Шымкентте үш Шахмат үйінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.
Шахмат үйлерінің ашылу рәсіміне Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және KazChess президенті Тимур Турлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа Шахмат үйлерінің орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Олар Шымкенттің тұрғындар жиі демалатын әрі көп уақытын өткізетін жерлерде орналасқан. Жобаның басты идеясы – шахматты халыққа барынша қолжетімді ету. Партия ойнау немесе мүдделестермен кездесу үшін арнайы спорт мектептеріне барудың қажеті жоқ, бұған енді саябақтар мен аллеяларда да толық жағдай жасалған.
Ауданы 223 шаршы метр ең үлкен Шахмат үйі Абай атындағы саябақта орналасқан. Ауданы 81 шаршы метрлік тағы екі павильон Металлургтер саябағы мен 17-шағын аудандағы аллеяда салынды. Соңғысында жазғы терраса да қарастырылған. Залдар арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған.
«Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Бүгінде бұл игі бастама жалғасуда. Жаңа Шахмат үйлері тұрғындарға бас қосуға, зияткерлік ойынмен айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Орталық Шахмат үйінің дизайнын әзірлеуге шахмат қайраткері, Шахматшылар одағының президенті Шыңғыс Нұрғалимов белсенді қатысты. Мердігер ұйым «Орда-Строй Капитал» ЖШС.
Салтанатты ашылудан соң жаңа Шахмат үйлерінде бірден SHYMKENT CHESS HOUSE BLITZ Challenger 2026 балалар блиц-турнирі болды. Оған 100 жас өрен қатысты.

Жалпы, Шымкенттен елге танымал көп шахматшы шыққан. Соның ішінде аға буынның жарқын өкілдерінің бірі — 87 жастағы Инна Матвеева-Попрукайло бар. Ол 1965 жылы КСРО чемпионатының финалында ойнаған алғашқы қазақстандық шахматшылардың бірі болды. 1973 жылы Қазақ КСР чемпионы атағын жеңіп алды. Содан кейін ол өмірінің көп жылын медицинаға арнап, зейнет жасында шахматқа қайта оралды. 2023 жылы Матвеева-Попрукайло 65 жастан асқан сеньорлар арасында Азия чемпионатын жеңіп алса, 2025 жылы осы жас санатында Қазақстан чемпионы атанды.
Шымкентпен бірнеше көрнекті шахматшының есімі тығыз байланысты. Осы қаланың тумасы Тамара Клинк әйелдер арасындағы гроссмейстер, Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ол төрт рет шахмат олимпиадасына да қатысқан.
Ләззат Тәжиева 1992 және 1993 жылдары әйелдер арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы болған. Халықаралық аренада ел намысын қорғады. Бүгінде оның есімі Шымкенттегі № 4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебіне берілген. Ал қалалық чемпионаттар шахматшыны еске алуға арналып өткізіледі.
Тағы бір танымал есім Гүлісхан Нахбаева — әйелдер арасындағы гроссмейстер, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Ол ұлттық құрама сапында алты рет шахмат олимпиадасында өнер көрсетті.
Бүгінде ол Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры. Ринат Жұмабаев — елдің үш дүркін чемпионы.
Шымкент шахмат мектебінің қалыптасуына бапкер, арбитр әрі ұйымдастырушы Григорий Ким үлкен үлес қосты. 1970-жылдардың аяғынан бастап оның қызметі қаладағы шахматты дамытумен тығыз байланысты болды. Бүгінде бұл жұмысты жалғастырып жүргендердің бірі – 2000 жылғы Қазақстан чемпионы, Қазақстан шахмат федерациясы Шымкент филиалының атқарушы директоры Алтын Есіркепова.

Осы күндері Шымкент шахматшыларды тәрбиелеп қана қоймай, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеді.
2024 жылы мұнда әлемдік шахматтың үздік өкілдерінің басын қосқан FIDE әйелдер Гран-приінің кезеңі өтті. Ал 2026 жылдың наурызында қала 25 млн теңге жүлде қоры бар KazChess Masters Nauryz 2026 турнирін өткізіп, қайтадан шахмат қауымдастығының назарында болды.
Шахмат тақтасында отандастарымыз Сербия, Үндістан, Мажарстан, Мексика мен Өзбекстаннан келген белгілі гроссмейстерлермен ойнады. Оған Алексей Сарана, Беньямин Гледура, Пранав Венкатеш, Меруерт Камалиденова пен Даниял Сапенов қатысты.
Осы жарыста 13 жастағы Данис Қуандықұлының шахмат рейтингісінде көш басында жүрген Алексей Сарананы жеңді. Турнир жеңімпазы болып 9 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинаған үндістандық гроссмейстер Пранав Венкатеш атанды.
Осы айда Шымкентте 411 жас ойыншының басын қосқан Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған классикалық шахматтан Қазақстан Балалар кубогының алғашқы кезеңі өткізілді. Мұнда 87 шахматшы бақ сынаған сеньорлар арасындағы Қазақстан чемпионаты да өтті.
Өңірде шахматтан білім беру де дамып келеді. Тамыз айында «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша жергілікті 48 педагог оқуын сәтті аяқтады.
Үш Шахмат үйінің ашылуы қалалық инфрақұрылымды дамытудағы келесі қадам болып, бұл ойынға әртүрлі жастағы тұрғындарды одан әрі тартуға мүмкіндік береді.
Егер 2015 жылы елімізде 58 шахмат турнирі өткізілсе, 2025 жылы олардың саны үш мыңға жетті. Он жыл ішінде жарыстар саны шамамен 52 есе өсті. Өңірлерде шахматты дамытумен Қазақстан шахмат федерациясының 20 аймақтық филиалы айналысады.

2026 жылдың маусымында Ақтөбе жүлде қоры 100 мың доллар болатын Aktobe Open – Владимир Дворкович мемориалын өткізді. Шілде айында Өскеменде 16 елден 200-ден астам шахматшыны, соның ішінде 22 гроссмейстерді біріктірген Oskemen Open өтті. Мұндай турнирлер жас ойыншыларға елден шықпай-ақ, мықты қарсыластармен тақта үстінде кездесуге мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылы екі мыңға жуық адамның қатысуымен 44 шахматтық іс-шара өткізілді. Павлодарда тамыз айында 185 жас шахматшының басын қосқан Қазақстан Балалар кубогының «Прииртышье – 2026» кезеңі болды.
Бүгінде еліміз бойынша 2026–2027 оқу жылының басында «Білім берудегі шахмат» бағдарламасына 2 509 мектеп қосылды. Шахмат сабақтары 6 770 сыныптағы 133 812 оқушыны қамтиды. Ақтөбе облысында шахмат 202 мектепте оқу пәні ретінде енгізілді. Ал Павлодар облысында барлық жалпы білім беретін мектептерде шахмат бойынша қосымша білім беретін педагогтердің штаттық бірліктері қарастырылған.
Инфрақұрылымды дамыту осы жұмыстың заңды жалғасы. Мектеп қабырғасында шахматпен танысатын балалар көбейген сайын, олардың әрі қарай шеберлігін шыңдап, жарыстарға қатысуына жағдай жасайтын кеңістіктерді құрудың маңызы арта түседі. Шымкент тұрғындары үш жаңа Шахмат үйінің ашылуы арқылы осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Жаңа орталықтар алғашқы жүрісін жасап жүрген бүлдіршіндерден бастап, шахматты серік еткен тәжірибелі ойыншыларға дейінгі әртүрлі буын өкілдерінің басын қосатын заманауи алаң болады.

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары