• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қарысбек Махамбетов: «Ризабек жаңа салмаққа бейімделіп жатыр»

    Еркін күрестен Қазақстан құрама командасының жаттықтырушысы Қарысбек Махамбетов Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні туралы өз ойын айтты.

    Жаттықтырушы Olympic.kz-ке сұхбатында  балуандардың күресіне баға беріп, олардың алдағы мүмкіндіктері туралы пікір білдірді.

    Ол алғаш рет Азия чемпионатында жүлде алған Мейрамбек Қартбай туралы былай деді:

    Мейрамбек Қартбай алғаш рет Азия чемпионатында жүлдегер болды. Ол былтырғы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, финалға жеңілген еді. Бішкекте жартылай финалдық белдесуде жеңуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ соңына дейін жеңісті ұстап тұра алмады. Десе де, Мейрамбектің алғашқы жүлдесі үшін қуаныштымыз, — деді ол.

    Ризабек Айтмұхан туралы оның әлі болашағы бар екенін атап өтті.

    Ризабек Айтмұханға келер болсақ, бұл балуанымыз 97 келіге бейімделіп келе жатыр. Финалға дейінгі қарсыластарына еш айла қалдырған жоқ. Финалда ол өзі секілді жас спортшы, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновпен күресті. Ризабек адуынды қарсыласына жақсы тойтарыс берді деп ойлаймын. Ахмед бұрыннан сол салмақта жүрген жігіт. Салмағы жүз келіден асады. Ал Ризабектің салмағы әлі де болса жетіңкіремейді. Бұл белдесу кезінде бәрібір де байқалады.

    Елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы 97 келіде де жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, соған сенімдімін. Оның күресі көңілге сенім ұялатады, — деді маман.

    Ол басқа балуандардың бабы мен бағы келіспегенін жасырмады.

    Өкінішке қарай, қалған үш салмақтағы балуандарымыз жеңіліс тапты. Біріне сәттілік, енді біріне шеберлік мен жылдамдық жетпей қалды. Әсіресе, 65 келідегі спортшыларды әлі де дайындау үстіндеміз. Бұл салмақта ұзақ жылдар бойы Дәулет Ниязбеков көш бастады. Ол әлемдік деңгейдегі балуандар қатарынан болды. Енді оның ізбасарларын шығарамыз, — деді Қарысбек Махамбетов.

    Бішкектегі Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Мейрамбек Қартбай (57 кг) қола жүлде, Ризабек Айтмұхан (97 кг) күміс медалист атанды.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *