Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстанның ұлттық командасын V Азия Пара ойындары – Аичи-Нагоя 2026 жарыстарына шығарып салуға арналған салтанатты рәсім өтті.
Бұл дүрмекті дода 18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, қоғам қайраткерлері мен басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Іс-шараның шымылдығын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ашып, ұлттық құрама спортшыларына алдағы жарыста сәттілік тіледі.
«V Азия Пара ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде еліміздің спортшыларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, жарысқа тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жасалды. Биыл 12 спорт түрінен спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысты. Осы жарыстардың нәтижесінде 63 медаль жеңіп алды. Бұл – спортшыларымыздың тынымсыз еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі. Спортшылардың жақсы нәтижеге жетуі үшін жақсы дайындықпен қатар, қажетті әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету де аса маңызды. Осы бағытта елімізде заңнамалық деңгейде І топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін тұлғалардың мәртебесі бекітілді. Бұл қолдау шараларын жүзеге асыруға 2025-2027 жылдарға жалпы 1,5 миллиард теңге қарастырылған.
Алдағы Азия Пара ойындарына ұлттық құрамамен бірге 38 еріп жүруші аттанады. Бұл спортшыларымыздың жарыстарға толыққанды қатысуына және өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуіне жағдай жасайды. Алдағы ойындарда барша спортшыларымызға сәттілік тілеймін! Еліміздің көк туын биікте желбіретіп, Отанымыздың намысын абыроймен қорғайтындарыңызға сенемін. Әрбір жеңіс – ел үшін үлкен мақтаныш!», деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ұлттық құраманың ту ұстаушыларына табыс ету болды. Ойындардың ашылу салтанатында Мемлекеттік туды алып шығу құрметіне Париж-2024 Паралимпиадасының қола жүлдегері, пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла ие болды.
Ұлттық құрама спортшыларының атынан Дастан Мұқашбеков салтанатты ант берді.
«Қазақстанның Мемлекеттік туын Азия Пара ойындарында алып шығу — мен үшін үлкен мәртебе. Еліміздің көрсеткен ерекше сенiмiн бағалап және өзiмнiң жауапкершiлiгiмдi сезiне отырып, Азия Пара ойындарында еліміздің намысын лайықты қорғап, жақсы нәтижеге жету үшiн өзiмнiң жеңiске деген бар күш-жiгерiмдi жұмсаймын», деді құрама ту ұстаушысы.
V Азия Пара ойындары – Аичи-Нагоя 2026 жарыстарында Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 150 спортшы бақ сынайды. Олар пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, бочча және арбадағы теннис бойынша өнер көрсетеді. Оған қоса, салтанатты іс-шарада еліміздің ұлттық паралимпиадалық командасының алғашқы ресми маскоты — «Жеңістің» таныстырылымы өтті. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қарақал — дала сілеусіні бейнесінде жасалған. Маскоттың басты ерекшелігі — бір аяғындағы спорттық протезі. Ол адам рухының күшін, қайсарлық пен шексіз мүмкіндіктерді бейнелейді.
Қазақстан пара спортшыларының алғашқы ресми маскоты — «Жеңіс» Vietjet Qazaqstan компаниясының қолдауымен ұлттық құрамаға табыс етілді. Компания бұл бастама арқылы алдағы байрақты дода қарсаңында спортшыларға қолдау көрсетіп, олардың жеңіске деген жігерін арттыруды көздеді. Жеңіс ойындарда спортшыларға серік болып, командалық рухты нығайтып, пара спортшылардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға ықпал ететін болады.
V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты 18 қазанда өтеді. Жарысқа Азияның 45 елі мен өңірінен шамамен 4000-ға жуық спортшы қатысады.
Ойындар аясында спорттың 18 түрінен жарыстар өтіп, 502 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Бұған дейін еліміз Азия пара ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келе жатқанын хабарлаған едік. Содан бергі жарыстарда спортшылар 105 медаль – 20 алтын, 35 күміс, 50 қола медаль жеңіп алды. Ал жақында Францияның Париж қаласында пара таеквондодан тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында өткен Paris 2026 World Para Taekwondo Grand Prix Series турнирінде Нұрлан Домбаев жеңімпаз атанса, Жанболат Қазиев қола жүлдеге ие болды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары