• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тұнықтан түлеп ұшар таланттар

    Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз, туған жерсіз өмір сүре аламайды. Туған жерінде жүріп өзінің ауыл аймағының жақсысын асырып, жаманын жасырып, ел үшін еңбек ету ешқашан ескерусіз қалмасы анық.

    Ақ сүтін беріп аялап өсірген ананы қалай сүйсең, туған еліңді, жеріңді де солай сүю қасиетті борышымыз. Ал туған жеріне туын тігіп, ағайынның аты озғанша ауылдасымның аты озсын деп шауып жүрген ауыл азаматтарын көргенде нағыз патриоттар ауылда деп айтар едік. Сонымен қатар әрбір саланың таланттары да тоғысқан жер ол ауыл десек болады. Айталық, спорт саласына бұл күні ерекше көңіл бөлініп, ауыл-аймақтарда зәулем спорт алаңдары салынып, ауыл спорты ерекше қарқынмен дами бастады. Осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда ауылға, спортқа көңіл бөліну қуантары сөзсіз. Өйткені, ауыл қазақтың күре тамыры, алтын бесігі. Әзілхан Нұршайықов атамыздың: «Ауылсыз қазақ қайраңда қалған балықтай», деген сөзі ауылдың қоғамдағы алар ролін айқындап берген секілді. Ауылда таланттар жетеді. Тек олардың қайнардың көзін ашқандай аша біліп, қамқор жасау керек.

    Жуырда ауылдың талантты жастары мен аузын ашса жүрегі көрінетін абзал азаматтары жасыл алаңда доп теуіп, керемет футбол турнирін өткізді. Біз осы дүбірлі бір өткен футбол еске алу турнирінің куәсі болып, тамаша бір естен кетпес әсер алып қайтқан едік.

    Алматыдан ат басын бұрып барар жерді бетке алып шыққанымызда таң енді ғана қылаң беріп атып келе жатқан кез еді. Бағытымыз Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қазыбек бек бекеті. Жол бойындағы қаз қатар, біріне-соң бірі бой көрсетіп, кестенің жібіндей жалғасып жатқан ауыл аймақтарды басып өткен сайын, ауылдың қым-қуат тірлігіне араласып жаңа күнді әрекет, еңбектерімен қарсы алып жатқан ауыл тұрғындарын көріп сүйсіне қарадық.

    Хош, сонымен Қазыбек бек бекетіндегі су жаңадан салынған футбол алаңына келіп жеткенімізде алдымыздан Азат Сұлтанұлы Мұсаев есімді ауыл спортының ардагері, жарыс ұйымдастырушы, көңілді күймен қарсы алды. Негізі бұл ауылда жиі спорттық шаралар өтіп тұрады екен. Ауыл таланттары спорттың әр түрінен аудан, облыстарда өткен сайыстарда ауылының намысын табысты қорғап жүргенінен хабардар болдық. Міне, енді ауылдың спорт ардагерлері жайылып өз ауылдарында шағын футболдан ауыл спортының болашағы деп жүрген Ұлан Шектібай мен Бекарыс Жақсылық есімді өрімдей қос жас таланттардың тосыннан келген ажалдан мәңгілік мекеніне аттанып кеткеніне орай, ас беріп осындай аламан жарысты ұйымдастыруды жөн көріпті.

    Жарысқа Алматы облысының Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарының ауылдарынан командалар келіп тіркелді. Өз ауылдарының мақтаныштарына айналған сайдың тасындай сайыпқыран жастардың жеңіс үшін көздерінде оты жанып, жұлқынып тұрғандарын көрдік. Осындайда біздің Қазақстан құрамаларындағы ойыншылардың көздерінде оты сөніп, бойкүйез көңіл күймен алаңға шығатындары көз алдымызға елес бергендей болды. Оларда жоқ осындай жеңіске деген құлшыныс, жалынды мінездерді біз ауыл балаларының көзінен көріп сүйсіне қарадық. Көз деген адамның ішкі дүниесінің айнасы емес пе. Сонымен жарыстың ашылу салтанаты да жақсы ұйымдастырылды.

    Беташар сөзді Қазбек бек ауылының әкімі Өмірбек Бегендікұлы Сәрсенов алып, доп додасының мән мағынасын айтып, қатысушыларға жеңіс тіледі. Сосын сөз алған ауыл спортының ардагері Әбден Баймағанұлы Есперов ауылдың жасөспірім таланттарын өзге елдің емес өз елінің спортың дамуына үлес қосуға шақырды. Қос шырақтарынан айрылған қос ана көп алдына шығып, осындай құлыншақтарын еске алып дүбірлі шара ұйымдастырып отырған ауыл азаматтарына алғыстарын айтып, аналық ақ баталарын берді. Іс-шараның салтанатты тұсы аяқталған соң жарыстың білікті төрешілері Әлібек Өтеғұлов пен Бағдат Құдайбергенов алғаш болып ойынға шығар командалардың аттарын жариялап тартысқа толы ойындар басталып кетті.

    4 топқа бөлінген 12 команда күн ұзақ жасыл алаңда жеңіс үшін жан терлерін төгіп, шеберліктерін салды. Кескілескен кездесулер бір тыным таппай, жан беріп, жан алысқан ойындар арқылы паш етіліп, ауыл халқы керемет бір әсер алды десе болғандай. Біз ынтымағы ұйып, бірлігі жарасқан ауыл азаматтарының осындай тамаша бір аламан жарысты ұйымдастырып қана қоймай, өзге ауылдарға үлкен үлгі-өнеге көрсете білгеніне дән разы болдық. Әрине, «Шын мықтығы тұсау жоқ», демекші жарыс басталғаннан ерекше ойын өрнегімен жеңіліс көрмей, ауыл халқына тамаша бір футбол ойынының әсемдігін әсерлеп сый еткен Іле ауданынан келген «Рамазан» командасы бас жүлде кубок пен бәйгеге тігілген қомақты қаржыны жеңіп алды. Екінші күміс жүлде Жамбыл ауданының «Ұстаздар» командасына бұйырса, турнирдің қола жүлдесін Қазыбек бек ауылының жастары иеленді.

    «О, дариға алтын бесік туған жер,

    Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

    Сүйем сені туған ел –ата мекен,

    Абзал анам сенсің ғой құшағың кең», деп жырлаған Қасым Аманжоловтың осы бір нәрлі өлең шумақтарында туған жерге деген қаншлықты сүйіспеншілік, махаббат жатқанын айтпаса да түсінікті. Туған жердің туын көтеріп, ауыл спортын дамытудың ақ жолында жүрген жанашыр абзал азаматтардың арқасында елдегі жас таланттар туын жыққан емес. Керісінше, елміздің ұлттық құрмаларында әлем, Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, жеңіс биігінен көрініп жүрген адамдардың көпшілігі осындай аядай ауылда туып өсіп өнген таланттар.

    Ендеше осы ат тоқымындай ауылда өткен аламанда көзге түскен дарынды жастар ертең ұлттық құраманың жейдесін киіп жатса еш таңғалмас едік. Өйткені, бар жігер күш, құдірет, қасиет, тәрбие, дәстүр ауылда деп білеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *