• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Барды бағалай білген жөн

    Қазақстандағы спорттық гимнастиканың өзекті мәселесі мен осы спорт түрінен қазақ қыздары арасынан алғаш болып КСРО біріншілігінде табысты өнер көрсеткен, спорттық гимнастика мен акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шынашақтай ғана шымыр қыз Қарлығаш Қалиева туралы бір үзік әңгіме.

    Спорттық гимнастика түрінен Кеңес Одағы кезінде көптеген спортшыларымыз байрақты жарыстарға қатысып,еліміздің намысын абыроймен қорғағанын жақсы білеміз. Мысалы, спорттық гимнастика туралы әңгіме қозғаған кезде бес дүркін Олимпиада чемпионы атақты жерлесіміз Нелли Кимнің атын еріксіз еске алатынымыз рас. Шынашақтай қыздың әлем, Олимпиада ойындарындағы көрсеткен өнерлерін әсіресе, қазақстандық жанкүйерлер ұмытқан емес. Неллидің спорттық гимнастиканың құдіретті жағын әлем халқына тартымды етіп көрсете білгені үшін АҚШ-тағы халықарылық даңқ залында аты алтын әріппен жазылып қойылғанын біреу білсе біреу білмес. Ал, сол аты төрткіл дүниеге танымал жерлес қызымыз Шымкентте туып өсіп, спорттағы даңғыл жолын бастаған болатын.

    Спорттық гимнастиканың сұңғыла саңлағы атанған ардагер спортшы бүгінгі күні АҚШ тұрады. Нелли өзі тұрған жерінде спорттық гимнастикадан түрлі халықаралық жарыстар өткізіп, әлі де болса өзінің сүйікті спортынан қол үзген емес. Ал, Қазақстандағы спорттық гимнастиканың бүгінгі жай-күйін қарап отырып, еріксіз «ах» ұруға тура келеді. Федерацияның қауқарсыз әрекеті әйтеуір күн көрудің қамы сияқты.

    Спорттық гимнастиканың жілігін шағып, майын ішкен әйгілі спортшылардың бәрі туған жерінен қамқорлық пен пана таба алмаған соң, мұхит асып кетуге шешім қабылдаған. Қазақта «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», деген сөз бар.

    Барында қадірін білмей шеттетілген жұлдызды спортшылармыздың,бағасын кеш  болса да енді ғана біліп жатырмыз.

    Бүгінгі күні шет ел асып кеткен жұлдызды спортшыларымыздың есімдерін іздей отырып, АҚШ -та Владимир Уфимцев, Валерий Люкин, Юрий Алексеев, Павел Садовский, Константин Бродецкий секілді танымал спортшылар тұрып жатқанын білсек, Грекияда Алик Якимиди, Англияда Александр Ширяев, Канадада Едіге Жаровтар сол елдердің азаматтығын алып кеткенінен хабар бар. Мысалы, Валерий Люкин АҚШ-да спорттық гимнстикадан өз мектебін ашып, ол мектептен әлем, Олимпиада чемпиондарын даярлап шығарып жатыр. Олардың қатарында әйгілі спортшының туған қызы Анастасия Люкина Бейжің Олимпиадасында алтын жүлдені жеңіп алған болатын.

    Әрине, соңғы жылдары қазақ жері спорттық гимнастикадан елдің атын әлемге шығарып жатқан спортшылардан мүлдем жұтаңбыз деп, үзілді-кесілді айтуға болмайды. Олай десек, сонау 1997 жылы әлем чемпионы атанған Сергей Федорченко, Әлем кубогының иегері атағына ие болған Алексей Дмитренко мен 2003 жылы әлем чемпионатында төртінші орынды иеленіп, 2004 жылғы Олимпиада ойындарында  сегізінші орынға қол жеткізген, Дүниежүзілік Универсиаданың екі алтын, бір күміс жүлдесін жеңіп алған  Азия чемпионы қаракөз бауырымыз Ернар Ерімбетовтердің жемісті жолдарын жоққа шығарғанымыз болады.

    Иә, дегенмен де осы спорт түрінде өрлеуден гөрі құлдилау бар екені көзді ұрып барады. Мысалы, сонау жылдары Жапонияда өткен әлем чемпионатына еліміздің спорттық гимнастикадан ұлттық федерация алты спортшыны аттандырамыз деп жоспарлаған екен. Өкінішке қарай, қаржы жағдайына қатысты төрт спортшы барып ел намысын қорғап қайтқан еді.

    Күн шығыс елінде өткен сол байрақты жарыста Қазақстанның намысын қорғап барғандардың арасында Степан Горбачев 57-орынмен жарысын аяқтаса, үміт артқан Ернар Ерімбетов пен Елдар Валиевтер 81 мен 94 орындарды қанағат етіп қалды. Осылайша үкіліп қосқан өрендеріміз ешқандай нәтижелі өнер көрсете алмай, еңсесі төмен елге оралды. Ернар бауырымызды мамандар шау тартып қалды деп, кешіріммен қарады.

    Ал, сонда осы спорттағы жалын атқан жастарымыз қайда? Болашақ түлектер неге бой көрсетпей отыр. Міне,  мәселенің мәні осында жатыр деуге болады. Болашақ таланттар танылсын десек, жоғарыда айтқандай шет ел асып кеткен мамандардың бірқатарын елге қайтарудың жолын қарастыра отырып, спорттық гимнастикаға қаржы көзін аямай бөлу керек. Дарынды балаларға арналған спорт мектептеріндегі балалардың жаттығуларына назарды ерекше салған орынды. Спорт мектептерін көптеп ашып, жаттықтырушылардың жағдайын қарастырғанды естен шығармаған абзал.

    Нелли Ким туған жері Шымкентке келгенде «Сіз Қазақстандағы спорттық гимнастиканың деңгейіне қандай баға бересіз?» -деп журналистер сұраған екен. Сонда ол спорттық гимнастиканың еліміздегі жай -күйіне көңілі толмайтынын білдірген болатын.

    Меніңше, Қазақстанға спорттық гимнастика керегі жоқ сияқты. Өйткені, спорттық инвентарлардың жұтаңдығына назар сала отырып, қаржы көзінің мүлдем аз бөлінетіндігін байқайсың. Жаттықтырушылардың айлық ақысы, шайлығына жетпейді. Бапкерлер отбасының проблемасын ысырып қойып, алаңсыз балалаларды жаттықтырып жатуы үшін жағдай туғызу керек. Сол құрғыр жағдайдың жоқтығынан емес пе көптеген білікті мамандардың шет ел асып кетіп жатқаны. Әйтпесе, туған жерін тастап кім кетеді дейсің. Егер маған жағдай туғызып беріп, туған жерге келіп спорттық гимнастиканың деңгейін көтеруге ат салысыңыз десе сөзсіз келер едім, —  деп-ойын білдірген екен аты әлемге танымал спортшы.

    Ресей федерациясы Нелли Кимге батыр атағын құрметпен табыс еткенін білеміз. Аты әйгілі спортшыға кезінде түсіністікпен қарағанда елімізден де осындай құрмет табылмас па еді деп ойға кетесің.

    Қазақстанның туын әлемде желбірететін дарынды жастарымыздың талайын тәрбиелеп шығаруға толықтай мүмкіндігі бар сондай саңлақ атлетімізден бүгінде шет жердің, шет елдің намысын көкке көтеріп жүргені әрине, Қазақстан үшін үлкен өкініш.

    Қазақтың Спорт және туризм академиясының жанынан Нелли Кимнің атында жасөспірім балаларға арналған спорт мектебі ашылды. Бұл да бір игілікті қадамның бірі деп, іштен қуанып қалдық. Сол мектептің ашылу салтанатына арнайы келген Нелли Ким: «Мен енді осы мектептен әлемге танымал спортшылардың шығуына бар көмегімді аямаймын»,  — деп ағынан жарылды. Бұрынғы өкпе-наздың бәрін ысырып тастап, жадырай сөйлеген әйгілі спортшының бұл сөзінен жақсылықтың бір ұшқыны сезілгендей болды.

    Дегеніменде, бұл спорт шаруашылығының көсегесі көгереріне күмән көп.

    Ілгеріде спорттық гимнастикадан ел құрамасы Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде жаттығуларын шыңдап келсе, қазір белгілі жағдайлармен айтулы спорт кешеніне кіре алмайтын болыпты. Яғни, ұлттық құраманың спортшылары амалдың жоқтығынан қаладағы халықаралық стандартқа сай емес спорт мектептерін жағалап, жаттығуларын жалғастырып жүрсе керек.

    Республиканың әр өңірінде бұл спорт түрінен жарыстар өткізіліп, жастар өсіп келеді. Дегенменде ірі жарыстар саны әлі теңізге тамған тамшыдай азшылық екені даусыз. Дүбірлі турнирлер арқылы жастар өсіп танылады. Шеберлігі толысып, тәжірбие жинақтай түседі. Ол заңдылық.

    Бұл спорт түріне жоғарыдан біржақты бетбұрыс болмай, беліглі бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін уақыт өзі дәлелдеп берді.

    «Жасөпірімдеріміздің осы осы түріне бет бұрысы қалай? Елімізде спорттық гимнастика түрінен кешенді түрде салынған арнайы сарайлар жеткілікті ме?» деген сұрақ әлі толықтай шешемін таба алмай келе жатқаны кімге болса да аян.

    Мысалы, жасөспірім қыздардың спорттық гимнастикамен арнайы айналысатын ірі спорт кешендерінің әлі күнге дейін бой көтермей отыр. Соның салдарынан көптеген талантты аруларымыз тар жол тайғақ кешумен келеді.

    Алматы қаласындағы спорт мектептерінде спорттық гимнастика түрімен жаттығатын арулар арнайы спорт сарайының ашылуын күткеніне қанша болды.

    Кейбір спорт мектептерінде жаттығу залын жалға беріп, бағасын көтеріп тастаған. Соның салдарынан жасөпірімдеріміз қалта тапшылығынан біраз қиыншылықтарды басынан кешіруде.

    Әрине, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құлағына алтын сырға, осы мәселені жуық арада қолға алып, көмек қолын созбаса ертең кеш болатыны даусыз.

    Спорттық гимнастикадан қазақ қыздары арасынан алғашқы болып КСРО чемпионатында табысты өнер көрсеткен, спорттық гимнастика мен акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қарлығаш Қалиева елімізде қазіргі таңда спорттық гимнастика түрінің кенжелеп қалып бара жатқанына қапалы. Қарлығаш бүгінгі күні қаладағы бір спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

    Қарлығаш қазір Алматыда бұқаралық спортты дамытуда көптеген ірі шараларға қозғау салып жүр. Дегенменде Кеңес өкіметі кезінде аянбай төккен терінің жемісін спорттық гимнастика түрінен көре білген ардагер спортшы қыз, сүйікті спортына қамқорлық болғанын қалайды.

    Арманым қазақ қыздары арасынан Азия, әлем, Олимпиада ойындарында жүлде салатын спортшыларды тәрбиелеу, оған бар тәжірбием жетеді. Тек бір әттеген-ай дейтінім, спорттық гимнастикаға қызғушылық танытқан жасөспірімдерді даярлайтын арнайы үлкен спорт кешенінінің жоқтығы қабырғама батады. Жоғары жақтағы ағаларымыз осы спорт түріне немқұрайлы қарамай, қол-ұшын берседеймін, — деп ағынан жарылып отыр ардагер спортшы.

    Жасөспірім баланы 4 жасынан бастап қабылдайтын бір спорт түрі болатын болса, ол осы спорттық гимнастика екен. Өзге спорт түрлерінде мұндай талап қойылмайды. Сондықтан да баланың буыны бекіп, сүйегі қатая бастағанда -ақ, ата-ананың жетектеп апаратын спорты ол әрине, спорттық гимнасика.

    Қазақтың қайсар қызы Қарлығашпен біраз әңгімелесе отырып, ойпырай, дамыған елдің қатарына қосыламыз -деп айғайды салып келеміз, ал осындай ер намысты қарагөз қыздарымыздың қажырлы ісіне неге қамқор бола алмайды екенбіз-деп ойда қалдым. Қарлығаштың ойлағаны бас пайдасының қамы емес, әрине ел спортының болашағы.

    Қазіргі таңда қаншама талантты бапкерлеріміз қыр асып, жайлы жер іздеп кетіп қалды. Қарлығаштың спорт мектебінде алар айлық ақысы күнделікті шайлығына әзер жетеді. Білікті мамандарды біз осылай жоғалтып жатамыз. «Ұстазсыз шәкірт тұл», -дейді бабамыз. Ендеше, ұлы спортшылардың бәрі — бапкердің баулауынан танылады десек, Қарлығаштай спорттағы тәжірбиесі толыққан жан осындай әділетсіздікке шыдай алмай ертең өзге елге не болмаса өзге салаға кетіп қалып жатса, ел спортының ертеңі үшін орны толмас өкініш болатыны сөзсіз. Барды бағалай-білсек екен.

    P.S

    Қарлығаштың қазір қайда жүргенін білмедім. Көптен бері хабар ала алмай қалдым. Қарлығаштай өз саласының маманы спортқа әбден қажет-ақ. Қаракөз қыздарымыздың арасынан спорттық гимнастикада өз ізін қалдырған талантты жан, ардагер спортшы үлкен спортқа оралып, қазақ қыздарын тәрбиелеп әлем, Олимпиада ойындарында үздік шығарып жатса, қазағымның мәртебесі өсе түспей ме?!

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *