Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атанды.
Рыбакина финалда әлемнің екінші ракеткасы Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.
Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Е.Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды. Есеп – 7:6 (13:11).
Ол екінші сетте де ол 6:4 есебімен жеңді.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Е.Рыбакина А.Соболенкодан Австралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды.
Сондай-ақ Елена Рыбакина алғаш рет әлемдік рейтингіде жетінші орынға көтеріледі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА