• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ұлттық Олимпиялық комитет

    «Елдос Сметов татамиге оралама?» Сұраққа ұлттық құраманың өкілі жауап берді

    Ертең, 28 қарашада Әбу-Дабиде (БАӘ) дзюдодан халықаралық Grand Slam турнирі басталады. Осы орайда ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобазде Olympic.kz сайтына сұхбатында дайындықтың жай-жапсары жайлы айтып, өзекті сұрақтарға жауап берді.

    — Эр-Риядта өткен жарыста белдескен спортшыларға баға берсеңіз. Неліктен дәл осындай құрамды шығаруды жөн көрдіңіз?

    — Ислам ойындары біз үшін ойдағыдай болды деп ойлаймын. Бұған дейінгі Ислам ойындарында Қазақстан құрамасы небәрі бір қола медаль және екі бесінші орын алған еді. Биылғы нәтижеміз бұдан әлдеқайда жақсы: бір алтын, үш күміс және үш қола жүлдені иелендік.

    Әрине, одан да жақсы нәтиже көрсеткіміз келді. Әсіресе, 60 келі салмақта алтын жүлде алуға мүмкіндік болды. Дегенмен жалпы команданың өнеріне көңілім толады.

    — Әбу-Дабидегі жарысқа көшбасшылар аттанды. Неліктен осы доданы таңдадыңыздар?

    — Біріншіден, бұл жолы жарыстың деңгейі жоғары боларын алдын ала білдім. Екіншіден, Ислам ойындары жыл соңындағы соңғы дода емес. Желтоқсанда бізді жалпы дайындық кезеңі күтіп тұр. Егер Жапониядағы турнирге қатыссақ, одан кейін бірден сол жиынға қатысуға уақыт та, мүмкіндік те болмайтын еді.

    Сондықтан келесі маусымға дайындықты дәл қазірден бастау қажет. Келер жылы өте көп жарыс болады. Биыл жарысқа жиі қатыса алмадық. Себебі құрама толық дайын болған жоқ. Оқу-жаттығу жиындарына көп уақыт бөлдік. Ал алдағы жылы барлық жарыста өнер көрсетеміз.

    — Жалпы биылғы маусымды қалай бағалар едіңіз?

    — Мен әзірге бұл жылға баға беруге асықпаймын. Маусымның немесе жекелеген жарыстардың нәтижесін ерте саралаған дұрыс емес деп ойлаймын. Әуелі спортшыларға өзін көрсету үшін мүмкіндік беруіміз керек. Олимпиадалық цикл аяқталған соң ғана нақты қорытынды жасаймыз. Қазірдің өзінде өтіп жатқан жарыстардың бәрі — үлкен дайындықтың бір бөлігі ғана.

    — Елдос Сметов қашан сапқа оралады? Алдағы турнирлерге қатыса ма?

    — Елдос келесі жылы татамиге оралады. Оны ешқайда асықтырмаймыз. Спорттық бабына еніп, қалпына келген соң ғана қай жарысқа қатысатынын бірге ақылдасып шешеміз.

    — Келесі жылға құрам қалай жасақталады? Құрамаға жаңадан қосылатын балуандардың ішінде қазірден нақты атап айта алатын есімдер бар ма?

    — Жақында Қазақстан чемпионаты болды. Сол жарыстың нәтижесіне қарай құраманы жасақтап алдық. Командада ел чемпионатына қатыспаған, бірақ негізгі құрамға кіретін мықты спортшылар да бар. Қазір өте жақсы ұжым қалыптасып келеді. Бізге тек уақыт керек. Барлығы ойдағыдай боларына сенемін.

    Тағы қайталап айтарым: біздің басты мақсатымыз — Олимпиада, Азия ойындары және өз елімізде болатын әлем чемпионаты. Осы үш басты доданың барлығына біз 100 пайыз дайын боламыз.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *