Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмалары бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 18 қыркүйекте бейнеконференция режимінде бұқаралық спортты дамыту мәселесі бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Балалар мен жастарды спорт үйірмелеріне тарту, жалпы білім беретін мектептердегі спорт залдары мен жабдықтардың тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударылып, спортпен айналысатын азаматтардың үлесін арттыру, бұқаралық спортты қаржыландыруды кәсіби клубтарға жұмсалатын шығындарды қысқарту есебінен арттыру, спорт залдары мен мектептердегі жабдықтар тапшылығын шешу туралы нақты тапсырмалар берілген еді.
Осыған байланысты бүгін Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың төрағалығымен облыстық білім басқармалары басшылары мен орынбасарлары, аймақтық дене тәрбиесі орталықтары басшылары және әдіскерлерінің қатысуымен бүгін онлайн жиналыс өтті. Ш.Таңатқызы өңірлердегі мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамыту қызметтері жөнінде бірқатар кемшіліктерді айтты.
Жиында белгілі болғандай, еліміз бойынша жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің мұғалімдеріне оқу-әдістемелік көмек көрсететін, бұқаралық спортты дамыту, спорт түрлері бойынша облыстық іріктеу жарыстарын ұйымдастыру мен өткізу бойынша жұмыс жүргізетін өңірлік дене шынықтыру орталықтары 11 облыста ғана жұмыс істейді. Өкінішке орай, Шымкент қаласы мен Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында дене шынықтыру бойынша өңірлік орталықтар жоқ. Бұл дене шынықтыру-сауықтыру және бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізу деңгейіне кері әсер етеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру үшін білікті мамандар мен қарапайым жағдайлар жетіспейді.
–Білім беру ұйымдарында дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелерінде тиісті іс-шаралардың жеткіліксіздігі айқын байқалады. Жергілікті білім басқармалары ұйымдастыратын спорттық іс-шараларға негізінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері қатысады. Әрине, бұл оқушылар арасында спорттық бәсекелестік пен жарыстың бұқаралық сипат алуына кері әсер етеді. Нәтижесінде балалардың басым бөлігінің спортқа деген қызығушылығы төмендейді, ал жарысқа қатысушылардың құрамы сыныптан тыс жұмыстар аясында білім беру ұйымдарында спортты дамытудың тиімді жүйесінің жоқтығын көрсетеді, – деді БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Тастанбек Есентаев.
Ауыл оқушыларының спорт ғимараттарындағы сұраныстары тек 30% қанағаттандырылған. Демек, мұндай жағдай балалардың өмір сүру деңгейі мен толық физикалық, психикалық, моральдық және рухани дамуы үшін қажетті жағдайларға құқығын шектейді.
Елімізде 10 583 мектепке дейінгі тәрбие ұйымы бар. Оның ішінде 6 633 балабақша, 3 950 шағын орталық, 67 санаториялық балабақша, 41 арнайы балабақша. Мұнда 26,1% спорт залдарымен, 4,2% бассейндермен, 77,9% ойын алаңдарымен жабдықталған.
Спорттық базалар аз қамтылған өңірлер мыналар. Қостанай облысында базалар 37,0 %, Ақмола облысында 38,8% және Атырау облысында 47,7 % қамтылған. Жалпы білім беретін 6 982 мемлекеттік мектептің 6 086-сында (87,1%) спорт зал бар, олардың 5 260-ы үлгілік және 826-сы бейімделген спорт зал.
Мектептердегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің ең төмен көрсеткіштері Батыс Қазақстан – 42,4%, Ақмола – 50,8%, 59,6% – Жамбыл облыстарынан көруге болады, ал республикалық көрсеткіш – 73,2%.
Бұл білім беру ұйымдарының толық қаржыландырылмауымен байланысты, халықтың жағдайы нашар топтарынан шыққан балалардың спорттық ортаға тартылу мүмкіндігін төмендететін ақылы қызметтердің өсуіне алып келеді.
Балаларды дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларға тарту, белсенді демалыстарын ұйымдастыру, жаман әдеттердің алдын алу мәселелері жан-жақты шешімдерін әзірлеуді талап етеді.
–Балабақша тәрбиешілері, жалпы білім беретін мектептер мен колледж мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жүйесін жақсарту, әдістемелік базаны жаңарту, материалдық-техникалық қамтамасыз ету проблемаларын шешу қажет. Біздің үлкен әлеуетімізбен тез тұрғызылатын заманауи спорт залы мен стадион еліміздің әрбір оқу орнында болуы тиіс, бұл жағдайда біз балалардың спортқа деген қызығушылығын бірнеше есе арттырамыз және балалар қылмысы мен аурушаңдығы проблемаларын түбегейлі шешеміз, – деді Тастанбек Құтжанұлы.
Жиналыс қорытындысында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 26 мыңға жуық дене шынықтыру мұғалімінің спорттық бағыты мен әр баланың спортқа қатысу көрсеткіштері туралы мәліметтерді жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ, спорттық секцияларға қатысатын оқушылар туралы ҰБДҚ-ның ақпараттарын ретке келтіру, дене шынықтыру пәнінің бағдарламасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілері мәселелері, дене шынықтыру сабағын сапалы өткізу, «Футбол сабағы» апробациясының қорытындысы жайлы сөз қозғалды. Бұл мәселелер дене шынықтыру және спорт бойынша Жол картасына енгізіліп, кәсіби шешімдер шығарылатын болады.