Бүгін Алматы облысы Боралдай елді мекеніндегі «Дәулет» спорт кешенінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс-мәңгілік тағзым» атты шағын футболдан ардагерлер арасында Іле ауданының доп додасы өтті.
Бұл турнирге «Желтоқсан ақиқаты» респубоикалық қоғамдық бірлестігінің батырларын арнайы құрметпен шақырған болатын. Турнирге қатысқан 10 команданың ішінен жастары алпыстан асқан Желтоқсан ардагерлері де тартысты ойын көрсетіп, балаларымен жасты жастарға қарсы әжептеуір шеберліктерін паш етті. Осылайша «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді», демекші желтоқсандықтар жүлдеге жетпесе де мәртебелі төртінші орынға ие болды.
Ауыл жастары көз тігіп тамашалаған айтулы турнирге арнайы келіп қана қоймай өзгеше ойын өрнегімен жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге болған Желтоқсанның батырларына ауыл халқы ерекше құрмет көрсетіп, риза болды. Жарыс соңында үздік ойыншылар мен жеңіс тұғырына шыққан командалар ұйымдастырушы Боралдай ауылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Шорманов мен Желтоқсан батыры Рая Жұманшиева әзірлеген марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Жақсы көңіл-күйде өткен аламан доп додасы аяқталған соң қатысушылар ұйымдастырушылар алқасына зор алғыстарын айтып, естелікке суретке түсіп үйлеріне тарқасты. Айтпақшы, марапаттау сәтінде аяқасты болған қуанышты көріністі айтпай кетпесе болмас. Жалынды жас жеңімпаз командалардың ойыншылары мойындарындағы алтын, күміс алқаларын шешіп алып барып, аға буын Желтоқсан ардагерлеріне құрметпен табыс етті. Бұл да бір үлкенге құрмет жасауды білетін нағыз қазақы әдептіліктің белгісі деп қабылдадық.
PS.
Тек өкінішті бір нәрсені айтпасақ болмас. Жарыстың ашылу салтанатында бір топ футболдан жасөспірім қазақтың балалары келіп қатысты. Сөз ретінде олардан қазақтың әйгілі үш футбол шебері Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев пен Сейілда Байшақовтардың есімдерін және олар кімдер екенін сұрағанымызды, бастарын төмен салбыратып жауап бере алмады. Ал, Месси мен Роналдоны жақсы білетіндерін мақтана айтты. Жасөспірімдердің өзіміздің отандық футболдың негізін қалаған даңқты жандардың есімдерін білмей тұрып, шетелдің ойыншыларын сайрап айтып бергені көңілімізге қаяу түсірді. Иә, бұл жерде футбол үйірмесінің жаттықтырушыларының үлкен қателіктері деп айтар едік. Адам өзінің туған елінде жүріп атақты тұлғаларын білмеу сауатсыздықпен бірге ұлтының мақтаныштарынан бейхабар болуы қасірет шығар. Ұстаздар алдымен туған елінің тұғырлы тұлғаларын жас ұрпақтың ойына құйып өсіруге міндетті. «Ел боламын десең бесігіңді түзе», деген.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ