Биыл әйелдер күресінен ұлттық құрама команда Олимпиялық ойындардан тас қалды. Енді құрама команданы жаттықтыратын Қайрат Сағадиевтің шәкірттері Париж Олимпиадасына бармайды.
Осыған байланысты қазір Грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен федерация Сағадиевті отставкаға жібере ме деген сауал туындап отыр.
2015 жылы Гөзал Манюрова әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас жаттықтырушы қызметінен кетіп, оның орнына жастар құрамасының тәлімгері Қайрат Сағадиев келді. Бір жылдан кейін Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өткен Олимпиадаға әйелдер күресінен Қазақстан командасын Сағадиев апарды. Қазақстан құрамасының үш бірдей спортшысы Гөзал Манюрова, Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларинова Олимпиадаға қатысып, 1 күміс пен 2 қола медаль жеңіп алды.
Бір жылдың ішінде Сағадиевтің осынша табысқа жетуі Г.Манюрованың да үлесі бар екенін ұмытпау керек. Манюрова Ресейден келген легионер, Сыздықова болса Солтүстіктің тумасы, ал Ларионова Батыстың қызы. Ол кезде Манюрованың өкпесі мен кегі, Сыздықова мен Ларионованың Олимпиадаға алғаш қатысып, жүлде алуы олардың арманы тұғын. Эльмира мен Екатерина мүмкіндіктерін толық пайдалана білді.
Токио-2021 Олимпиадасында әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас жаттықтырушысы болған Нұрлан Аманқосовтың шәкірттері Валентина Исламова (50 кг), Татьяна Аманжол (53 кг) мен Эльмира Сыздықова (76 кг) бақ сынап, жүлде ала алмады. Егер де Нұрлан Аманқосов мықты бапкер болғанда шәкірттері жүлде алуы керек еді. Үш жылда бір Олимпиада жүлдегерін шығара алмағаны ұят қой.
Әйелдер күресінен құрама үздігі Жәмила Бақбергенова 72 келі салмақта үш рет әлем чемпионатында 2 күміс, 1 қола жүлде алды. Олимпиялық емес салмақта әлем чемпионатында жүлде алған ол неге Токио Ойындарына бара алмады?
Федерацияға қояр сұрақ көп, жауап жоқ.
«Бішкек-2024» Азиялық іріктеу турнирі мен «Ыстанбұл-2024» әлемдік лицензиялық турниріне қатысқан әйелдер күресінен Қазақстан командасы Париж Олимпиадасына жолдама ала алмады. Үш жылда Қайрат Сағадиев жаттықтыратын әйелдер күресінен бірде-бір балуан Францияға бармайтын болды. Енді балуан-әйелдер Qazsport телеарнасынанОлимпиаданы үйлерінде көретін болды. Әсіресе, әйелдер күресінен Қазақстан командасында жасы отыздан асқандар әлі күнге дейін күресіп жүр. Олар құрамада не істеп жүр? Әлде олар бас бапкердің «любимчиктері» ме?
Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерацияның президенті Дәулет Тұрлықановқа сұрақ: Жасы 35-тен асқан балуандарды жинай бергенше, жастарға көңіл бөліп, оларды Жапония, Еуропа мен Америкаға оқу-жаттығу жиынына жібермейсіз бе? Мысалы, жылына күрес федерациясына 2 млрд 800 млн теңге бөлінеді. Күреске бөлінген ақшаны қалай игеріп жатсыз? Өзіңіз басқаратын күреске реформа керек екенін білесіз бе?
Айбек МҰХАНОВ,
АҚТАУ