• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бокстан Қазақстан чемпиондары анықталды

    Биылғы Қазақстан чемпионатының ерек­шелігі, Бокс федерация­сы АІВА-дан «үш жұлдызды» екі төрешіні шақырған еді. Ағылшын және ирландиялық төрешілердің мін­деті – қазылардың жұмысын бақылап, әділ бағасын беруге жәрдемдесу.

    Жарыс барысында шетелдік төрешілер Пинчук пен Құтты­бе­ков арасындағы жекпе-жекті қайта қарап, финалға Антон Пинчукті жіберді.

    Тап осындай жағдай финалда да кездесті. 51 кило салмақта маң­ғыс­таулық Азамат Исақұлов пен оңтүстікқазақстандық Олжас Байниязовтың арасындағы теке­ті­ресте 4:1 есебімен төрешілер жеңіс­ті Азаматқа берген. Қарсы­ла­сын қарымта айқаста күтіп алып, аса көп күш жұмсамай жеңіске жеткен Азамат өзіне күмән­дан­бағанымен, АІВА төреші­лерінің шешімімен жеңіс Олжас­қа берілді. Осындайда сұрақ туады. Бес төрешінің төртеуі Аза­матқа жақ тартып жеңіс беруі біз­дің әділқазылардың біліктілігі тө­мендігін байқата ма?!

    Жалпы алғанда, Қазақстан чемпионаты боксшылардың ешқайсына оңай тиген жоқ. Өз салмағында даусыз дараланған жігіттердің болмағаны Қазақстан боксының өсу деңгейін аңғартады. Проблемалар да жоқ емес. Талантты жастардың шоғыры аз.

    60 кило салмақта Закир Са­фи­уллин (ОҚО) мен Берік Әбді­рах­манов (Маңғыстау) финалда тоқайласты. Екеуі де тәжірибелі, екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екеуі де халықаралық, әлемдік дода­лар­дың дуын көрген. Берік Рио Олимпиадасының тезінен өткен. Алапат айқас салды екеуі. Қара күші басымдау Берік салған бет­тен қарсы шабуылға шықты. Закир­ді тықсырып, дәл ұруға тырысты. Закир де ұрыс мәнері ешкім­ге ұқсай бермейтін ерек боксшы. Бір-бірін бес саусақтай біледі. Әлемдік деңгейдегі екі бокс­шы­ның айқасында Берік мықтырақ болып, жеңіске жетті. Айтайын дегеніміз, екеуі де түйдей құрдас,  1986 жыл­ы туған. Орда бұзар отыздан ас­қан жігіттерге ендігі Олимпия ойын­дарының ауылы алыс. Өткен жылғы ел чемпионы Әділет Құр­метов бастаған жастарға қамшы басатын кез осы.

    69 кило салмақта жамбылдық Аслан Шымбергенов алымдырақ болды. Бұл салмақ өзімізде ғана емес әлемде де «қазақ салмағы» деп аталады. Афинада Бақтияр Артаев, Лондонда Серік Сәпиев, Рио-де-Жанейрода Данияр Елеу­сі­нов тап осы салмақта алтын жүлде алды. Бақтияр Артаев үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын барлық төрешілердің дауысымен елге әкелді.

    Чемпионат барысында Да­нияр Елеусіновті әңгімеге тарт­қанбыз. Бокс қолғабын шегеге ілуге асықпайтын атақты жам­поз чемпионатқа дайын болма­ғандығын айтқан.

    – Он бес жасымнан бері елі­шілік жарыстардан бөлек халық­аралық турнирлерден қалға­ным жоқ, – дейді Данияр. – Адам темір емес қой. Әбден дің­ке­летеді екен. Сондықтан біраз уақыт демалғанды жөн көрдім. Рас, бұл салмақта маған оңай ти­мейді. Абылайхан Жүсіпов, Аслан Шымбергенов және Қана­ғат Маралов сияқты мықты жігіттер бар. Ал Садриддин кә­сіпқой боксты таңдағанын айтты. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген бар ғой. Жаттығуға толық кіріскен соң бұл жігіттермен есеп айырысуға тура келеді. Кім мықты, шаршы алаң көрсетеді.

    Ал талантты боксшы Абы­лайхан Жүсіповтің қолында жарықшақ бар екен. «Бұл соңғы жарыс емес. Жарадар қолын одан әрі ушықтырмау үшін Абылайханға бапкерлер үзіліс берді», дейді Серік Сәпиев.

    Бұл жолы Қанағат Мараловтан өткен жылғы чемпионатта жіберген есесін қайтарған Аслан Шымбергенов чемпион атанды.

    75 кило салмақтағы Ерік Әлжанов (Маңғыстау облысы) оңтүстіктің оғланы Төлеш Абайды еркін еңсереді деп тон пішкендер болған. Өзбекстанда айтулы Бектемір Меликузиев деген боксшы бар. Қос қолмен бірдей ұрады. Ұрыс мәнері де сұрапыл. Күтпеген жерден соққыға көміп тастайды. Ерік екеуі екі рет кездесті. Атақты боксшыға Ерік табандап ұрыс салды. Тықсырып, шаршы алаңда дабыл тапқызбаған. Сәл шеберлігі жетпеді. Меликузиевтің өзі Ерік жайлы «талантты боксшы» деп іш тарта жақсы сөз айтқан. Бұл жолы 3-2 есебімен Төлеш Абай алға шықты. Осы салмақта тағы бір талантты жастың өсіп келе жатқандығы қуантты.

    81 кило салмақта Әділбек Ниязымбетов шаппай бәйге алды десе де болады. Ширек финалда әлем чемпионы Жәнібек Әлім­ханұлын сүріндірген қостанайлық Михаил Коханчик жартылай финалда маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовтың бекінісінен өте алмаған. Екеуі де түйдей жасты. Бекзат мықтылық танытты. Бірақ ол жарақат алуына байланысты финалда Әділбек ағасына жол берді.

    Сонымен биылғы ел чемпио­ндарымен таныс болыңыздар. Теміртас Жүсіпов (49 кг, Ақ­мола облысы), Олжас Байниязов (52 кг, ОҚО), Ілияс Сүлейменов (56 кг, Астана), Берік Әбдірахманов (60 кг, Маңғыстау), Аслан Шым­бер­генов (69 кг, Жамбыл облысы), Төлеш Абай (75 кг, ОҚО), Әділ­бек Ниязымбетов (81 кг, Маң­ғыстау), Антон Пинчук (91 кг, Қостанай) Ең ауыр салмақта Жам­был облысының боксшысы Нұрсұлтан Аманжолов топ жарды.

    Жарыс барысында Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мыр­зағали Айтжанов: «Алда жарыс көп. Негізгі құрама осы чемпионаттағы жігіттерден жасақталады» деді.

    Бақтияр ТАЙЖАН,

    ШЫМКЕНТ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *