• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бақыт Балуан

    Жаңбырбаев. Осы бір тек ел арасында айтыла қалса, «Балуан, бапкер Бақытты меңзеп тұрсың ғой» деп емірене кететін ел-жұрт көп бүгінде. Иә, Жаңбырбаевты тек спортшылар ғана емес, былайғы жұрт та өте жақсы біледі. Өйткені, көкірегі ояу, көзі ашық, көпшіл азамат. Биылғы жылдың 28-ші сәуірінде бұл кісі жетелі жас – 70-ке келді. Арда ағамыздың редакциямыздың атынан мерейтойымен құттықтай отырып, оның өткен өнгелі өмір жолынан сыр шертетін шежірелі материалды оқырман назарына ұсынамыз.

    Махмут-Бақыт ЖАҢБЫРБАЕВ

    1950 жылдың 28-ші сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген.

    1966 жылы В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітірген. Сол жылы Ташкент қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институттың дене шынықтыру факультетіне оқуға түскен. Күреспен 1966 жылдан бастап айналысқан. 1968 жылы Ташкент қаласының, кейін Республика құрама командасында күрескен. 1969 жылдан КСРО жастар құрамасында өнер көрсеткен. 1969 жылы КСРО құрамасының сапында Канада мемлекетінің Гамилтон қаласында сынға түсіп, чемпион атанған. 1970 жылы құрама құрамында Грекияның Афина қаласында да халықаралық жарысқа қатысқан. 1970-1976 жылдары ұстаз әрі жаттықтырушы болып қызмет атқарған.

    1976-1995 жылдар аралығында комсомол-партия және шаруашылық жұмыстарында басшылық қызметті атқарған. 1995-2001 жылдары жаттықтырушы, кейін 2001 жылдың тамыз айынан бастап Мақтаарал аудандық «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры болып қызмет етуде.

    Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріне орай иеленген марапаттары:

    «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, аса жоғары Халықаралық дәрежедегі төреші, күрестің үш түрінен спорт шебері, «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Халықаралық «Алтын қыран» орденінің иегері және «Мақтаарал ауданының құрметті азаматы».

    Сондай-ақ, еліміздің спорт саласына жауапты министрліктер мен комитеттер тарапынан әр жылдарда еңбегі еленіп отырған. Мәселен, 1997 жылы самбодан «ҚР спорт жөніндегі ұлттық төреші» мәртебесі берілсе, 1998 жылдары дзюдодан «ҚР спорт жөніндегі ұлттық төреші», қазақ күресінен «ҚР спорт жөніндегі ұлттық төреші» және «ҚР спорт шебері», еркін күрестен «ҚР спорт шебері», 2000 жылы «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы», 2002 жылы «Дене шынықтыру мен спорттың дамуына қосқан еңбегі үшін» және «ҚР дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгілерімен, 2004 жылы қазақша күрестен «ҚР жоғары дәрежедегі ұлттық төреші» және «ҚР құрметті спорт қайраткері», спорт түрлерінің федерациялары тарапынан 2007 жылы «Халықаралық дәрежедегі төреші», 2009 жылы  «Аса жоғары халықаралық дәрежедегі төреші», 2010 жылы «Моңғолия Республикасының «Спорт айбыны» атағымен құрметтелген. Бұдан бөлек, мемлекет тарпынан берілген көптеген медальдар мен ордендер де бар.

     Қазақтың соңғы ханы Кенесары ел-жұртты кезіп жүріп, бірде оңтүстіктегі Шардара аймағына да келген екен. Мұнда ол кезінде қазақтың айбарлы батырларының бірі болған Жалаңтөстің ұрпағы Бұлтбай батырға жолығыпты. Мұндағы мақсаты патшалы Ресейге қарсы бағытталған әскерінің санын толықтыру болған. Оның бұл ұсынысын құп алған Бұлтбай Сырдария сағасындағы елді мекендерді аралап жүріп, Кенесары әскеріне қосылатын адамның санын мыңға дейін жеткізіпті. Алайда, хан Кененің «Мыңбасы болып менің соңыма ергін» деген ұсынысын құп көрмеген. Ол оған «Қазақтың «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөзі бар ғой. Алда-жалда мұндағы халықты жау жағадан алатын болса, оған қорған болатын батыр керек. Сондықтан сенің соңыңа батылдығы менен бір мысқал да кем түспейтін Барақ бауырымды ертейін» деп нағыз ерге тән уәжін айтады. Бұлтбайдың бұл уәжіне келіскен Кенесары Барақ батырды өзіне «мыңбасы» етіп алған екен. Олар алдымен біраз уақыт Шымқорғанда жауынгерлік жаттығуларын өткізеді. Сонда соғыс қимылдарына әбден дағдыланғаннан кейін жорыққа аттаныпты. Барақ өзінің ағасы Бұлтбай айтқандай ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ерекше батылдығымен көзге түскен. Қол астындағы жауынгерлері де намысын жауға таптатқызбапты.

    Мырзашөл өңіріндегі үш аудан көрші Өзбекстанның құрамында болған тұстарда Мақтарал ауданының тумасы, жоғарыда біз сөз еткен Барақ батырдың тікелей ұрпағы Бақыт Жаңбырбаев деген азамат бүкіл Кеңес Одағына балуандығымен танылған. Әрине, мұндай биік белес адам баласына оңай келмесі анық. Сондықтан кейіпкеріміздің спорттық жолдағы кезеңдеріне кеңірек тоқталғанды жөн санадық. 1966 жылы ХХ партсьезд кеңшарындағы В.И.Ленин орта мектебін тәмамдаған ол осы жылы Ташкент қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институттың дене шынықтыру факультетіне оқуға түскен екен. Оның әке-шешесі сүйегі ірі кісілер болған. Алайда, орта мектепте оқып жүрген кезінде Бақыттың бойы булығып өскендіктен студенттік өмірдің алғашқы жылында дене бітімі жағынан ата-анасына аса ұқсай қоймапты. Салмағы 42 килограмға жетер-жетпес болса, ал бойы қатарластарының басым бөлігінен қалып қойған. Оның бұл дене бітімі курстас жолдастарымен бірге алғаш рет бокс үйірмесіне барғанда кедергі келтіріпті. Бойының қысқалығын және салмағының аздығын алға тартқан жаттықтырушы оны аталмыш үйірмеге қабылдаудан бас тартқан. Бұл тосын жағдай Бақытқа жеңіл тимеген. Әйтсе де, оның құлазыған көңілін курстас жолдастары Әлімқұл мен Құдиярдың еркін күрес үйірмесіне үгіттеген ұсынысы жайландырыпты. Бұл ұсынысты қуана құп алған ол ертесінде-ақ еркін күреске барған. Жаттықтырушы Георгий деген кісі екен. Байсалды мінезді бапкер үйірмеде адам толып тұрса да Бақыттың бетінен қақпапты. «Әзірге жаттығуға сен де келе бергін, сынақ кітапшаңа «автомат» қойып беремін. Бірнеше күннен соң мақта теруге кетеміз. Содан келгеннен кейін арғы жағын көре жатармыз» деп оны күрес алаңына кіргізіп жіберген. Мұндай мүмкіндікке кім қуанбасын? Әсіресе, шымыр денесін одан сайын шынықтыруды көздеп жүрген Бақыттың қуанышында шек болмаған. Ол студенттер мақта теруге кеткенге дейін 4-5 рет күрес кілемінен көрініп үлгеріпті. Оның бойындағы спортқа деген айрықша құлшыныс пен ұтқыр қимылдары осы санаулы жаттығудың өзінде білікті бапкердің зейінін өзіне аудара алған. Алайда, арадағы мақта теру науқаны студенттерді бұл үйірмеден біраз уақытқа қол үздіріпті. Қыркүйек айының бел ортасына қарай өзінің курстастарымен бірге Мырзашөлдегі мақта алқабына аттанған Бақыт мұнда қыс қырауы түскен уақытқа дейін «ақ алтын» терген. Тек желтоқсан айының соңына таяған кезде ғана еркін күреске қайта оралыпты. Оны үш айдан астам уақыт көрмеген бапкері бойы біршама өсіп қалған Бақытқа қарап «Міне, тосынсый деп осыны айт. Үш айдың ішінде әжептәуір үлкейіп қалыпсың. Енді салмағыңды көрейік. Кел, таразыға тартылғын» деп таңырқаған кейіп танытады. Ал, дене салмағы 50 килограмды еңсергенін көргенде жаттықтырушы үйірме тізіміне Бақытты қосып жіберіпті.

    Балуандыққа бет бұрған Бақыттың бағына қарай еркін күреспен шұғылданып жүрген жігіттер кілең «сен тұр, мен атайындар» болған. Оның үстіне, бапкердің қатаң талабы мен жоғары біліктілігі оның күн санап ширығуына, күрестің әдіс-тәсілдерін мейлінше жетік меңгеруіне түрткі болыпты. Үш айдай күрес тәсілдеріне қаныққан соң Жаңбырбаевты жаттықтырушысы жарыс додасына салып жіберген. Ол бастапқы кездерде 52, 57, 60 және 63, ал кейінірек 68 килограм салмақта жарыстарға қатысып отырған. Еркін күреске деген ептілігіне дән риза болған бапкері оны екінші курсқа өткенде институттың құрамасына өткізіпті. Сол уақыттарда Ташкент қаласында спортқа арналған қоғамдық ұйымдардың көп болғандығы соншалық, тіпті апта сайын жарыстар өтіп тұрады екен. Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының құрамасы бұл жарыстардан әсте қалыс қалмаған. Мұндай қарбалас Бақыттың қанатын қатайтып, еркін күресте елге кеңірек танылуына жол ашыпты. Өз салмағында бірнеше рет жеңімпаз атанған. Сондықтан болса керек, үшінші курста, яғни ол он сегіз жасқа толған кезде Өзбекстан Республикасының жастар құрамасына қабылданыпты. Ол мұнда да биік тұғырдан көрініп, республика чемпионы атанған. Бақыттың бір басында «Өзбекстан Республикасының еркін күрестен 5 дүркін чемпионы», “Орта Азияның екі дүркін чемпионы” және “Өзбектің ұлттық күресі бойынша екі дүркін абсолютті чемпионы (түйе палуан)” деген атақтары бар. Басқа-басқа, өзбектер өзге ұлт өкіліне жеңісті оңайлықпен бере қоятын халық емес. Ең болмағанда, айласын асырып, алдын орауға тырысып бағады. Әсіресе, біз дегенде «бір саусағы бүгулі тұратын» олардың Бақытқа да бір ойлағаны болған да шығар, бәлкім. Алайда, оның боз кілемдегі батыл қимылдары мен күрес тәсілдерін көз ілеспес жылдамдықта орындаған шеберлігі тек өзбектің ғана емес, көрші елдегі басқа ұлттардың да басын игізген. Аз уақыттың ішінде тек алға ұмтылып, осындай жетістікке жеткен қазақ балуаны Болгарияда өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген соң Өзбекстан Республикасының ұлттық құрамасының сапында беткеұстар балуанға айналған. Бұдан кейін ол осы құрамамен бірге Канада мемлекетінің Гамилтон қаласында өткен халықаралық жарыста да чемпион атанған. Сондай-ақ, Грекияда болған халықаралық бәсекеде КСРО құрамасының атынан қатысып, жүлделі орынды иеленіпті. Ал, 1970 жылы Ташкенттегі жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң Бақытты Өзбекстанның ұлттық құрамасы өзінде қалдырмақ болады. Алайда, оның әкесі «Балам онсыз да сыртта бес жылдай жүріп қалдың. Отбасымдағы атұстар азаматым өзің ғана. Сондықтан елге келіп еңбек еткін» деп өз шешімін айтыпты. Әкесінің бұл тоқтамына ол еш қарсылық білдірмеген. Туған мекеніне оралып, Киров ауданына қарасты «ХХ партсьезд» кеңшарындағы бір кездері өзі орта білім алған В.И.Ленин мектебіне дене шынықтыру мұғалімі болып орналасыпты. Мұнда ол мұғалім бола жүріп спорт саласын басқарып отырған мемлекеттік мекеме басшыларының қолқа салуымен Сырдария облысының орталығы Гүлстан қаласында қосымша бапкерлік қызметті атқарған. Оқу-жаттығу кезеңдерінде осы жақтан бой көрсетеді екен. Ал, қалған уақытта мектепте мұғалімдік міндетіне кіріскен. Енді мына бір қызықты қараңыз. Жоғары оқу орнын бітірген кезде Өзбекстанның Ұлттық құрамасы Бақыттың Ташкентте қалуын қаласа, Гүлстандағы бапкерлік қызметіне көңілі толған басшылар ол әскерге аттанбақ болғанда Самарқанттағы әскери спорт ротасына түсіруге бейіл танытқан. Бірақ, бұл жолы Бақыттың өзі қарсылық білдіріп, Отан алдындағы міндетін Ресей жерінде өтеуді ұйғарыпты. Осылайша ол 1971 жылы 26-шы мамырда Гүлстаннан Ресейдің Свердловск облысына әскерге аттанған. Мұнда әскери спорт ротасына түсіп, алғашқыда еркін күреспен шұғылданып жүріпті. Алайда, арада біраз уақыт өткенде бұл әскери бөлімге самбо күресінен 82 салмақта белдесетін адам керек болады. Рота командирі бұған Бақытты лайық деп тапса керек, күрестің осы түріне ауысуын сұраған. Сонда ол «Мен әрине самбошы емеспін, бірақ күрестің бұл да бір түрі болғандықтан мұнымен де шұғылданып көруге болады» деп өз келісімін беріпті. Еркін күреске епті жігіт рота құрамасында жүрген екі айдың ішінде самбоның әдіс-тәсілдерін әжептәуір меңгеріп, жаттығу кезінде және ішінара сайыстарда жақсы нәтиже көрсете бастаған. Сондықтан болса керек, бұдан кейінгі кезеңдерде ол Орталық Орал әскери округі құрамасының сапында жарыстарға қатысыпты. Алдымен Свердловскіде, одан кейін Верхоянскіде өткен сайыстарда чемпион атанған. Ал, Мәскеуде өткен бүкілодақтық додада үшінші тұғырдан көрініп, Кеңес Одағының спорт шебері атағын иеленіпті. Бұл уақытта мұндай мәртебеге одақтық жарыстарда алдыңғы алты орыннан көрінгендер ғана қол жеткізетін болған. Не керек, Бақыт әскерде жүргенде де біраз белестерді бағындырып үлгеріпті. Ал, армиядан кейін қайтадан ауылға келгенде ол Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбас бұрын, дәлірек айтқанда 1971 жылдың 2-ші мамырында Шымкент облысының құрамына қайта қосылған Мырзашөлдегі үш ауданның тыныс-тіршілігі қазақстандық жүйеге бейімделіп қалған екен. Ол елге келген бойда орта мектептегі өз жұмысына қайтадан кіріседі. Сондай-ақ, Киров ауданындағы спорт саласын басқарып отырған Мейрамбек Қонысов пен Нематулла Сүлейменовтың қолқа салуымен ауданның аға бапкері қызметін де қатар алып жүріпті. Киров ауданында алғашқы спорт құрамасын жасақтаған ол ондағы спортшыларды аптасына екі-үш рет жаттықтырып отырған. Ал, арада біраз уақыт өткенде аудандық құраманы облыстық деңгейде өтетін жарыстарға қоса бастапты. Бапкердің жемісті жұмыстарының нәтижесі болса керек, жаңа әрі жас құрама ә, дегеннен-ақ спорт жанкүйерлерінің назарын өзіне аударған. Тіпті, облыстық додаларда оза шауып, командалық есепте ешкімге есе жібермейтін болыпты. Бақыттың бапкерлік қызметтегі бұл жетістігі Шымкент облысындағы спорт саласына жетекшілік етіп отырған азаматтар тарапынан оң бағаланып, 1973 жылы облыстық Жастар құрамасына аға бапкер болып орналасуына түрткі болған. Бұл кезде де ол мектептегі мұғалімдік қызметін бапкерлік жұмыспен қатар атқара берген. Және де екеуінде де еңбегі ел тарапынан еленген. «Сонда қалай?» деп күмәндансаңыз, күдігіңізді мына бір екі жағдай сейілтеріне титтей де шүбәміз жоқ.

    Бақыт 1970 жылы білім ордасын бітіріп, өз ауылына орала салысымен №1 бөлімшедегі мәдениет үйінің ішінен ешкімнен бір тиын сұрамай-ақ қоғамдық Күрес үйірмесін ашқан. Мұнда қаншама қазақ баласы спортпен шұғылданыпты. Ал, армиядан кейінгі кезеңдерде білім беру саласын басқарып отырған кісілердің көзін жеткізе отырып, күресті мектеп бағдарламасына енгізген.

    Енді бапкерлік қызметіне келейік. Облыстық жастар құрамасында ол талай болашақ чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Мәселен, кезінде қазақтың түйе палуаны атанған, бүгінгі таңда бүкіл спортсүйер қауымға кеңінен танымал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аса жоғары дәрежелі төреші Серік Түкиев Жаңбырбаевтың қол астында тәрбиеленген азаматтардың бірі. Тек Серік ғана емес, оның бауырлары Еркін, Жақсыбек, Марат және Болат Түкиевтер де, сондай-ақ еркін күрестен Қазақстанның төрт дүркін чемпионы болған Ерубай Намазбаев, КСРО Қарулы күштерінің чемпионатында топ жарған Юрий Аккермани, Өзбекстанның 7 мәрте чемпионы болған Константин Мелтиди және ағайынды Бақытбек пен Бауыржан Махамбетовтер секілді спорт саңлақтары бапкердің бағына айналған шәкірттері. Міне, біз сөз еткен осы екі жағдайдың өзі ешкімнің көңілін күпті етпесі анық.

    Жалпы, Жаңбырбаев жайында жазатын тағы да дүниелер жетерлік. Бұл тұрғыда тізгінді босатсақ, ұзаққа шабатын түріміз бар. Аты алты Алашқа мәлім азаматтың осы уақытқа дейін қол жеткізген атақ-даңқын тізбелесек, тіпті бірнеше беттің толатыны да анық.

     

    Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ,

    Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

    «Аманжол», «Хирург», «Ұстаз» және «Мырзашөл Қызылқұмы» атты кітаптардың авторы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *