• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қажымұқан батыр баба жолын жалғаған жарыстың жалауы желбіреді

    Жуырда ғана шырайлы Шымкент қаласында «ALASH —  PRIDE FC» промоушені орталығы қолдауымен «Alash pride – Shymkent» жауынгерлік клубының президенті Әлімжан Бекалыұлы Бектаев бастаған ұжымының ұйымдастыруымен мерейлі «ALASH PRIDE FC – 80» атты халықаралық аралас жекпе — жек кеші өтті.

    Бұл додада ел намысын қорғап шыққан батырларымыз ел үмітін ақтап, жеңіс тұғырынан көріне білді.

    Жалпы «Алаш прайд» промоутерлік компаниясының негізін қалаушы президенті, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері Данияр Алдабергенұлы Қасқарауовтың ережесіз жекпе — жекке сіңірген еңбегі ерекше. Данияр Алдабергенұлы тек ережесіз жекпе — жекке ғана емес, сонымен қатар қазақ спортының төрткүл дүниеге танылуына себепші болды. Қарапайым ғана ауылдан шыққан қазақ баласы тек қана қазақ даласын емес, күллі әлемді мойындатып, ел намысын қорғаған талай батырларды дайындап шықты. Олардың сапында ел мақтаныштарымыз Арман Оспанов, Қуат Хамитов, Арман Әшімов, Артем Резников, Евгений Егембердиев, Қайрат Ахметов, Ержан Естанов, Дамир Исмағұлов сынды батырларымыз шаршы топқа шығып, шашасына шаң жұқтырмай жүрген кіл жүйріктерге айналды. Сол дәстүрді жалғастырып, жаңа есімдерді анықтап, оларды алты Алашқа әйгілеу үшін жыл сайын «Alash pride fc» промоутерлік орталығы еліміздің әр өңірінде түрлі халықаралық сайыстар өткізіп тұрады. Соның бірі Шымкент шаһары «Қажымұқан Мұңайтпасұлы» атындағы спорт кешенінде өткен бәсекеге толы дода болды. Бұл сында да жігіттер өздерінің ерліктерін танытып, жақсы қырынан көріне білді.

    Біз де осы тамаша кештің қонағы болып, батырларымызға қолдау білдіріп, жанкүйерлік танытып қайттық. Қажымұқан атамыздың атымен аталған спорт кешенінде батырларымыз баба жолын жалғап, атамыздың атын тағы да бір жаңғыртқандай күй кештік. Рухымызды оятып, патриоттық сезімімізді көтере білген жігіттерімізге алғыс айтып, тек жеңісті күндері жолығайық дегім келеді. Қазақ спорты жасасын, қазақ елінің жігіттері — жігіттердің төресі болып төрімізден орын алып төбемізді көкке көтеретін көңіл күй сыйлап жүре берсін!

    Қазақ елі жасасын бірлігі мен ынтымағы жарасқан!

     

    Жандос АЯНБЕК,

    Елдар ЖАҚЫПБЕК,

    Шымкент қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *