• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ғұсман Қосанов

    Тарих қойнауына көз салсақ, Қазақ елі үш ғасыр бедерінде патшалық Ресейдің  отары болыпты. Қазақтың тәйкі тағдыр кешіп, өзінің тілінен, салт-дәстүрінен, ділінен айырыла жаздағаны да тарих парақтарынан белгілі. Тіпті, өзінің ұлт-тық спорттық ойындары да атаусыз қала жаздағаны да анық.

    Қарап отырсақ, сонау ақ патшаның кезінде халықаралық, елішілік жарыстарға ресми түрде қатысқан жалғыз қазақ –  күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы екен. Онда да цирк ойынымен ел аралаған көбіне.  Петербордағы атақты орыс палуаны, әлем чемпионы Иван Поддубный аттай қалап шақырмаса, Қажымұқан атамыздың аты шығуы неғайбыл еді. Одан кейінгі КСРО кезінде де қазақ спортшыларының шетқақпай етілгені жасырын емес. Сонда да саңлақтарымыз үлкен спорттың биік белестеріне көтеріле білді.

    Қазіргі уақытта ертегілерді еске алып: «Ау, аяғына тас байлап киікті қуып жеткен желаяқтарымыз қайда?» деп мұңаятынымыз бар. Кезінде Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Совет Исамбеков, Бекен Күреңкеев сияқты ардагер-спортшыларымыз, аяғымен құм кешіп, ауылда өскен қарадомалақтар емес пе еді?! Илья Эренбург: «Бұл қазақ керемет. Шындаса шыңнан да асып кетеді», – деген еді ғой сол кездері. Өкінетінің анық…

    Бүгін біз құрақтай желкілдеп өскен  ұл-қыздарымызды ойландыратын шығар деп, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ Ғұсман Қосанов аталарың жайлы аздаған сыр шертейік.

    Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Ауылдың шаңдақ жолын бұрқырата жүгірген қараторы бала жастайынан желаяқ атаныпты. Арада жылдар өтеді. Ғұсман аталарың әскер қатарына шақырылып, алыстағы Молдавия жерінде азаматтық борышын өтейді. Оның хас саңлақ, нағыз спортшы ретінде танылған кезі осы кез еді. Бір ойға аларлығы,  Ғұсман байрақты бәсекелердің бірінде  тағы бір даңқты желаяғымызбен кездесіп қалады.

    – Сонау қашықта жүріп, қандасыңды көргеніңде туған жеріңді көргендей боласың. Тұйықтау, көп сөйлемейтін жігіт екен. Қуана қарсы алды. Біраз әңгімелесіп шер тарқаттық. Кейінде 1964 жылы Токиода өткен ХVІІІ олимпиадалық ойында КСРО командасының құрамында бірге болдық. Дүниеден ерте өтті ғой, қайран жігіт, – деп еске алады Әмин Тұяқов аталарың.

    Ғұсман Қосановтың жұлдызы 1960 жылы Римде өткен ХVІІ олимпиадалық ойындарында жарқырады. Алғашында Украина астанасы Киевте өткен Олимпиада алдындағы жарыста жеңімпаз атанып, артынша 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапына енген еді. Бұл кезде спорт саласында да саясат өршіп тұрған. «Ұлы халықтың» өкілдері ғана алда болуы жазылмаған заң еді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген атышулы спортшылардың сапында өнер көрсету – қиынның қиыны. Аузымен құс тістеген АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция командалары оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Өздерің көз алдыңа елестетіңдерші. Финал. Алғашқы орындарға талас. Өңшең ығай мен сығай. Американың желмен жарысқан «қара маржандары» аяқтарына тас байлап жүгіретіндер сапында екені бесенеден белгілі. Сөреде КСРО командасының құрамы: Э.Озолин, Л.Бартенов, Ю.Коновалов және Ғұсман аталарың. Үш орыс, бір қазақ. Пистолет дауысы естілісімен желаяқтар құйын болып ұшты. Сәл аттам  жер ғана қалып қойды. Бірақ олимпиадада күміс жүлдеге ие болудың өзі үлкен жеңіс емес пе? Бұл – қазақ баласына бұйырған тұңғыш Олимпиада медалі еді.

    Ғұсман аталарың мұнан кейінгі жылдары да жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. 1965 жылы Киев қаласында өткен КСРО – АҚШ матчында жеңімпаз атанып, олимпиададағы сәтсіздіктің есесін қайтарды. Ол 100 метрге жүгіруден Молдавия, Украина, Қазақстанның чемпионы болды. Елге оралған соң, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітіріп, сол жылы қазақ спортшылары ішінен бірінші болып жеңіл атлетикадан КСРО спорт шебері атағын алды. Ол кезде мұндай атақты алу қиынның қиыны болатын. 1967 жылдан бастап жаттықтырушылық қызметке ауысты. Еңбегі ескерусіз қалмады. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1968 жылы оған Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілді. 1990 жылы 13 маусымда дүниеден өтті. 1991 жылдан бастап атақты спортшы құрметіне «Қосанов мемориалы» атты халықаралық жарыс өтіп келеді.

    Шаймұрат ТЕЛІБАЙТЕГІ

    («Ұлан», №6,12.02.2013)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *