• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақтың әйгілі желаяғы

    Әлемде жылқы малына жаны құмартып, оған соншалықты бауыр басқан қазақтан артық ел жоқ шығар. Көшпенді қазақ халқының өмірінде жылқы малы үлкен орын алған. «Ат – ер қанаты», деген қанатты сөз бар. Тұлпар мініп найзаның ұшымен, білектің күшімен қаншама батырларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғады. Ал, бейбіт өмірде жүйрік мініп, бәйгеде бағын сынады. Тұлпарлардың тұлпары аламан думан бәйгелерде танылған. Жылқы  жүйрік қана емес, ақылды түліктің біріне жатқан. Сол желмен жарысқан жүйріктерді баптай отырып, қанатты тұлпарларына елігіп қазақта топжаруға  талпынған, жылқы мінезді халық болып қалыптасқан. Сондықтанда жүйріктік қазақтың қанында болуы әбден мүмкін. Олай болса, аттан түскенде де жүгірмейтін, озуды ойламайтын қазақ жоқ шығар деген ойға келесің.

    Иә,  қазақтың арасынан тұңғыш болып, әлем  сайыстарына  табысты өнер көрсеткен қазақтың қос желаяғы  Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосановтар сол жаяу желмен жарыса жүгіріп, аттары ғаламға танылған жүйріктер екенін білеміз. Иә, КСРО құрамасының сапында тұңғыш рет Олимпида ойындарына қатысқан Ғұсман Қосанов еліміздің спорт тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған желаяқ спортшы. Ол 1960  жылы Рим Олимпидасынада күміс жүлдеге ие болса, сол жарыста аты әйгілі тұлпар Абсент алтын жүлдегер атанған болатын. Сонымен қатар, жеңіл атлетика спортында тағы бір қазақтың желаяғы сол жылдары КСРО аймағынан тең таппай,  Еуропа биігін бағындырды. Ол қазақтың қайсар мінезді, желден жүйрік желаяғы Әмин Тұяқов еді.

    Алаш арасынан қара үзіп шыққан қос жүйрік аталарымыз туралы қаншама айтылып, жазылды. Дегенменде, Әмин Тұяқов атамыздың өмір жолына аз-кем кідіріп, қазақ жастары арасынан жеңіл атлетикадан  қаракөз жастарымыздың аталары салған сара жолдан неге көрінбейтініні туралы сұраққа жауап іздей кетсем деймін. Әмин атамыз 1937 жылы 12 ақпанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау аданы, Шайыр ауылында дүниеге келген. Ержете келе Атыраудағы (бұрынғы Гурьев) екі жылдық мұғалімдер инстиутының физика-математика факультетіне түсіп, 1960 жылы үздік аяқтап бітіреді. Сол институттың қабырғасында жүргенде-ақ, жеңіл атлетикаға құмарлығы артып, үлкен жарыстарға қатысып, жүлде ала бастайды.

    Талантты жас қашанда көп ішінен оқ бойы оқшауланып тұратыны белгілі. Бойына Алла берген дарындылығының арқасында мамандардың көзіне түсіп, 1957 жылы Қазақстан құрама командасына мүше болып, өнер көрсетеді. Қазақстанның 1959 жылы ІХ Спортакиадасында бақ сынаған Әмин Елемесұлы 100, 200, 300 метрлік қашықтыққа жүгіруде еліміздің үш дүркін чемпионы атанады. Осы бір жетістігінен кейін КСРО шеберіне  берілер нормативті түгелдей орындап, яғни, 100 метрді 10,4 секундтта жүгіріп өтіп, Кеңес Одағының құрама командасының жейдесін кию мәртебесіне ие болады. Әмин Елемесұлы сонау 1960-1968 жылдары КСРО құрамасының сапында қазақтың атын әлемге танытқан адам. Сол кездері 200 метр қашықтыққа жүгіруден Әмин атамызға тең келер жан болмаған екен. Бір ғана мысал, 1965 жылы Киевте өткен КСРО біріншілігінде жасаған рекордын араға үш жыл салып барып қана 0,1 секундқа ғана жаңартылған. Өзінің спорт жолында 100, 200 метр және эстафетаға жүгіруден алдына жан салмай 8 рет КСРО чемпионы атанып, 10 мәрте күміс  және бір рет қола жүлдені жеңіп алған хас жүйріктің өзі болған. Қолтығы сөгіліп, табаны жүгірсе қыза түсетін тұлпардай топжарып отырған Әмин атамыз нағыз мыңнан жүйрік жүзден тұлпардың нақ  өзі десе болғандай еді.

    Қазақ отызда орда бұзар деп жатады. Әмин Елемесұлы 30 жасында да  бәйгенің басын бермеген. КСРО халықтарының 15 Спартакиадасында 200 метрлік қашықтықта алтын, 100 метр сында күміс медаль иеленеді. Сонымен қатар, командалық есепті Еуропа кубогының иегері және Еуропа біріншілігінің күмісін эстафеталық жарыстағы күміс жүлдегері, КСРО спорт шебері, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Әмин атамыз сондай-ақ, 1962 жылы КСРО чемпионатында тұңғыш рет чемпион атанған желаяқ. Үлкен спортпен қоштасқаннан  кейін бапкерлік жолына түскенде көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Әрине, олардың арасында Олимпида чемпионы Ольга Шишигинаны  айырықша айтса артық болмас.

    Әмин Елемесұлының қазақ үшін тағы бір сүймелі қыры ол ұлтжандылығы деп ойлаймын. Ол кісі бапкерлік қызметте жүргенде де қаншама қазақ баласын құм арасын кешіп іздеп үлкен спортқа әкелуге тырысты. Мысалы, Әмин атамыз 1994 жылдары Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып қызмет атқарып жүргенде Жапониядан спорт киімдерін елге алып келіп, қазақ жастарына таратып берген екен. Осы бір еңбегі атамызға деген халықтың сүйіспеншілігін арттыра  түседі. Ал, бүгінгі таңда Әмин атамыз сексеннің сеңгіріне жетіп, немере, шөбере жетеліп елдегі құрметті ақсақалдың бірі болып отыр. Ал, атамыздың ізін жағастырар қазақ жастары қайда бүгін деген сұраққа келсек, жауабын таба алмай қиналатынымыз рас. Негізі, Әмин атамыз Ұлттық құраманың тізгінін тартқан жылдары қазақ жастары арасынан осы бір бекзат спорт  түрі жеңіл атлетикаға қаракөз жастарымыздың келуі жақсара түскен еді. Ардақты атамыз зейнетке шыққан соң, қазақтарды осы спортқа тарту бағытында Қайырбай Мусиннің еңбегі зор болды. Қайырбаймен жарыстарда жиі кездесіп, сол баяғы жанымды жегедей жейтін сұрақтарды қоятынмын. Қайырбай шын мәнінде ұлтжанды қазақтың асыл азаматы еді.  Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып жүргенде қазақ жастарын айтулы спортқа  тартуға барынша үлесін қосты, көшін түзеп, біраз тер төкті. «Ажал айтып келмес», дегендей Қайрекеңнің өмірі қысқы болып, келместің көшіне ілесіп кете барды.

    Бүгінгі таңда айтулы спорт түрі тізімде бар, бірақ табысы жоқ жарыстың бірі. Қазақстандағы жеңіл атлетика спортының болашағы туралы Әмин ағадан ой бөлісуін сұрағанымда, ағамыз бір терең күрсініп алып былай деп жауап берген болатын: «Жеңіл атлетика спортының қазіргі жағдай мәз болмай тұр ғой. Мен өзім мысалы,  сонау Маңғыстауда құм кешіп өсіп, жүгіріп толассыз жасаған еңбегімнің нәтижесін көре білдім ғой. Ең бастысы, ауыл-аймақтарда мектеп-интернаттар ашу керек. Сонымен қатар, бапкерлік жұмысқа көп мән беру керек. Жеңіл атлетиканы жақсы көретін мамандарды жұмысқа алып жағдай туғызса, олар өз ісіне адал болар еді. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» емес пе, қаржы бөліп, талантты қазақ жастарын өңірлерді аралып жүріп іріктеп алатын бір жүйе қалыптастырса жақсы болар еді. Елдегі тума таланттар сонда тасада қалмас еді. Содан кейін Спорт академияларында дәріс беретін бапкерлерге де қатаң  талап қойылса деймін. Сонда олар белсене жұмыс жасар еді. Оларға дарынды балаларды іздеп тауып алып тәрбиелеуден гөрі, дайын балаларды ала салған ыңғайлы. Міне содан барып нәтиже күтуге болады», – деп жеңіл атлетикаға бар ғұмырын арнаған атақты атамыз осылай ойын жеткізген еді. Расыменде «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер» қайдан табылсын. Қазақ жеңіл атлетикасының болашағы қазақ жастарының өзіне байланысты сияқты болып көрінеді маған. Ал, осы спорт түрінде сара жолын салып кеткен аға буынның арасынан Әмин Тұяқов атымызбен  мақтанамыз. Осы күнге дейін қазақ жастары арасынан «Неге жеңіл атлетикадан Олимпиада, әлем  чемпиондары шықпай келеді?»,  деген сұрақ жиі айтылады. Бұл сұрақ өзектілігімен әрбір қазақты мазалайды. Ол заңды.  Бұл спортқа үкімет тарапынан кешенді жұмыс жасалауы керек. Спорттық базалар салынып, қажетті спорт жабдықтарымен толықса деген ойда бар. Иә, жеңіл атлетикадан өзге ұлттар арасынан үздік шығып жүргендер жоқ емес, бар. Дегенменде қазағымның Олимпида, әлем жарысында құрмет тұғырынан көрініп, еліміздің  әнұраны шырқалып тұрса одан асқан бақыт бар ма?!

    Әмин атамыз салған  сара жолда  100, 200, 300 метрлік қашықтықтарда әлем жарыстарында қазақ жастарының топжарғанын өз басым Алладан тілер едім. Жақсылықты армандасақ орындалары сөзсіз. Ендеше, арманымыздан айнымасақ болғаны.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *