Жастарымыз АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен Қысқы Универсиадада 11 медальді жеңіп алды. Қазақстан делегациясын Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Сағдат Кәбірұлы Садықов бастап барған еді. Біз бас директормен сұхбаттастық.
— Сағдат мырза, АҚШ-тан жеткен ақжолтай жаңалықтарға қуанып отырмыз. Студенттеріміз жарап-ақ тұр!
— Соңғы жарыс күнінде біздің хоккейшілер Жапония командасын 8:1 есебімен ұтып, елімізге қола медаль сыйлады. Бұлан бұрын Канада командасын ұтады деген ойда болған едік. 4:1 есебмен жеңілсек те, тартысты өткен ойыннан біздің команданың сағы сынбады. Олай дейтін себебім, «АҚШ командасымен негізгі ойын уақытында тең дәрежеде ойнап, қосымша уақытта есе жіберген Жапониямен кездесу қалай болар екен» деген уайымым болды. Бірақ бұл күдігім хоккейшілерімізбен тілдескен соң сейілді. «Кіммен және қалай ойнағанына қарамаңыз, біз жеңеміз!» деген сөздері өте сенімді шықты. Көздерінде от, сөздерінде жалын бар біздің жастарға сенім арттым. Сенімді ақтады. Сөздерінде тұрды. Алпауыт 12 мемлекеттің жас хоккейшілерінің бәсекесінде Қазақстанның командасы жүлдегер атанды. Ел қоржынына ең соңғы жүлдені шаңғымен жүгіруден сынға түскен Ксения Шалыгина салды. Бүгін Универсиаданың жабылуы салтанаты болды.
— Бәрекелді! Универсиадаға қатысушылар қалай таңдалды?
— Бір мысал келтіре кетейін, АҚШ-та әр оқу орнының өз хоккей клубтары бар. Ал біз ондай деңгейге әлі жете қойған жоқпыз. Сондықтан біз университеттер арасында іріктеу өткіздік. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінен өнер көрсететін ұлттық құрама сапындағы студент жастарға сенім арттық. Федерация ұсынған әрі мықты, әрі студент спортшыларды Нью-Йоркқа алып келдік.
— Бұл жолғы Универсиадада қысқы спорт түрлерінен осал деген сынға қалып жататын қарагөздеріміздің көптеп қатысқанын байқадық. Олар жеңімпаз болып, жүлдегер атанып жатты…
— Иә, бұл нәтижелер – көңілге ерекше жылу сыйлады. Айта кету керек, Қысқы Унивесиадада тұңғыш рет қазақ баласы биатлоннан чемпион болды. Ешкімді бөліп-жарып отырғаным жоқ. Бірақ тарихи факт екені рас. Тағы бір айта кететін жайт: бұрындары Универсиадаға қатысқан спортшыларымыздың көбі көш соңында қалып қойып жататын кездер жиі болатын. Ал бұл жолы бәрі де лайықты өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы жастар өзге бәсекелестеріне табанды қарсылық көрсете алды. Осылайша, қысқы спорт түрлерінен болашақта Олимпиада алтынын көптеп күтуге болады деген ойға қалып отырмын. Әрине, әлде де еңбектенуіміз керек. Жалпы, қысқы Олимпиадаға ұялмай жібере алатын спортшыларымыз бар.
— Осы жолы өткізілген Универсиаданың ерекшелігі бар ма?
- Бұрында бұл додаға 28 жасқа дейінгі спортшылар қатысатын. Ал осы жолы 25 жастағы жастар бақ сынады. Соған қарамастан қол жеткізген жетістіктерімізді естіп-көріп отырсыздар. Сол себепті Олимпиада ойындарында үміт күттіретін спортшыларымыз бар деп айтуға болады. Енді біз Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы ретінде елімізде қысқы спорт түрерінің қайсысын дамыта аламыз және лигаларды қалай қалыптастырамыз деген мәселелерді ойласып отырмыз. Біз осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуымыз керек. Мәселен, өзіңіз де күні кеше Қазақстан мен Канада арасындағы хоккей ойынын тамашалаған шығарсыз. Канадалық хоккейші студенттер қалай өнер көрсетті! Яғни, Канада мемлекеті үшін келесі Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар дайын деген сөз. Біз де осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.
— Алдағы жоспарларыңыз жайлы біле отырсақ…
— Бұйырса, Қытайда өтетін Жазғы Универсиадаға ел ішінде іріктеу өтікіземіз. Дайындық басталады. Студенттер одағыммен бірлесіп регламент жасаймыз. Сосын іріктеуде топжарған жастарды Қытайға алып барамыз. Сонымен қатар жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің тапсырмасымен студенттерді Универсиадаға жай ғана алып бармаймыз, біз алдымен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз және олармен бірге ғылыми жұмыстар жүргіземіз.
— Жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығы жайлы айта аласыз ба?
-Универсиада – Олмипиададан кейінгі ең ірі дода. Сондықтан болашақта Олимпиада жүлделеріне зор үмітпен қарауға болады. Бірақ, бұл жерде ғылыми жұмыстар жүргізілуі қажет.
Кеше біз Жапонядан келген әріптестерімізбен сөйлестік. Олар қысқы спорт түрлеріне қатты мән беріп отыр. Бір ғана мысал, кезінде шағымен сырғанаудан Қазақстан қай тұғырда тұрды, Жапония қай сатыда еді? Ал қазір жапондар бізді басып озды. Тіпті, хоккей төңірегінде де ойланатын сұрақтар көп. Міне, осындай мәселелерді шешу үшін жұмыстарды мектептен бастауымыз керек. Бұл ретте Оқу ағарту министрлігі де үлкен шаруалар атқарғалы отыр. Сондықтан осыларды бір жүйеге келтіруіміз керек. Мысалы, мектеп – студент – ұлттық команда деген үш саты жасауымыз қажет. Қазіргі уақытта соған қарай бетбұрып отырмыз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
АСТАНА
P.S. Бүгін түнде спортшылардың алды елге орала бастайды. Айта кетейік, ел қоржынында үш алтын, төрт күміс және төрт қола бар.
Биатлон — Вадим Куралес (1 орын)
Шаңғымен секіру — Данил Васильев (1 орын)
Биатлон – ерлер командалық спринт 10 км:
Бекентай Тұрлыбеков — 1 орын
Александр Мухин – 3 орын
Әйелдер арасында 3 × 5 км эстафеталық шаңғы жарысы – (3 орын)
- Айша Рақышева,
- Ксения Шалыгина,
- Надежда Степашкина.
Шаңғы жарысы Масс старт 15 км – Ксения Шалыгина (3 орын)
Ерлер арасындағы трамплин. Екінші орын
- Данил Васильев,
- Сергей Ткаченко.
Шорт-тректен командалық микс (2000 м). Екінші орын
- Алина Әжғалиева
- Яна Хан
- Малика Ермек
- Әділ Ғалиахметов
- Еркебұлан Шамуханов
- Әлішер Әбілқатымов
Ерлер арасында биатлоннан Масс старт (15 км) — Александр Мухин (2 орын)
Ерлер (5000 м). Екінші орын
- Әділ Ғалиахметов
- Еркебұлан Шамуханов
- Валерий Клименко
- Санжар Жәнісов
- Антон Хван
Шайбалы хоккей. Үшінші орын
- Иван Гавриленко
- Мәди Диханбек
- Артем Королев
- Кирилл Полохов
- Никитин Кирилл
- Абылайхан Сүлейменов
- Данил Бутенко
- Станислав Александров
- Олег Бойко
- Александр Борисевич
- Андрей Буялский
- Диас Гусейнов
- Данияр Саян
- Максим Мұхаметов
- Максим Мусоров
- Батырлан Мұратов
- Абай Маңғысбаев
- Әлихан Өмірбеков
- Всеволод Логвин
- Денис Қаратаев
- Роман Калмыков
- Андрей Шутов