Қазақстанның үш теннисші Астанада өтіп жатқан Президент кубогы үшін челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Дмитрий Попко Президент кубогындағы алғашқы кездесуін өткізді. Ол түркиялық Корай Кирчиді 6:4, 4:6, 6:1 есебімен жеңді. Енді ол ширек финалға шығу үшін өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен ойнайды.
Президент кубогының былтырғы финалисі Денис Евсеев жаңазеландиялық Аджит Раиды 6:4, 6:1 есебімен ұтты. Оның келесі қарсыласы — Израиль өкілі Орель Кимхи.
Тағы бір қазақстандық, 19 жастағы Ислам Орынбасар әлемнің 616-ракеткасы, үндістандық Прджвал Девтен 6:4, 1:6, 6:3 есебімен айласын асырды.
Теннисшілер кортта екі сағаттан астам уақыт ойнады. Ислам Орынбасар жарыстың екінші ракеткасы, жаңазеландиялық Бенджамин Локпен кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА