• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ауыр атлетикадан Алаштың асқар белдей ерлері

    Ауыр атлетикадан қазақ жастарының арасынан тұңғыш рет әлем чемпионының шығуына зор үлесін қосқан білікті бапкер, Алматы мен еліміздің көптеген өңірінде штанга бөлімін ашқан, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, ауыр атлетика спортының ардагері Бекен Бекмұхамед.

    Қазақстанда ауыр атлетиканың дамуына қаракөз Алаш азаматтары арасында еңбегін сіңірген атпал азаматтар жоқ екен. Ауыл атлетиканың қазақ жерінде болмауы мүмкін емес еді. Сәл пәл тарихқа шегініс жасап көрсек. Қазақтың Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын, Қамбар секілді эпикалық аңыз-эпостарындағы кейіпкерлердегі таусоғарлар, жалғыз көзді диюлар жер көтерер жойқын күштері бойында бұлқынған алыптар суреттеліп, көркем сөзбен айтылатыны есімізде. Мен бала кезімде үйдегі үнсандықтай үстіне батырлардың жырларының күйтабағын бірінен соң бірін қойып, тамсана тыңдаушы едім. Сонда ерліктің, балуандықты, батырлықты паш ететін эпостардан қызыға тыңдай отырып,  арман қиялына қанат қағушы едім. Расыменде, қазақтың сайын даласында атан жілікті батыр, балуандардың жылқыны жүгімен, түйені түгімен көтеріп кеткендері туралы қаншама ақиқаты дәлелденген ел ішіндегі әңгімелерді естіп оқыдық. Мысалы, Қажымұқан атамыздың буыны қатып, бұғанасы бекімеген 10 жасар бала кезінде бір қап бидайды арқалап алып жүре беретін болған екен. Сонымен қоса қақаған қыста омбы қарға жүре алмай болдырған атын шөп артылып тұрған арбаның үстіне көтеріп салып,  арбаны атымен қоса үйіне сүйреп алып келгенін және де  арқасына бірталай адамды мінгізіп көтеріп тастағанын айтқан кезде жоғарыда айтқан эпостағы батырлар еріксіз еске түседі емес пе. Ал, Нұрмағанбет ел ішінде есімі Балуан Шолақ атанып кеткен балуан әрі батыр бабамыздың «Көтердім елу бір пұт гірдің тасын», дегеніне қалай таң қалмассың. Аты әйгілі бауан өз өлеңінде Қояндының базарында қанша пұтты көтергенін әнге қосып айтады. Қазақ даласында аттары аңызға айналған осындай алып батыр бабаларымздың ерліктерін оқып біле келе қазақтар арасынан зілтемір көтеруден әлемге аты шығатын жастардың шықпауы мүмкін емес – деген тұжырымға келерің сөзсіз. Иә, сонда 1 пұт – 16 кг деп алсақ, Балуан Шолақ 816 кг салмақты басынан асырғаны белгілі болып тұр.

    Қазіргі кезде біздің атышулы зілтемір шебері Илья Ильин 20 пұтты көтеретін болса, Балуан Шолақ бабамыздың қаншалықты күшті болғанын есептей берсек болады. Ал, осы зілтемір спортын елімізді қазақ  жастары арасынан дамытуға зор үлес қосқан азаматтарды бүгін еске алып, қалам тартқым келім отыр. Ауыр атлетиканың елдегі тарихы туралы сөз еткенде міндетті түрде Ізбасар Оразбақ ағамызды еске аларымыз анық. Ізбасар ағамыз бүгінде сексеннің сеңгеріне шығып отыр. Ол кісі қазақ жастары арасынан тұңғыш рет КСРО спорт шебері, Орта Азияның және Қазақстанның теміржолшылар арасында КСРО чемпионы атанған ауыр атлет арысымыз. Сонымен қатар, Ізбасар Оразбақ Алматы шаһарында бұқаралық спорт пен  саламатты өмір салтын қалыптастыруда орасан үлесін қосқан жан.

    Ал, еліміз егемендік алған жылдардан бастап, осы бір қазаққа таңсық зілтемір спортын дамытуда  Алаш жігіттері  арасынан Бекен Бекмұхамедтің асығы алшысына түсіп тұрған кез  еді. Хан тәңірінің етегін жайлаған, жайлауы шүйгін, жері құт Нарынқол ауданының Киров колхозында өсіп өнген ауылдан шыққан арқалы азамат, ауыр атлетика спортын елімізде дамытуға үлкен үлесін қосқан адамның бірі болып қалды. Ол ауыр атлетика спортындағы жемісті жолын аяқтағаннан кейін, жаттықтырушы болып көптеген қазақ жастарын осы спорт түріне баулып, биік межелерге жеткізе білді. Мысалы, Данияр Өтешов екеуі үзеңгі қағысып, бірге жүрген жылдары зілтемір спортынан қазақтың талантты бір шоғыр жастарын тәрбиелеп шығарды. Марқұм Данияр Өтешовтың де қазақ жастарының айтулы спорт түрінен үлкен жетістіктерге жеткізгенін ұмытпаймыз. Мен талай рет жертөледе ақ-тер, көк-тер болып қазақтың жастарына зілбатпан шойын темірлерді көтертіп жаттықтырып жатқанын көзіммен көріп риза болған едім. Сонда Бекен мен Даниярдың армандары да қазақ жігіттері арасынан Азия, әлем чемпионаттарында топжаратын  дарынды жастарды  шығару болатын. Бекен мен Даниярдың төккен терлері текке кетпеді. Бел шәкірттері Дәурен Әділғазин, Акрамжан Халматов, Дмитрий Номофилов, Тойшан Бектеміров, Ержас Болтаев  сынды дарынды жастар ұстаздарының  үмітін ақтай білді. Мысалы, Дәурен Әділғазин Гватемалада жастар арсында өткен өткен әлем чемпионатында қола жүлдені иеленсе, жастар арасында екі мәрте Азия чемпионы атанып, қазақтың атын әлемге танытты. Ал, Бекеннің көп жылдары бойы аңсаған арманын туысы әрі шәкірті Жасұлан Қыдырбаев қайталады. Дарынды туысын жетелеп алып барып, Қ.Ахметов атындағы Республикалық арнайы мамандандырылған мектеп-интернаттың олимпиадалық резервінің колледжіне оқуға апарып түсіреді. Білікті маман баланың көзінен жақсылықтың ұшқынын байқағаны сөзсіз. Ақжағалы ақжарқын ағасының үмітін ақтады. Жасұлан Алматыда өткен әлем чемпионатында 94 кг салмақта 229 кг салмақты көтеріп, қазақ  жастары арасынан тұңғыш болып әлем шыңын бағындырды. Алаштың намысшыл асыл ері, қазақ халқының көп жылдан бергі арман еткен мақсатына қол жеткізді.

    Қазақ жастары арасынан неге әлем чемпионының болмағанын Жасұлан көптен бері ой елегінен өткізіп жүрсе керек. Алматыда өткен әлем чемпионатында  атойлап жеңіске жетіп, алтын жүлдегер атанған  алтын ұлдын қалай ғана айналмассың. Ал, сондай тұлпар шығар құлынның тұрысынан танып, жағдайын жасаған Бекендей қазағым деп жүрегі соққан, білікті маманға айтылар алғыс шексіз деп білемін.

    Бүгінде бұл спорт түрінде бастары қарайып, қазақ жастарының қатары тола түсті. Жаның қуанады. Айталық, Қазақстан ауыр атлеткасына зор үлесін қалдырған марқұм Данияр Өтешовтың ұлы Алмас Өтешов, Рүстем Сыбай секілді білікті де жүректі де білекті  жастарымыздан болашақта зор үміт күтуге болады. Қашанда осындай қазақ жастарының арасынан қабілеті зор жасөспірімдерге өзінің мол тәжірбиесімен бөлісуге әрқашанда Бекен дайын. Шәкірттері бір жерде қиналып жатса жанынан табылатын жанашырлары да осы Бекен ағайлары. Иә, сын алаңына шығар кезде бапкерлердің өз шәкірттеріне берер кеңесінің бағасы айырықша. Айталық, қарсыласының көтергеніне қарай, ұтымды қарсы қадам жасау керек. Кей кезде қулықтың да жеңіске алып баратындығы болады. Сондықтан сын сағатта  бапкерінің шәкіртіне тура кеңес беріп жолға салуы өте маңызды. Ал, осындай сәттерде  Бекен бапкерлерінің қасында болып, ақыл-кеңес беруі бел шәкірттері үшін орны зор. «Отты үрлеген жағады», демекші, жастайынан  спорт десе ішкен асын жерге қоятын Бекен Бекмұхамедтің өзі өмір бойы армандаған арманын нағышы туысы, бел шәкірті Жасұлан қол жеткізді. Ендеше, Бекеннің жылдар бойы  ауыр атлетикадан қазақ жігіттері арасынан әлем чепионын шығарсам деген төккен тері мен табанды еңбегі текке кетпегенін көріп отырмыз. Талап –пендеден, көмек – Алладан емес пе. Талап мен талант тізе қосса Алланың берер жақсылығында шек жоқ. Бекеннен ауыр атлетиканың болашағы туралы өз ойын бірде сұрағаным бар. Сонда білікті маман былай деп жауап берген еді:

    • Менің ойымша, бізге лигионер келімсек спортшылардың еш қажеті жоқ. Біз өзіміздің Отандық спорт таланттарына көңіл бөліп, өзіміздің қазақ жастарын көптеп осы спорт түріне тартуымыз керек. Мемлекет тарапынан мол қаржыны мектептерге бөліп, жасөпірімдердің қызығушылығын арттырсақ қана ауыр атлтиканың болашағы берекелі болады. Біз кезінде қазақстандық спортшылармен де жаман көрсеткіштерге жеткен жоқпыз. Ал, легионерлер өте шығатын өткінші жауындай келеді де кетеді. Ал, қазір қараңыз жастарымыздың бұл спортта қарасы аз. Қазақ жастарын тартуымыз керек, ауыл-аймақтардағы дарынды өскелең ұрпаққа жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана біздің ауыр атлетика спортының көші түзеледі, – деп, Бекен Бекмұхамед ағынан жарылған еді.

    Расыменде, біз осы бір кезең жетістікке қалайда жету үшін шетелдік келімсектерді шақыртып әуре болып жатамыз. Қай спорт түрі болмасын алып қараңыз оларға кеткен қыруар қаржығы қаншама қазақ баласының жағдайын туғызып, қаншама бойында намысы тулаған талантты қазақ жастарының болашағына берік бағдар бере алатын едік. Осы бір олқылық ауыр атлетика спортында ушығып тұрған секілді. «Дария басы – бұлақ», десек, сол бұлақтың  өз бойынан тазаланып ағып үлкен көлге құюына барынша көмек  жасауды кеш қалдырмасақ болғаны.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *