-ші, Софья Шишкина 29-шы, Илья Шильников 30-орын алды. Аралас командалық сайыста Қазақстан (Илья Мизерных, Илья Шильников, Софья Шишкина мен Алёна Свириденко) 13-сатыға табан тіреді. Олар 491,3 ұпай жинады.
2. Шорт-тректен Қазақстан ойындарға толық құрамда (2 ұл, 2 қыз) қатысқан 9 елдің бірі болды. Мұнда Полина Омельчук 1000 метрге жарыста қола жүлде алды. Сондай-ақ ол 1500 метрге жарыста финалға шыққанымен медаль ала алмады (6-орын). Анастасия Астраханцеваның үздік көрсеткіші В финалы (6-орын). Ұлдар арасында Ерасыл Шыңғысхан мен Мейіржан Төлегеннің жекелей сындағы үздік нәтижесі ширек финал болды. Эстафетада Қазақстан құрамасы жартылай финалда Ерасыл Шыңғысханның сүрініп қалуына байланысты жарысты аяқтай алмаған.
3. Хоккейден (3×3) ұлттық құрамасы Аустриядан 6:5 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды. Жасөспірімдер Олимпиадасы 3×3 хоккей алғаш рет қосылғанын айта кетейік.
Қазақстан топтық кезеңде Польша, Испания, Ұлыбритания, Қытайдың Тайпейін ірі есеппен жеңді. Алайда Дания, Аустрия, Латвиядан жеңілуге мәжбүр болды. Соған қарамастан плей-офқа шығып, жартылай финалда Латвияға тағы есе жіберді.
4. Тау шаңғысында ел намысын Александра Скороходова мен Владислав Хохлов қорғады. Александраның үздік көрсеткіші 5-орын (гигант слалом). Ал Владиславтың жақсы нәтижесі 19-саты (слалом).
5. Конькимен жүгіруде әпкелі-сіңлілі Кристина және Алина Шумековалар, Руслан Жәнаділов пен Михаил Матрюхин сынға түсті. Олардың жақсы нәтижесі мынадай:
Кристина Шумекова (7-орын, 500 және 1500 м)
Алина Шумекова 10-орын (500 м)
Руслан Жанәділов (8-орын, 1500 м)
Михаил Матрюхин 17-орын (1500 м)
6. Осыған дейінгі Ойындарда ең көп жүлде алған биатлонда бұл жүлдесіз қалдық. Аралас жұптық сында Ілияс пен Алема 10-шы болса, аралас командалық эстафетада Қазақстан 11-орыннан көрінді. Жекелей сындағы жақсы нәтиже Кирилл Зотовтың еншісінде (23-орын, 12,5 км).
7. Фристайлдың могул түрінде Юлия Феклистова 9-шы, ал Денис Раструба ұлдар арасында 10-сатыдан көрінді. Командалық сында екеуі 12-орында қалды.
8. Кёрлингтен ұлттық құрама (Ибрагим мен Мерей Тастемірлер) топтық кезеңнен шыға алмады. Бұл сатыда олар алдыңғы ойындардың жүлдегері Италиядан басым түсті. Алайда Аустрия, Германия, Швейцария мен Дания құрамасына есе жіберді.
9. Шаңғымен жарыста Қазақстан құрамасы (Берік Боранбаев, Әубәкір Тотанов, Милана Мамедова, Виолетта Митропольская) эстафетада 16-шы болып мәре сызығын кесті. Бұл олардың Альпенсия кешеніндегі ең жақсы нәтижесі. Жекелей сындағы жақсы көрсеткіш Берік Боранбаев (22-орын, еркін әдіс) пен Виолетта Митропольскаяда (25-орын, классикалық әдіс).
Канвон төрінде Қазақстан спортшылары алғаш рет фристайл-могул, хоккей (3×3) пен кёрлингтен жүлдеге таласты. Барлық 4 қысқы Олимпиаданы қоса есептегенде, Қазақстан жеңіп алған медаль саны 8-ге жетті (1 алтын, 1 күміс, 6 қола). Оңтүстік Кореяда Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
Каннын — Оңтүстік Корея
ФОТО: Шамкен БАЙЫРБЕК, Нұрғали ЖҰМАҒАЗЫ, Сали САБИРОВ