Алматыда созылмалы бүйрек ауруының (СБА) ауыртпалығына арналған баспасөз мәслихаты болды.
«Бүйрек саулығы барлығымыз үшін» атты жиын Дүниежүзілік бүйрек күніне орай өткізілді. Іс-шара нефрология, эндокринология және терапия салаларындағы жетекші сарапшылардың басын қосты.
Дәрігерлер СБА-ның таралу статистикасын айтып, пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін, диагностика мен емдеудің қолжетімді әдістерін талқылады. СБА-ны ерте анықтауға және алдын алуға да ерекше назар аударылды. Іс-шара Қазақстандағы «АстраЗенека» компаниясының қолдауымен өтті.
СБА әртүрлі сипаттағы бүйрек ауруларын біріктіретін жинақтық түсінік. Ол бүйрек функциясының ұзақ мерзімді прогрессивті төмендеуін білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, СБА-дан әлемде 840 миллионға жуық адам зардап шегеді. Бұл кесел еліміздің әрбір оныншы тұрғынында дакездеседі. Алайда жеті адамның біреуіне ғана СБА диагнозы қойылады.
Сарапшылардың пікірінше, мәселе СБА-ның байқалмай жүруінде және оның көбінесе кеш кезеңдерінде анықталуында. Көп жағдайда адамдар гемодиализ, аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасы немесе бүйрек трансплантациясы қажет болған кезде кәсіби көмекке жүгінеді. СБА-ның ерте диагностикасы көптеген пациенттер үшін жағдайды жақсартуға үміт сыйлайды. Нақтылап айтқанда, гемодиализ қажеттілігін кешіктіруге және адамдарға жақсы және қанағаттанарлық өмір сүруге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда 9 мыңға жуық қазақстандық гемодиализ процедурасын алады. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл ретте елімізде бейінді мамандардың тапшылығы туралы айтқан жөн. Халық арасында кеселдің таралуы жоғары болып тұрғанымен, елімізде бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созылмалы бүйрек ауруы бес кезеңнен тұрады. СБА-ның еш белгілерсіз өтуіне байланысты пациенттер аурудың кеш кезеңдерінде дәрігерге жүгінеді. Егер біз пациенттерде СБА-ның диагнозын ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші А сатысында анықтайтын болсақ, гемодиализді уақтылы терапияның көмегімен кейінге шегеруге болады, — деді медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нефрология кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласы бойынша нефрологиялық көмек координаторы Абай Мұсаұлы Шепетов.
Биылғы жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша, бүйрек трансплантациясына кезекте шамамен 3 600 қазақстандық тұр. Олардың 80-нен астамы – балалар. Ағзаларды трансплантациялауды күту тізіміндегі пациенттердің 90%-ға жуығы бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Қалған 10%-ы бауыр, өкпе және жүрек ағзалары. Сарапшылардың пікірінше, өкінішке қарай, әркім өз кезегін соңына дейін күте алмайды.
Мен 11-12 жасымда тамақ ауруымен қатты ауырдым. Бұл – бүйрек аурулары дамуының себептерінің бірі. Сол кезде маған гломерулонефрит диагнозы қойылды. Содан тек 30 жасымда диализге түстім. Менің жолым болды деп айта аламын. Себебі, маған донор табылды. Шындығын айтқанда, Қазақстаннан емес, Беларусь Республикасынан. Біздің елден айырмашылығы, ол жерде бүйрек трансплантациясы бойынша операцияны ақылы жасау қажет болды. Бұған кем дегенде, 72 мың доллар қаражат керек екендігін білдім. Мен әлеуметтік желілер арқылы жинақтауды аштым. Туыстарым мен менің жағдайыма бей-жай қарамаған қазақстандықтар қол ұшын созды. Менің өмірімді сақтап қалды. Қазақстанда күту тізімінде мен төрт жыл тұрдым. Ал Минскіде мен небәрі 10 ай күттім, – деді бүйрек трансплантациясын басынан өткерген пациент Анар Жеңісқызы Шаймергенова.
Мамандардың айтуынша, СБА дамуының қауіп факторлары болып табылатын бірқатар аурулар бар. Олардың ішінде ең көп тарағандары – артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), жүрек-қан тамырлары аурулары, отбасылық анамнездегі СБА және қант диабеті. Артериялық гипертензиямен ауыратын әрбір үшінші науқаста СБА маркерлері бар екенін атап өткен жөн.
Егер пациентте қант диабеті, артериялық гипертензия, туыстарында СБА болса, креатининге қан анализін тапсырып, шумақтық сүзілу жылдамдығын өлшеу қажет. Бұл – сізде СБА-ның бар-жоғын білудің негізгі жолы. Мұндай талдауды терапевт тағайындайды. Созылмалы бүйрек ауруы бар адамдар денсаулығының нашарлауын және аурудың белгілерін байқамауы мүмкін. Сондықтан жылына бір рет қан анализін тапсыруды ұсынамыз. Егер адам тәуекел тобында болса, онда мұндай талдауды кем дегенде жарты жылда бір рет жасау қажет, – деді медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының доценті Дина Амангелдіқызы Қапсұлтанова.
СБА дамуының жетекші себебі екінші типті қант диабеті болып табылады. Қант диабеті кезіндегі СБА мәселесі туралы медицина ғылымдарының кандидаты, «ҚР-дағы қант диабетінің ауыртпалығы» бас зерттеушісі, «Диабетті зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғам» ҚҚ президенті Жанай Ақанұлы Ақанов сөз алды.
Қант диабеті кезінде нефропатия дамиды. Қазақстанда бұған қатысты парадоксалды жағдай қалыптасуда. Диализдегі пациенттердің 50%-дан астамы – қант диабетімен ауыратын науқастар. Елімізде бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауыратын 400 мыңнан астам пациент бар. Ал аурудың жаңа жағдайлары бойынша жылына өсу үрдісі 18 мыңнан 30 мыңға дейін барады. Әлбетте, асқынуларды емдеу өте қымбат іс-шараларды қажет етеді. Қазір біз осы іспен айналысудамыз. Осы ретте алдын-алу терапиясы ондаған есе арзан болуы мүмкін, — деді ол.
Сарапшы 2030 жылға қарай біздің елімізде қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 800 мыңнан асуы мүмкін деп болжайды. Сондықтан СБА ауыртпалығын төмендету үшін эндокринология, кардиология және нефрология арасындағы пәнаралық көзқарас қажет.
Қазақстанда гемодиализ ел азаматтары үшін тегін көрсетіледі. Сарапшылардың пікірінше, жыл сайын осы процедураны қажет ететін адамдардың саны артып келеді. Тиісінше мемлекеттік бюджетке жүктеме де өсуде. Гемодиализге кететін уақыт шығындарына байланысты пациенттер көбінесе жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылады. Гемодиализден өткен азаматтарға бірінші дәрежелі мүгедектік беріледі. Сондықтан осы жағдайды өзгерту үшін СБА-ның ерте диагностикасы өте маңызды.
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ