Қырғызстанның Бішкек қаласында еркін күрестен өтіп жатқан Азия чемпионатында еліміз тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан жаңа салмақта күміс жүлдегері атанды.
Ол финалда 97 келі салмақтағы әлем чемпионы, бахрейндік Ахмед Тажудиновпен күресіп, 2:4 есебімен есе жіберді.
Бұл екеуі бозкілемде осымен екінші рет кездесті. Бұған дейін Түркияда өткен халықаралық турнирде де Тажудинов қазақ балуанын жеңген болатын.
Ризабек Айтмұхан — 92 келі салмақта әлем чемпионы. Ол жаңа маусымды олимпиадалық салмақта бастап отыр. Биылғы Азия чемпионатында спортшы жартылай финалда Үндістанның өкілін мерзімінен бұрын тізе бүктірсе, оған дейін өзбекстандық Махсұд Вейсалов пен Қырғызстанның спортшысы Андрей Ароновты жеңген.
Былтыр ол Астанада өткен сары құрлық чемпионатында күміс медаль алған. Енді биыл да күміс медальді қанағат етіп отыр.
Кеше тағы бір балуанымыз Азамат Өміржанов қола медаль үшін күресте қарсыласынан жеңіліп қалды.
Еркін күрестен 79 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Өміржанов кіші финалда өзбекстандық Асомиддин Хасановқа есе жіберді.
Осылайша, ол Азия чемпионатын бесінші орынмен аяқтады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА