Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сағадиев жақында аяқталған Азия чемпионатын қорытындылап, бізге сұхбат берді. Ол алдағы әлем чемпионаты мен Азия ойындарына дайындығы және жарысқа кімдер баратынын да айтты.
– Астанада өткен Азия чемпионаты да аяқталды. Шәкірттеріңіз екі алтын мен үш қола медаль алды. Басқа да салмақтағы қыздардан жүлде күттіңіз бе?
– Әйелдер ұлттық құрамасының Астана қаласында өткен Азия чемпионатында медаль бойынша толық жоспарды орындадық. Әрине, бәрінен жүлде күттік. Ал орын ала алмаған қыздарға келетін болсақ, Диана Каюмова, Алтын Шағаева үштікке іліне ме деп ойладық. Бірақ, бұл қыздардың жеребе бойынша қарсыластары аса мықты болды. Психологиялық тұрғыда өздерінің эмоциасын басқара алмады. Дайындықтары жақсы болды.
– Эллада Махяддинова, Алтын Шағаева, Диана Каюмова, Альбина Қайыргелдинова және Ирина Кузнецова неге медаль ала алмай қалды? Олар туралы не айтасыз?
– Әсіресе, 59 кг салмақта Диана Каюмованың шамасы өте жақсы болған. Қырғыз қызын ұтқанда, үшінші орын алатын еді. 62 кг салмақтағы Ирина Кузнецоваға келетін болсақ, салмағы бойынша бәсеке мықты болды. Бұл жерде үш әлем чемпионы және жүлдегері, қытай, моңғол, жапон, қырғыз қыздарын бәсекеде жеңіп шығу Кузнецоваға ауырлау болды. Альбина Қайыргелдинова 65 келі салмақ, олимпиадалық салмақта барлық өнерін көрсете алмады деп санаймын. Бірақ, шамалары болды.
– Жапонияның әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Канехама Рио Астана қаласына Азия чемпионатына шәкірттерімен келгенде біз одан сұхбат алдық. Ол 17-22 қазан аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізуге Қазақстаннан он cпортшымен бірге дайындалуға қарсы емес екенін айтты. Енді Токиоға дайындалуға барасыздар ма?
– Жапонияның спортшыларымен дайындалуға қарсы емеспіз. Барамыз. Бірақ, қазіргі спорттық күн тәртібі, спорттық кестемізге байланысты бізде де жоспарлар құрылған. Және қаржыландыру мәселесі бекітіліп қойылған. Енді әлем чемпионаты және жазғы Азия ойындары аяқталғаннан кейін U23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты бар. Біздің ұлттық құрама командасын 70-80% толық осы жас құрағандықтан, бізге Жапонияға барғаннан кейін болашағы зор жас спортшыларды апармасақ болмайды. Тәжірибелі үлкен спортшыларды апарғанша, жастарды апару тиімді деп санаймын. Енді олардың айтып отырған аралықта, 17-22 қазан күндері бізде әлем чемпионатына дайындық кезеңдері болады. U23 жас аралығындағы әлем чемпионаты. Ретіне қараймыз.
– Неге Жапонияның қыздар күресінің тәжірибесі мен әдісіне сүйеніп жұмыс істемейсіздер?
– Эксперимент ретінде, мысалы, Моңғолияның ұлттық құрама командасының қыздары Жапонияға барып, олармен келісім-шарт жасалған. Моңғол қыздары осының алдыңғы Рио Олимпиадасының циклында Моңғолия күрес федерациясы мен Жапония күрес федерациясы арасында бағдарлама болған. Болашағынан зор үміт күттіретін жас қыздарды Жапонияға жіберіп, екі-үш жыл дайындаған. Бір цикл десек болады. Сол эксприменттеріне қарап отырып мен де анализ жасаймын. Менің анализім былай болып шығып жатыр. Әр елдің күресінің методикасын көшіруден бұрын бірінші сол елдікіндей жүйеге келтіру керек. Система. Дайындық, жағдай… Бізге қазір жапон қыздарының күресін көшіру өте қиын. Себебі, бірінші бізде ондай жүйе жоқ. Сондай психология болу керек бірінші спортшыларымызда. Енді әр мықты елдің спортшыларының методикасынан алатын жерлеріміз бар. Ал жапонның күрес методикасын толық пайдалануға қарсымын немесе бас тартамын деп тұрғам жоқ. Алатын жерлері бар: аяққа жұмыс істеу, аяқпен қозғалу, шапшаң қозғалу. Шапшаңдық пен күш қолданып қозғалу қимылдары бізге өте қажет. Олардан жаттығулардың әдісін аламыз. Ол жаққа 2012 жылы оқу-жаттығу жиынына барғанбыз. Семинарға да қатысқанбыз. Алған, көрген-түйгеніміз бар. Әлі күнге дейін практикада жаттығуда қолданамыз. Ал енді мүлде жапон сияқты күресіп кету үшін көп жұмыс керек. Үлкен өзгерістер жасау керек. Біздің жүйе кеңес үкіметі кезіндегі жүйе ғой, мектеп интернат, БЖСМ деген. Ал ол жақта клуб жүйесі. Клуб жүйесін, өздеріңіз білесіздер кәсіби бағытта. Моңғолдың спортшы қыздарын сол сынақ тобы дейікші, олардың тап сол жапондар сияқты күресіп кеткенін өз басым көргем жоқ. Моңғолдардың өз мектебі өздерінің бөлек, тік, қатаң күрестері бар.
– Күзде әлем чемпионаты және жазғы Азия ойындары өтеді. Оған кімдер барады? Жарысқа алдын ала іріктеу өткізесіздер бе?
– Он екі күн болғандықтан, әлем чемпионаты қыркүйекте, жазғы Азия ойындары қазан айының басынде. Ұлттық құрама командасының бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшыларының араларындағы бәсекелік деңгейінде айырмашылық өте көп. Бізде практикалық бірінші нөмірлі спортшыларымыз, жастар арасында күресіп жатқан спортшы бар. U23 жас аралығында күресіп жатқан спортшылар бар. Мысалы, бірінші нөмірлі Эллада Махяддинова биыл ересектер арасында Қазақстан чемпионы болғанмен, U23 жас аралығындағы әлем және Азия чемпионатында күреседі. Өз жасында. Тура солай Алтын Шағаева қызымыз үш жас арасында күресіп жатыр. Жастар арасында, U23 жасқа дейінгілер арасында және ересектер арасында. Біз бұл қыздарды максималды түрде сығып алмай өздерінің әлеуетін, күш-жігерін тиімді жұмсауымыз керек. Ол жастағы аға жаттықтырушылар бар. Оларда алға қойған тапсырма, жоспарлары бар. Осы қыздарға соның бәрін ақылдаса келіп, кеңесіп әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындарында кімдердің күресетінін шешеміз. Кейбір салмақтарда бір спортшы күресуі мүмкін. Ал кейбір салмақтарда екі спортшы күресуі мүмкін. Бірақ деңгейлері әртүрлі болғандықтан есептеп талқылаймыз.
Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі