Әлем футбол жанкүйерлері төрт жыл бойы күтіп тамашалаған әлем чемпионаты да өз мәресіне жетіп, жеңімпаз команданың да есімі белгілі болды. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын ала доптың жанкүйерлері бір айда астам уақыт бойы АҚШ, Канада және Мексикада 48 мемлекеттің қатысуымен өткен аламан доп додасын үзбей көріп, қызығына қанық болды. Иә, 2026 жылғы әлем чемпионы Испания құрамасы атанды. Аргентина күміс жүлдені місе тұтты. Ал енді әлем чемпионаты қандай әсер қалдырғаны туралы аз-кем сараптамалық ой жүргізе кетсек.
«Ақ болды көк болды, көңілге түскен дақ болды», демекші әлем чемпионатының қызығы мен шыжығы көп болғаны рас. Иә, Африка, Азия елдерінен келген командалары да азуын көрсетіп, әлем чемпионатында әсерлі ойындарымен есте қалғанын ұмыта алмаспыз. Сонымен қатар ат төбеліндей көлемі, 600 мыңға тарта халқы ғана бар Кабо-Верде елінің әлем футбол көшін бастаған алапауыт елдерге қарсы қайсарлық көрсетіп, састырған тартысты ойындары арқылы жұртшылықты таң қалдырғанын қалай ұмытар екенбіз. Әсіресе, 44 жастағы қақпашысы Вазиньяның қақпадағы жанкешті, шебер ойындарын көрген көрермен күні бүгінге дейін ауыздарынан тастамай әсерлете айтып келеді. Одан бөлек білікті маман Дик Адвокат жаттықтыратын ат тоқымындай ғана Кюрасао құрамасының жанкешті ойынын сірә, жуық арада ұмыту мүмкін емес шығар. Сонымен аттары аңызға айналған Неймар бастаған Бразилия, атынан ат үркетін Криштиану Роналдудай сұңғыла ойыншысы бар Португалия, Харри Кейндей көшбасшысы бар Англия, Мұхаммед Салахтай сұрпыл шебер ойышысы бар Мысыр құрамасы, Эдгар Холландтай голеодоры жасындай жарқылдаған Норвегия құрамалары мен Килиан Мбаппе секілді 10 гол салған сара ойыншылардың командасының жарыстан шығып қалуы миллиондаған жанкүйердің жанына күйзеліс әкелгінін де жасыра алмаспыз.
Иә, бұл футбол. Әлем халқы құрмартып көз жазбай көретін спорттың шыңында тұрған бұл ойында әрбір адамның өз жанкүйері өзі таңдап алған сүйікті командасы болары хақ. Жеңіс болған жерде жеңіліс те болатыны заңдылық.
Ал енді финалда кездескен осы әлем чемпионатындағы біріне бірі сай Аргентина мен Испания командаларының ойынын ой шерте кетейік. Бұл матчты нағыз арыстандар айқасы десе болғандай еді. Қақпасына бүкіл әлем чемпионаты кезінде бір ғана гол жіберіп алған Испания құрамасы бас кубоктен үмітті команданың бірі болғанын БАҚ өкілдері жарыса жазып жатты. Дегенменде екі дүркін әлем чемпионы, қатарында Мессидей әлем мойындаған ұлы футболшысы бар Аргенинаны осал деудің өзі қателік еді. Иә, Аргентинаны көре алмайтын көпшілік те әлем ақпарат желісінен “ФИФА сүйреп алып шығып келеді”, деген пікірлерді де жабыла жазып келгенін білеміз. Бірақ осы жерде бір айта кетер мәселе, Аргентина ФИФА сүйреуіне мұқтаж емес екенін Мысыр мен Англияға қарсы ойында дәлелдеп берді емес пе деген ойы туады.
Бұл екі матчта да Мессидің ұлы футболшы екеніне тағы көз жеткізгендей болдық. Негізі уақыттың соңында жеңісті жұлып алып кеткен мұндай команда финалда ойнауға лайықты екенін атойлап тұрып көрсетті. Ал финалда Аргентина көз тиді ме сөз тиді ме әйтеуір білгендерінен жаңылып, тактикалық қателік жібергені анық еді. Команда түгелдей қорғанысқа көшіп алды. Не түлен түрткенін білмедік допты қарсыластарының иелігіне толықтай беріп қойды. Сосын шабуыл дегенді мүлдем ұмытты. Оның үстіне жығылғанға жұдырық болып Энцо Эрнандес те ереже бұзып, екінші сары қағаз артынан қызыл қағазбен жазаланып ойыннан қуылды. Он ойыншымен азуын айға білген жас перілерден жасақталған жалынды командаға қарсы ойнау өте қиын болғаны сөз жоқ. Әттең, финалға дейін керемет жол жүріп келіп соңғы ойында аяқтары шалыс кетіп,шабан ойын көрсеткен Аргентина құрамасының еш қауқарсыз, бейшара қалпын көру өте аянышты еді.
Месси тұлға талант қой ғасырда бір туатын. Марапаттау кезінде көзінен аққан жастары барлығын бірақ айтып тұрғандай еді. Футбол деген осы бір қуаныш бір күйініштен тұратын ұлы ойын. Алдын ала кім жеңетінін кесіп тұрып болжам айта алмайтын спорт түрі осы футбол шығар, бәлкім. Дегенменде Аргентинаға әлем футбол жанкүйерлері дән риза.
Тартысты, тамаша ойын өрнектерімен миллиондаған футбол құмар халықты өзіне қаратып, футболдың ұлы өнер екенін көрсетіп кетті.
Төрешінің жұмысына ФИФА өз бағасын бере жатар. Бірақ та осы финалдағы ойында сары қағазды бәліш тартқандай аямай таратқаны көрермен есінде ұзақ уақыт қалатыны бір анық.
“Негізі ойынның жақсы өтуі төрешінің көзге көрінбеуіне қатысты”, деп жатады. Бәлкім, бұл дұрыс та болар. Ал бұл соңғы финалда төреші ойыншылармен бірге көзге көп көрінген жанның бірі болды. Аргентинаның қорғанысқа көшіп барып жатып алып, 120 минут бойы бір ретте Унаи Симонның қақпасына қауіп төндірмегені адам таңғаларлық жәй десе болады. Қорғаныста қымтанып алу Аргентина үшін орны толмас қателік болғаны жасыру мүмкін емес. Бүкіл чемпионат бойы арсыл- дүрсіл шабуылдармен қарсыластардың қорғанысында от болып, қоғадай жапырып келген команда, финалдағы ойында білгендерінен жаңылып, аласұрып-абдырап қалғаны осындай жеңіліске әкелді. Қайтейік жанкүйерлердің жаны күйінгенімен жеңімпаз біреу — ол Испания.
Дегенменде Аргентина, оның ішінде Месси бәрібір де әлем халқының жүрегінде мәңгі қалады. Испания қанша чемпион болса да сол тики-такпен есте қалар. Сонымен қатар Кабо-Верде секілді 600 мыңға таяу халқы бар ұлтарақтай елді жеңе алмағанын естен шығармайық. Футбол бұл ұжымдық ойын. Холланд, Кейн, Мбаппе секілді ұшарға қанаты жоқ, жүйріктердің неге бағы тайып еліне қайтты? Өйткені, командалық, ұжымдық ойындары жүрмеді. Сол секілді Испания бұл әлем чемпионатында ұжымдық ойынның нағыз үлгісін көрсеткен секілді. Иә, «жалғыз ағаш орман емес», тәмсілі де бар.
Жалғыз өзі бүкіл чемпионат бойы командасын сүйреп келген Мессиге барлығы жанын салып ойнап көмектесулері керек еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Десек те құрамындағы ұжымдық ойынға бейім, қысқа пастармен допқа иелік етіп алудың хас шеберлері Испанияның бүгінгі күні дәуірі жүріп тұр. Алайда Месси мен Марадонаның футбол сүйер жаhан халқының есінде, жүрегінде мәңгі ұмытылмастай қалып қаларына бек сенімдеміз. ФИФА келесі 2030 жылы өтетін әлем додасында 64 команда қатысады деген хабар тартқан екен. Кім білсін соншалықты көп команда қатысатын болса Қазақстан ұлттық құрама командасын да сол байрақты жарыстан көріп қалсақ арманымыз жоқ еді.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары